Қ.Қ. Лама Шариф, ҚР Дін істері агенттігінің Төрағасы

ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҢЫЗДЫ ИГІЛІКТЕРІНІҢ БІРІ

Қазақстан қоғамы өміріндегі діннің рөлі жұртшылық, ғылыми орта және мемлекеттік органдар үлкен қызығушылық танытып отырған нысан болып саналады. Біздің қоғамымыздың дін саласында не болып жатыр, дін әлеумет санасына қалай әсер етеді, бұл бағытта мемлекет қандай саясат жүргізіп отыр? Осы және өзге де сұрақтарға бізге Дін істері агенттігінің Төрағасы Қайрат Лама Шариф жауап береді.

Кез келген ел үшін дін саласындағы мәселелер – өзекті және маңызды мәселелердің бірі. Қазақстандағы бүгінгі діни жағдай қандай деп ойлайсыз?

Қазақстандағы діни жағдай, басқа елдердегі сияқты көбіне елдің ішіндегі және одан тыс саяси, экономикалық және құқықтық жағдайға тікелей байланысты. Сонымен қатар, ол мемлекеттің ішіндегі этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынасқа да тәуелді. Бұл тұрғыдан біздің республикамыз тәуелсіздік алған уақыттан бері қоғамдық-саяси және экономикалық тұрақтылығымен, әр түрлі ұлт пен ұлыс, конфессиялар арасындағы сенім және өзара түсіністікпен ерекшеленетіндігі белгілі. Бұл үшін мемлекет тарапынан конфессияаралық сенім мен қоғамда қалыптасқан толеранттылық ахуалына, сындарлы сұхбатқа қолдау көрсету және діни экстремизмнің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанның көпшілік мойындаған жетістігі болып, халықтың барлық топтары өкілдеріне экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани даму мүмкіндігі бірдей қамтамасыз етілген демократиялық және зайырлы мемлекет түзе алуы болып саналады. Этносаралық және конфессияаралық келісім қағидаттары орталық мемлекеттік органдармен қатар, аймақтарда да жүзеге асырылып отырады. Діни келісім саласындағы Қазақстан тәжірибесі бірегей екендігін атап өткен абзал. Республикада діни бірлестіктердің біршама түрлері жұмыс істеуде: мәселен, дәстүрлі діндерден (ислам және христиан) бастап, бұған дейін елімізде болмаған жаңа, дәстүрлі емес діни қауымдастықтарды кездестіруге болады. Діни ұйымдар емін-еркін қайрымдылық, ағартушылық және гуманитарлық істермен айналыса алады.

Қазіргі уақытта діни бірлестіктерді тіркеу және қайта тіркеу жұмыстары жүзеге асырылып, миссионерлерді есептік тіркеу жалғастырылуда, діни әдебиеттерге дінтану сараптамасы жүргізілуде. Өзіңіз көріп отырғандай, біздің азаматтарымыздың құқықтарымен еркіндіктерін қорғауға бағытталған пәрменді істер атқарылуда және бұл іс-шаралар Қазақстан Республикасының дін саласындағы қазіргі заңының жүзеге асырылуына игі әсер етуде.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның кіріспесінде халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде исламның ханафи мазхабы және православтық христиандықтың тарихи рөлі танылған. Бұл немен байланысты?

