Қажылық (араб.:حَجّ‎хаддж) – ислам дiнi бес негiзiнiң соңғысы. Қажылық, хажжасау–мұсылманның бес парызыныңбірі. Шариғат бойынша кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана парызын өтей алады. Оның парыздығы қасиеттi Құранда:«Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз» («Әли-Имран» сүресi, 97 аят), – деп ұқтырылса, хадис шарифте: «Ислам бес негiзге құрылған: Алла Тағаладан басқа тәңiр жоқ және Мұхаммед оның елшiсi деп куәлiк ету. Намаз оқу. Зекет беру. Рамазан айында толық ораза ұстау. Байтуллаға қажылыққа бару»,- делiнген.

Шариғат кiтаптарында: «Бас бостандығы бар, балиғат жасына жеткен, ақыл-есi дұрыс, денi-басы сау адамға қажылыққа бару парыз делiне отырып, қажыға баратын жол қауiп-қатерсiз, оған азық-түлiгi, көлiгi немесе көлiк жалдауға қаражаты болуы керек екендiгi және үлкен сапарға аттанған кiсiнiң үйiнде қалған отбасы тарығып қалмайтындай нәпақамен қамтамасыз етiлуi де шарт»,- деп көрсетiлген.

Қажылық сөздiкте – «қасиеттi жерге баруды ниет ету»дегендi бiлдiрсе, шариғатта – арнайы уақытта яғни қасиеттi рамазан айынан кейiнгi айдан бастап зүлхижжа айының 10-12 күндерiне дейiн арнайы мекенде яғни Сауд Арабиясының Мекке қаласында табылып, арнайы бекiтiлгенихрамға кiру, Кағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау,Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас атусияқты амалдарды орындау деп түсiну ләзiм.

Қажылық ғибадатының парыздығының шарттары

Белгілі бір адамға қажы ғибадатының парыз болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы керек.

1. Мұсылман болу. Мұсылман еместерге Қажылық ғибадат парыз емес. Сондықтан Мұсылман емес бір адам қажы ғибадатын орындал болғаннан кейін Ислам дініне кірсе, шамасы жеткен жағдайда қайтадан баруы керек.

2. Ақыл-есі дұрыс және балиғат жасына жету. Балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге қажылық ғибадаты парыз емес. Бұл екеуі қажылық ғибадатын атқарса, сосын бала балиғат жасына жетсе, ауру адам жазылса, қажылық ғибадатын шамалары жеткен жағдайда қайта орындаулары парыз. Жас баланың балиғат жасына дейінгі жасаған қажылығы – нәпіл қажылық саналады.

1. Азат болу. Қажы ғибадат ұзақ уақыт атқарылып, ұзақ сапарлы талап ететіндіктен тұтқындарға, түрмедегілерге, құлдарға парыз емес. Өйткені тұтқындарда ондай мүмкіншілік жоқ.

2. Уақыт. Арафат тауында арнайы белгіленген тұру уақыты мен зиярат тауабы уақытта өмірі жетпеген адам үшін қажылық парыз емес.

3. Қажылық ғибадатын орындауға шамасынын жетуі.

а) денсаулығы болуы. Денсаулығы нашар, алып жүретін адамы жоқ соқыр, ақсақ, сал сияқты ауруларға ұшырағандарға және көлікке өздігінен міне алмайтын қарт кісілерге қажы ғибадат парыз емес;

ә) қажетті қаражаты болуы. Қажыға барыпкелу қаржысыз жолда, қажылықта жейтін азығына және әйел, бала-шағасының, жалпы қарауына міндетті адамдардың қажылықтан қайтып оралғанға дейінгі қаражатын көтере алатын адамға қажылық парыз;

б) баратын жолдың сенімді болуы. Қажылыққа барудың парыз болуы үшін жол сенімді болуы керек. Баратын жолда соғыс немесе басқа да қатерлі жағдайлар туындаса, қажылыққа бару парыз емес.

Әйелдерге байланысты арнайы шарттар:

1.Қажылыққа баратын әйелмен бірге күйеуі немесе махрам (Исламда әйелдің үйленуі харам болған жақын туыстары) туыстарынан біреуі болуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадис шәріпінде бұйырған: «Әйел адам өзімен бірге махрамы болмаса, үш күннен артық сапар шеге алмайды». Бұл Ханафи мазһабында. Шафиғи мазһабында әйел адамның жанында сенімді бірнеше тақуа әйелдер болса, махрамсыз қажылық жасай алады.