Ислам мен православие Қазақстан қоғамы өміріндегі мәдениетті қалыптастырушы негізгі құрауыштардың бірі. Дегенмен, бұл мәртебеге ерекше мән беру, оларға қандай да бір құқықтық артықшылық пен басымдылық бермейтіндігін түсіну қажет. Бұл мәртебелік анықтама елдің этностық құрылымына байланысты берілген. Себебі, бұл екі дінді ұстанушылар жалпы халықтың шамамен 90% құрайтын тұрғылықты халық – қазақтар мен орыстар болып саналады. Мұсылмандық Шығыс мәдениетіне тарихи тартылу Қазақстанның ғылымы мен мәдениетінің дамуына пәрменді ықпал еткендігін жоққа шығу мүмкін емес. Ежелгі сенімдерді ығыстыра отырып, ханафи мазхабындағы ислам қазақ халқының өнегелік дамуы, зиятты және мәдени өркендеуіне мүмкіндік берді. Нақ осы ислам мемлекеттілікті, этностық және мәдени бірегейлікті сақтаудың басты ұйытқысы болды. Қожа Ахмед Яссауи мен Асан Қайғыдан бастап, Абай, Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіпке дейінгі – түркі және қазақ зиялы қауымының бірқатар дәуірлерде өмір сүрген көрнекті өкілдері ислам руханиятын бойына сіңіргендері кездейсоқтық емес. Бұл тұрғыда Орыс Православты шіркеуі де елеулі рөлге ие. Ағартушылық істерімен айналысып, рухани даму жолына бағыттап, сындарлы сұхбат жүргізуге ұмтыла отырып, православ сенімі 140 жыл бойы Қазақстан қоғамындағы толерантты қарым-қатынастың дамуына қолдау көрсетіп, еліміздің діни конфессиялары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға өзінің салмақты үлесін қосып келеді.

Дін істері агенттігі – діни бірлестіктермен өзара әрекеттестік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыру және қалыптастыруға қатысу құзіретіне ие уәкілетті мемлекеттік орган. Өз қызметіңізде осы бағыт бойынша қандай қағидаларға жүгінесіз?

Қазақстанның бүкіл саясаты, дін саласындағы және басқа да бағыттарда болсын теңдік және еркіндік, демократия қағидаларынан тұрады. Конституцияда кімнің болса да ар-ождан бостандығына құқығы бекітілген, ал, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда әркімнің ар-ождан бостандығына деген қақысы бекіген, ал ар-ождан еркіндігі әркімге өз еркімен, өзінің дінге деген қатысын анықтауына құқық береді, яғни дінге сене ме, сенбей ме, өз нанымын насихаттап, соған сай әрекет ете ме, етпей ме, өз ырқында, қалауы біледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «…Біз барша діндердің теңдігі мен Қазақстандағы дінаралық келісімді қамтамасыз етеміз және бұған кепілдік бере аламыз. Біз исламның, өзге де әлемдік және дәстүрлі діндердің ең үздік дәстүрлерін дамытудамыз және оларды сыйлаймыз. Бірақ та заманауи зайырлы мемлекет құрып жатырмыз» – деп атап өткен болатын. Біздің Мемлекетіміздің дін саласындағы мұраттарының бірі зайырлылық сипатты сақтау Агенттіктің жетекшілік етіп отырған жұмыстарындағы негізгі қағидаларының бірі болып табылады. Бірақ бұл жерде зайырлылық дегеніміздің атеизм емес екендігін, оның мемлекет пен діннің өзара әріптестігіне тұсау салмайтындығын түсіну керекпіз. Қазақстанда мемлекет діннен бөлек және де ол діни бірлестіктердің қызметі біздің республикамыздың заңына қайшы келмесе, мемлекет оның жұмысына араласпайды да. Сондай-ақ тағы да айтып өтер болсақ, біз Қазақстанда тіркелген діни ұйымдардың барлығымен өзара байланысып отырамыз. Ол үшін облыс және аудан әкімшіліктері жанында діни бірлестіктермен өзара әрекеттесу бойынша арнайы кеңестер жұмыс жасайды. Біз осы кеңестің мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің арасындағы нәтижелі ынтымақтастықтар мен сындарлы сұхбатын қолға алумен қатар, ары қарайғы жұмыс барысында басқалардың да пікірін ескеруін қолдаймыз. Жалпы алғанда, Қазақстанда ар-ождан және сенім бостандығы саласында мемлекеттік саясатты орындау жүйесі үнемі жүзеге асыры лып отырады. Осының өзі жоғарыда аталып отырған қағидаларға толығымен сәйкестендіріле отырып, дін саласындағы азаматтардың еркіндігі мен құқығына кепілдік етумен қатар, Агенттіктің алдына қойған міндеттерге нәтижелі жетістіктермен жетуін қамтамасыз етеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бірегейлігі неде?

Бұл Съездің шынымен де басқа форумдардан бірнеше маңызды айырмашылығы бар. Әлемде соңғы уақытта қатты өзгерістер орын алды. Олардың ішінде әлемдік қаржы дағдарысы, алпауытты елдердің энергетикалық қайнар көздері үшін тартысуы, әр түрлі саяси және діни топтар арасындағы елдер ішінде дау-жанжалдарды жатқызуға болады. Мемлекеттер мен халықтар арасындағы көптеген теке тірестер де, өкінішке орай, діни сипатта да өтуде. Осындай халықаралық оқиғалардың шиеленісуінде жаһанды деңгейде дінаралық диалогты дамыту өзектілігі айырықша мәнге ие болады. IV Съездің ерекшелігі – Діни лидерлер кеңесін құру болып табылады. Оның құрамына әлемдік және дәстүрлі діндердің 15 көшбасшылары кірді. Съездің аясында қазіргі уақытта әсіресе өзекті мәселелері бойынша секциялық пікір таластар өтті. Олардың ішінде: дін және мультикультурализм; тұрақты дамуға қол жеткізудегі діни лидерлердің рөлі; дін және әйел: рухани құндылықтар мен қазіргі сын-тегеуріндер; дін және жастар. Бұл мәселелерді талқылаудың маңыздылығы уақыттың талабы. Адамзатқа бейбітшілік пен тыныштық керек. Оған барлық адамдар, барлық мемлекеттер мүдделі. Бүкіл адамзат ауқымындағы бейбітшілік пен келісім мәселелерінің біздің қазақ жерімізде талқыланатыны бізді қатты қуантады.

Дін қайраткерлері Астанада төртінші рет бас қосқан алқалы жиында қоғамдық өмірдің ең маңызды салаларындағы діннің рөлін талқылауға бағытталғаны осы диалогтық алаңының өскен рөлін айғақтады. Бұл Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу жөніндегі бастамасының өте қажетті болғанын, бәріне бірдей маңызды жаһанды конфессияаралық диалогты орнатуға мүмкіндік бергенін білдіреді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезінде қандай маңызды бастамалар айтылды. Олардың қазіргі әлем үшін өзектілігі қандай? Ең маңызды бастамаларының бірі жаһандық толеранттылықты және сенімді қалыптастыру және нығайту мәселелеріне арналған интернет-ресурс жасау ұсынысы болды. Оның аясында Діни лидерлер кеңесінің және біздің Съезд Хатшылығының интерактивті отырыстарын өткізуді, интернетті пайдаланушылардың кең шеңбері үшін тұрақты онлайн-форум жүргізуді қарастырылады. Сонымен қатар, біз 2013 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Бірінші Съезі шақырылуының 10-жылдығын атап өтеміз, осыған орай Президент Н.Назарбаев диалогтың маңызы мен өзектілігін тағы да айтып кету үшін, діни-рухани лидерлердің бітімгерлік рөлін көтеру үшін Діни лидерлер кеңесінің арнайы үндеуін дайындап қабылдауға ұсыныс жасады. Елбасымыз қойған міндеттер қазірдің өзінде жұмыс барысына қабылданып, міндетті түрде жүзеге асады деген сенімдеміз. Ал бүгінде біздің басты мақсатымыз – төртінші Съезге қатысушылар бір ауыздан айтып кеткен ең маңыздысын, яғни барлық конфессиялардың өкілдері арасындағы өзара сыйластықты дамыту болып табылады.

Тәуелсіздік жылдары қазақстандықтар өмірінде діннің рөлі айтарлықтай өсті. Сіздің ойыңызша, бұл немен байланысты?