2. Ғиддетті болмауы (Әйел адамның күйеуінен талақ болғаннан кейін немесе күйеуі қайтыс болғаннан кейін күтетін белгілі уақыт). Қажылыққа баратын әйел күйеуінен талақ немесе күйеуінің қайтыс болуына байланысты шариғаттың белгілеген ғиддет мерзімінде болмауы керек. Өйткені Аллаһ Тағала мына аятта ғиддет мерзіміндегі әйелдердің үйден шығуларына тыйым салған: «Талақ қылған әйелдерінді үйден шығармаңдар, олар да шықпасын». Қажылықты басқа уақытта өтеуге болады. Ал ғиддет белгілі уақытқа арналған. Сал ауруына душар болған, денсаулығы нашар, қарт, мүгедек адам, жол көрсететін көмекшісі жоқ соқыр адамдар, жанында бірге баратын махрамы жоқ әйелдер, шетелге шығудан мемлекет тарапынан тыйылған, баратын жолында қатерге ұшырауы мүмкін адамдар қажылыққа өздерінің орнына басқа біреуді көздерінің тірісінде жіберуіне немесе өзі дүниеден қайтқаннан кейін өкіл ретінде барып-келулерін талап етулеріне болады.

Қажылық түрлері

1. Ифрад қажылық. Миқатта ихрамға кірер кезде тек қана қажылық ғибадатының атқарылуы ниет етілсе, бұл қажылық түрі «ифрад» қажылық делінеді. Ифрад қажылығында умрасыз тек қана қажылық ғибадаты жасалады. Ақаба жәмрасына (Үлкен шайтан тас) тас лақтырып болғаннан кейін қаласа құрбан шалады. Өйткені ифрад қажысын орындағандарғақұрбан шалу уәжіп емес. Сосын шашын алғызып немесе қысқартқызып ихрамнан шығады.

2. Тәматтуғ қажылық. Қажылық аттарында умра үшін ихрамға кіріп, умраны бітірген соң, сол жылғы Зилхижжа айының сегізінші күні немесе одан да бұрын қажылық үшін қайтадан ихрамға кіру арқылы жасалатын қажылық түрін – «тәматтуғ қажылық» дейді. Тәматтуғ қажылығында умра және қажылық үшін бөлек-бөлек ихрамға кіреді. Бұл қажылықтың тәматтуғ қажылығы болып саналуы үшін умра мен қажылықтың қажылық аттарында сол жылда жасалуы шарт. Тәматтуғ қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағандықтан шүкір құрбанын шалу – уәжіп.

3. Қиран қажылықМиқатта қажылық пен умраны бірге ниет етіп, бір ихраммен істелетін қажылық – «қираң қажылық» делінеді. Умрасын тәмамдағаннан кейін ихрамнан шықпай қажылық амалдарында сол ихраммен аяқтайды. Қиран қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағаны үшін шүкір құрбанын шалу – уәжіп. Тәлбия – ихрамға кірер алдында айтылуы уәжіп болған және ихрамды болған уақытта кайталанып айтылатын сүннет дұға: «Ләббайк Аллаһумма ләббайк, ләббайка ләә шәрика ләкэ лэббайк, инналхамда уанни’мәтә ләкә уалмулка ләэ шәрика ләк» (Бухари, Хаж, 26; Муслим, Хаж, 147; Тирмизи, Хаж, 97). Қазақша мағынасы: «Аллаһым, мен сенің әміріңді орындауға келдім, сенің әміріңе бой ұсындым (2 рет). Сенің серігің жоқ, сенің әміріңді орындау – менің борышым. Күмәнсіз барлық мадақ саған тән және жалпы иелік пен нығмет сенікі. Сенің еш серігің жоқ».

Ихрам (Қажылықтың бірінші парызы)

Ихрам дегеніміз- қажылық, умра немесе екеуін бірге жасау ниетімен, басқа уақытта істеуіне рұқсат кейбір іс-әрекеттерді қажылық, умра уақытында өзіне харам қылу. Ихрамға қажылық түрлерінің қайсысын орындайтын болса, соны жүрегімен ниет етіп, тәлбия айту арқылы кіреді. Бірақ ниетті тілмен айту –мұстахап. Ихрамға кірудің шарттарының бірі ғана болып табылатын«рида» және «изар»деп аталатын екі бөліктен тұратын сүлгі немесе оған ұқсас тігісі жоқ мата халық арасында «ихрам» деп аталғанымен, Ихрам мағынасын толық қамтымайды. Орындайтын қажылық түрін ниет етпей, тәлбия дұғасын айтпай, тек қана үстерін ақ, тігіссіз мата оранумен ихрамға кірген болып саналмайды. Өйткені ниет пен «тәлбия» дұғасы ихрамның шарттарынан.

1. Ихрамға белгіленген миқаттардың біреуінде кіру.

2. Ихрамда тыйылған нәрселерді жасамау. Қажыға немесе умраға баратын адамдардың ихрамға кірусіз өтуге болмайтын жерлерге «миқат» делінеді. Қасиетті Қағбаны қоршап тұрған мекендер «Харам», «Хил» және «Әфақ» деп үш аумаққа бөлінеді. Қажылық және умра ғибадатын орындауға келетін адамдар осы аумақтарға қарай ихрамға кірелі.

1. Харам аумағыЖебірейіл періштенің көрсетуі арқылы Ибраһим (а.с.) тарапынан белгіленіп, кейіннен Пайғамбарымыз (с.а.у.) тарапынан қайтадан білдірілген, өсімдіктерінің жұлынуына және аңдарының, жалпы жан-жануарларына зиян тигізуге тыйым салынған Мекке және оның айналасындағы қасиетті мүбәрак жерлер «Харам аумағы» делінеді. Меккеліктер қажылыққа Харам аумағының ішінде ихрамға кіреді. Ал, умра үшін Харам аумағының сыртындағы Хил аумағына ең жақын орналасқан Танимға барып ихрамға кіреді.

2. Хил аумағы. Харам аумағы мен Миқат жерлерінің ортасындағы мекен – Хил аумағы. Бұл аумақта тұратындар Харам аумағының сыртынан өздерінің тұрып жатқан жерлерінен ихрамға кірелі.

3. Әфақ аумағы. Харам және Хил аумақтарының сыртындағы аумақтар – Әфақ аумағы. Әфақ аумағынан Харам аумағына немесе Меккеге келетіндердің ихрамсыз өтулеріне болмайтын бес жерді Пайғамбарымыз (с.а.у.) миқат ретінде белгілеген.

Бұл бес миқат:

1. Медине жағымен баратындар үшін – «Зулхулайфә», Медине қаласына 10 км жақын. Қазір бұл жер – «Әбәр Али» деп аталады (қазақстандықтар көбінесе осы жерден ихрамға кірелі).

2. Мысыр және Сирия тарапынан баратындар үшін – «Жухфа», Меккеден 187 км ұзақ.

3. Нәжд және Кувейт тарапымен баратындар үшін – «Қарнул-Маназил», Меккеден 96 км ұзақ.

4. Йемен жағымен баратындар үшін – «Иаламлам», Меккеден 54 км ұзақ.

5. Ирак жағымен баратындар үшін – «Зәтул-ғирқ», Меккеден 94 км ұзақ.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадистерінде осы жерлерді миқат ретінде тағайындаған (Бухари, 1/206). Міне, сондықтан қажылыққа немесе умраға баратын адам бұл жерлердің қайсысынан етсе, сол жерден ихрамсыз өтуге болмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ешкім миқаттан ихрамсыз өтпесін», – деп бұйырған. Бұл жерлерге жетпес бұрын ихрамға кіріп алуға да болады. Қажылыққа және умра үшін сырттан келгендер миқаттан ихрамсыз өтіп кеткен жағдайда, құрбан шалады немесе кері қайтып, миқатта ихрамға кіреді.

Ихрамға кірген адамға тыйылған нәрселер:

1. Ихрамға кірген адамның денесіне байланысты тыйымдар:

● шашын, сақалын, мұртын алу немесе қысқарту;

● қолтықтың астындағы және жалпы денедегі түктерді жұлу немесе қысқарту;

● тырнақ алу;

● шаш, сақал және мұртқа май жағу немесе бояу;

● әйелдердің боянулары (лак, далап, т.б.);

● денеге немесе ихрамға хош иіс себу және иіс сабын қолдану.

2. Киімге байланысты тыйымдар:

●тігілген киім кию. Тігілген киімдерді суықта иыққа жабуға немесе денеге жабуға болады. Бірақ жапқан уақытта қолын киіп, түймелерін түймелеуге болмайды.