Қазақстан конфессияаралық және этникалық көпжақтығымен ерекшеленетін әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарына жатады. Конфессияаралық келісім – заң алдында діни бірлестіктердің теңдігі қағидасына негізделген дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Қазақстан Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев этностар достығы мен толеранттығын «Республика жетістігінің жансыры» деп атады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның конфессияаралық кеңістік құрылымы айтарлықтай өзгерді. Бұған дейін өмір сүріп келген жаппай атеизм конфессияаралық өркендеуге алмасып, діни сана толеранттылық және сенім жағына қарай өзгерісіне ұшырап, еліміздің діни бағдары кеңейе түсті. Конфессиялық плюрализм Қазақстан Республикасының қазіргі кезеңдегі діни ахуалының айырықша маңызды ерекшелігіне айналды.

Тәуелсіздігіміздің соңғы екі онжылдығында Қазақстанда діни бірлестіктер мен еліміздің конфессияаралық кеңістігінің динамикалық құрылымдық ауысуының өсімін байқап отырмыз. Көріп отырғанымыздай, бұл үдеріс біздің қоғамымыздың құндылықтық бағдары жүйесіндегі діни құндылықтар рөлінің артуынан көрінеді. Бұған, 2010-11 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі жанындағы Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының Қоғамдық пікірді зерттеу Орталығымен бірлесе жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижелерінің салыстырмалы талдауы дәлел бола алады. Зерттеу нәтижесі бойынша еліміздегі тұрғылықты халықтың 90% астамы өздерін Қазақстандағы екі негізгі дінді – исламдағы ханафи мазхабы мен христиандағы православиеге жатқызады. Сауалнамаға жауап бергендер ішінара, шамамен 73% өздерін «өте діндар», немесе «діндар», немесе «белгілі бір деңгейде ғана діндар» деп есептеген. Алайда, белгілі бір дінді ұстану немесе қандай да бір дінге қатыстылық Қазақстан халқының дінді ұстану деңгейін анықтап бере алмасы анық. Дегенмен, халықтың басым бөлігінің дінге деген бетбұрысы байқалғанымен, діндарлық салттық немесе формалды сипатқа ие.

Көптеген талдамалық және әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, жастардың дінді ұстану деңгейі аса жоғары. Қайрат Қайырбекұлы, Сіз бұл тенденцияны қалай бағалайсыз?

Жастардың руханилық пен ұжданға құлаш сермеуі жағымды үдеріс саналады. Әрине, онда да бұл наным бейбітшілік пен келісімді насихаттайтын дәстүрлі діндерді тұтудан көрінсе, қанекей. Алайда бізге мәлім болғандай, бүгінде жастарды дәстүрлі емес, кей жағдайда радикалды діни бірлестіктер қатарына тарту тенденциясы басым. Ал бұл қоғам тұрақтылығы мен қазақстандық жастардың болашағына көлеңке түсіруі мүмкін. Жастардың аз қорғалған әлеуметтік топ екені белгілі, идеологиялық ұстындары да берік емес, сонымен қатар, қоғамда орын алып жатқан әлеуметтік, саяси, экономикалық өзгерістерге барынша сезімтал келеді. Сана-сезімі толық қалыптасып үлгермегендіктен, радикалды, фанатикалық көзқарастар мен пікірлерді сіңіру оңай. Қазақстан қоғамын әсіресе жастарды экстремистік күштердің теріс пиғылды ықпалынан сақтап қалу үшін біз дін саласындағы үгіт-насихат, ағарту және түсіндірме жұмыстарына деген тиімді ыңғайларды қалыптастырудамыз. Біз жастарымыздың теріс пиғылды ағымдарға өтуін алдын алуымыз қажет, себебі кейін осындай жалған діни күштердің құлдыратушы ықпалынан оларды қайта өмірге қосу жолдарын іздеу қиынға соғады. Бірақ ол тек Қазақстанның ғана мәселесі деп айта алмаймыз. Үстіміздегі жылдың мамырында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндердің IV Съезіндегі дін мен жастар арасындағы өзара әрекеттесу мәселесі секциялық отырыстың тақырыбына айналғаны да кездейсоқтық жағдай емес. Съездің сарабдал рухы мен діни тиістілігіне тәуелсіз барлық рухани тұлғалардың ізгі тілектері жастарды тәрбиелеудегі жалпы ыңғайларды қалыптастыруда пайдасын тигізетіні сөзсіз.

Бүгінгі күні әртүрлі протестанттық және өзге де дәстүрлі емес діни қауымдастықтарда біздің тұрғылықты ұлт өкілдерінен құралған елдестеріміз көптеп кездесетіні шындыққа айналды. Бір жағынан алып қарайтын болсақ, азаматтар өздерінің Конституция кепілдік беретін дінді таңдау еркіндігін жүзеге асыруда. Дегенмен, уақыт өтісімен бұл үрдіс Қазақстан қоғамындағы қайшылыққа, тіпті қақтығысқа алып келуі мүмкін бе?

Күрделі сұрақ және оған біржақты жауап беру әрине қиын. Бір жағынан, Қазақстан демократиялық мемлекет және оның әр азаматы қандай дінді ұстанатындығы өзінің еркінде. Екінші жағынан – ұлттық және діни дәстүрлерден алыстау ерте ме кеш пе қоғамның рухани дағдарысына алып келуі, айтарлықтай қайшылықтар тудыруы әбден мүмкін. Ислам дінінің қазақ халқының мәдениеті мен руханиятының қалыптасуы мен дамуындағы ислам дінінің тарихи рөлін аша отырып, біздің дәстүрлі конфессиялардың шынайы құндылықтарын насихаттау қажет.

Соңғы жылдары бізде қалыптасқан дәстүрге сай келмейтін ислам дінін қабылған азаматтардың, әсіресе жастардың саны күрт өсіп кетті. Олардың басым көпшілігі тек сырт пішіні мен киімін ауыстырып қана қоймай, сонымен қатар, қазақтардың ұлттық салты пен отбасылық дәстүрін, қоршағандарды өзіміздікі және өзгенікі деп бөле бастайды. Қалай ойлайсыз, осы болып жатқан үрдіс, біздің қоғамымызға қауіп төндіруі мүмкін бе?

Бізге сырттан келетін осы сынды ағымдар, түп негізінде радикалды екенін және Қазақстан қоғамының бірігуіне ықпал етпейтіндігін түсінуіміз керек, сондықтан бұл үрдіс шын мәнінде Қазақстан тұрақтылығына қауіп төндіреді. Халқымыз үшін жат мәдениет пен идеологияны енгізу кімдерге тиімді екендігін ойлануымыз қажет? Себебі, бұл мақсатты көздейтіндер Қазақстанды экономикалық күшті және саяси дербес мемлекет ретінде көргісі келмейтін саяси күштер деп бағалау қажет. Соңғы жылдары білім беру мекемелерінде хиджаб кию мәселесі жиі айтылып жүр. Алайда, осы мәселеге заңдылық деңгейінде рұқсат ету немесе тыйым салудың уақыты келген сияқты. Білім мекемелерінде хиджаб киюге заң тұрғысынан тыйым салуды енгізу сенім бостандығы мен демократия қағидаларынан шегіну болып табылады. Қазақстан үшін бұл тиімді емес. Бұл мәселенің шешімін біздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бойынша атқарылатын кешенді жұмыстардан көреміз, соның ішінде дұрыс киіну, біздің ата-бабаларымыздың ежелден ғибадат етіп келе жатқан исламдағы ханафи мазхабының құндылықтары мен негіздерінің терең мазмұнды философиялық мазмұнын қалыптастыру. Дінде иман жолындағылар үшін нақтылық – сыртқы келбеті немесе киімде емес, керісінше оны құрайтын ішкі мазмұнында. Қайрат Қайырбекұлы, ендігі кезекте Қазақстандағы пансионаттар қандай құрылым және олардың мемлекетіміздің тыныс-тіршілігіндегі орны қандай деген мәселеге тоқталып өтсеңіз.

Қазақстандағы пансионаттар қайырымдылық мекемелері ретінде 1997 жылдан бері қызмет атқаруда. Бүгінде еліміздің әділет органдарында қайырымдылық мекемелері ретінде ресми тіркеуден өткен 37 пансионат бар. Олар Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа барлық өңірлерде құрылған. Өзіміз ат басын тіреп отырған Павлодар облысында 1998 жылдың 17 сәуірінде мемлекеттік тіркеуден өткен «Мұрагер» қайырымдылық мекемесі» қызмет атқарады. Еліміздегі барлық пансионаттардың құрылтайшылары мен басшылары – жергілікті азаматтар. Пансионаттарда жалпыға бірдей білім беретін орта мектептердің 6-сыныбында оқитын оқушылардан бастап, арнаулы орта және жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер, сонымен қатар оқу орындарын бітірген 1436 шәкірт тәрбиеленуде. Пансионаттар жетекшілерінің айтуынша, олар 1997 жылдан бастап бүгінге дейін 2500-ге жуық балалар мен жастарды қамқорлыққа алған. Пансионаттар қызметінің басты ерекшелігі – әлеуметтік маңыздылығында. Елдің ірі қалаларының барлығын дерлік қамтып отырған пансионаттарда тәрбиеленушілер тегін жатын орынмен, 3 мезгіл тамақпен толық қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары үшін қаладағы баспана мәселесінің және күнкөрістің ауыртпалығын сезінбей, зайырлы оқу орындарында білім алуға жағдай жасалған. Бұған дейін пансионаттардың белгілі бір дәрежеде діни білім беру ісімен де айналысып келгені белгілі. 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының күшіне енуіне орай ендігі жерде қайырымдылық мекемелерінің діни білім берумен айналысуы заңды болып табылмайды. Аталған заңның 13-бабы бойынша республикалық және өңірлік діни бірлестіктер діни қызметкерлер даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құруға құқылы. Заңнама бойынша сонымен қатар діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, діни бірлестіктен басқа ұйымдық-құқықтық нысанда діни қызметпен айналысатын заңды тұлғаларды құруға және олардың қызметіне жол берілмейді. Демек, Заң талаптарына жүгінсек, ел аумағында қызмет атқарып отырған пансионаттар діни бірлестік немесе діни білім беру ұйымы болмаған жағдайда діни білім берумен айналыса алмайды. Олардың қызметі қайырымдылық шараларымен шектелуі тиіс. Осы мәселе бойынша Дін істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері тарапынан пансионат жетекшілерімен Заң талаптарын түсіндіру бағытында бірқатар кездесулер өткізілді. Кездесулер нәтижесінде ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап елімізде қызмет атқарып отырған пансионаттардың діни білім беру және діни рәсімдерді өткізу жұмыстары тоқтатылды. Қазақстандағы қайырымдылық мекемелерінің директорлар кеңесі өз қызметтерін заңнамаға сәйкестендіру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізуде. Айта кету қажет, пансионаттар қызметіндегі кейбір қағидалар көңілден шыға бермейді. Мысалы, қыз балалар мен ер балаларды бөлек оқыту және тәрбиелеу мәселесі зайырлылық тұрғысынан алғанда да, психологиялық жағынан да қайшылықты үдеріс дер едім. Жасөспірімдердің нағыз қалыптасу шағында бір-бірімен етене араласпай, оқшау тәрбие алуы олардың ой-санасына кері әсер етеді.

Заманауи оқу орындарының тәжірибесіне көз жүгіртсек, еліміздегі жоғары білімді исламтанушылар даярлайтын бірегей оқу орны − «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің өзінде жігіттер мен қыздар бір аудиторияда қатар отырып, дәріс тыңдайды. Бұл жағдайдан олардың үлгеріміне немесе мамандық игеруіне залал келіп отырған жоқ. Жалпы, тәуелсіздігімізді тұғырлы, зайырлылығымызды ғұмырлы етеміз десек, қоғам өміріндегі кез келген мәселеге зайырлылық қағидалары тұрғысынан баға беру біздің дәстүрімізге айналуға тиіс деп білемін.

Діннің элементтерін психологиялық тұрғыдан әсер етудің тәсілі ретінде белсенді қолданып жүрген түрлі көріпкелдер мен тәуіптер, медиумдар, экстрасенстер мен емшілердің әрекеттері азаматтардың физикалық және психикалық денсаулықтарына залал келтіріп жататыны аз емес. Осындай әрекеттерді қалай тоқтатуға болады және адамдарды олардың деструктивті ықпалынан қалай арашалап ала аламыз?

Мемлекет тарапынан біздің отандастарымыздың денсаулығына және тіпті өміріне қауіп төндіріп тұрған кімнің де болса іс-әрекеті, сондай-ақ жоғарыда аталып отырғандарға ұқсас діни әрекеттерді шектеу бойынша шара қабылданған. Өздеріңізге мәлім болғандай, бірнеше жыл бұрын сот органдарының шешімі бойынша «Ата жол» және «Алла Аят» ұйымдарының республика аумағында қызмет жасауына тыйым салынған болатын. Сонымен қатар, мойындауға тура келетіні, бір ғана заңды шарамен мәселенің шешіле қоймайтындығы. Ең нәтижелі тәсіл – ол жоғарыда көрсетіліп отырған ұйымдар мен топтардың әрекеттеріне қоғам тарапынан қолдау көрсетпеу, олардың қоғам үшін де, жеке адам үшін де қауіпті екендігін көрсету және олардың шынайы деструктивті мәнін ашу.

Қайрат Қайырбекұлы, қазақ жері өткен айдың соңында Астана қаласына әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының ат басын тіреп, бас қосқан алқалы жиынының куәсі болды. Ел тұрғындарын дін саласына қатысты алдағы уақытта болатын тағы қандай жақсы хабарлармен қуантасыз?

Еліміздің тұрғындарын 6 шілдеде Астана күні мерекесіне орай, Елордамыздың төрінен Елбасымыздың қолдауымен бой көтерген теңдессіз зәулім ғимарат – «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылу салтанаты күтіп тұр. Мешіт – Ислам дінінің рәмізі. Онда адамдар тек жақсы ниетпен, құлшылық үшін жиналатын болғандықтан, «Алланың үйі» деп аталады. Мұхаммед пайғамбар Мекке қаласынан Мединаға көшіп келгеннен кейінгі ең алғашқы ісі мешіт салу болды. Хадисте «Кімде-кім Алла разылығы үшін мешіт салса, Алла ол үшін жұмақтан сарай салып береді» делінеді.

«Әзірет Сұлтан» мешіті Астанадағы орталық алаңда «Қазақ елі» монументінің жанында орналасқан. Әзірет Сұлтан – бүкіл түркі әлемінің ұстазына айналған Қожа Ахмет Яссауидің лақап аты. Мешіт ғимаратының жалпы көлемі 6000 шаршы метрді құрайды. Шатырының сәулеті шығыстық классикалық үлгіде жасалған. Бас күмбездің биіктігі – 51 метр, диаметрі – 28 метр, бұл – еліміздегі мешіт күмбездерінің ең үлкені. Мешіттің әрқайсының биіктігі – 77 метрді құрайтын 4 мұнарасы бар. Сондай-ақ, намаз, құран оқуға арналған залдары, мешіт қызметкерлеріне арналған жұмыс кабинеттері, кітапханасы, сонымен қатар жалпы саны 130 тәлімгерге арналған 5 дәрісханасы да бар. Бұл мешіттің сәулеті мен жобасын тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы ерекше деп айтуға болады. Осындай сәулеті ерекше имандылық үйі жақын күндерде еліміздегі мұсылман қауымның игілігіне беріледі.

«Сарыарқа самалы» газеті

 

 

 

Пікір жазу