● изар мен риданың (изар – белден төмен қарай, рида – белден жоғары қарай жабатын сүлгі немесе мата. Бұлардың түсі ақ және жаңа болғаны жөн) шеттерін сөгітіліп кетпеу үшін тігуге, жыртығын жамауға рұқсат. Ақша салу үшін тігілген арнайы қапшық, белдік сияқты нәрселерді, ыстықтай қорғану үшін тігілген қолшатырды қолдануға болады.

● басты немесе бетті жабу. Тақия кию, сәлде орау, т.б.

● қолғап, шұлық кию.

● киімге байланысты тыйымдар тек қана еркектер үшін. Әйелдер әдеттегідей киінеді.

3. Харам аумағына байланысты тыйымдар:

● Мекке қаласының және жан-жағындағы «Харам» деп аталатын аумақтан айдарын аулау, өсімдіктерін жұлу немесе шабу ихрамды адамдарға да, ихрамсыз адамдарға да харам.

4. Жалпы тыйымдар:

● Әйелімен жыныстық қатынас жасау, сүйісу, құшақтасу, жалпы нәпсіні қоздыратын барлық нәрселерді істеу.

● Дінде харам болған істерді жасау.

● Мұсылман бауырымен тартысу, ерегесіп, ұрысып, төбелесу, жаман сөз айту, біреуді ренжіту. Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Қажылық белгілі (Шәууал, Зилқағда, Зилхижжаның алғашқы он күні) айларда. Кімде-кім бұл айларда қажылыкты міндеттенсе (мыналарды білсін) әйелімен жақындасуға, күнә істеуге және жанжалдасуға болмайды» (Бақара, 2/197).

● Аң аулау.

Ихрамнын сүннет және мұстахаптары:

1. Толық жуыну. Ихрамға кірмес бұрын денені толық жуу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ихрамға кірмес бұрын толық жуынған.

2. Ихрамға кірмес бұрын тырнақ алу, шаш түзету, қолтықтың асты және ұятты жердің түктерін алу – мұстахап.

3. Ер адамдар, тігілген киімдерін шешіп, изар және рида деп аталатын екі таза матаға оранады. Изармен кіндіктен төмен қарай оранып, ридамен жоғарғы денесін орайлы. Бастарына еш нәрсе кимейді. Аяқтарына сүйретпе аяқ киім киеді. Ихрамға кірген әйел адам әдеттегі киімдерін шешпейді. Бастары жабық күйде, тек қана жүздері ашық болады.

4. Ихрамды болып жүрген уақытта парыз намаздардан кейін, топтасып жүрген басқа қажыларға кездескен уақытта, жоғары не төмен түсіп-шыққанда және сәресі уақыттарында, жалпы мүмкін болған әр жағдайда көтеріңкі дауыспен тәлбия айту – мұстахап. Әйел адам тәлбия айтқан уақытта даусың қатты шығармайды.

5. Тәлбия айтқаннан кейін көбірек салауат айтып, артынан дұға жасап, тілек тілеу.

6. Ихрамға кірместен (ихрамға кіру – ихрам киімдерін киюмен емес, қажылыққа немесе умраға, яки екеуіне бірдей ниет ету мен тәлбия айту арқылы болады) бұрынденені әтірлеу – сүннет. Айша атамыз мына хадисті риуаят еткен: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) ихрамға кірерде мен оған ең жақсы әтірін жағатынмын» (Бухари, Хаж, 21; Муслим, Хаж, 1-3.). Бірақ, ихрамға кіріп қойғаннан кейін әтір жағуға болмайды.

7. Ихрам намазы. Денені толық жуғаннан кейін немесе дәрет алғаннан кейін, ихрамға кірместен бұрын, екі рәкат намаз оқылады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Зулхулайфада екі рәкат намаз оқып, сосын ихрамға кіргені риуаят етіледі. Бұл намаздың бірінші рәкатында – «Кафирун», екінші рәкатында – «Ықылас» сүресін оқу сүннет.

Арафатта тұру (Қажылықтың екінші парызы). Арафа күні түс ауғаннан кейін Құрбан айттың бірінші күні таң намаздың уакъітына дейін Арафат тауында бір мезет болса да тұру – қажылықтың негізгі парызының біреуі. Сондықтан кімде-кім Арафатта бір мезет болса да тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болады. Оны келесі жылы қайтадан орындау керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Қажылық дегеніміз – арафат, кімде-кім арафатта үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», – деп Арафатта тұрусыз қажылық ғибадатының қабыл етілмейтінін ескерткен. Арафат тауының «Уранә» сайынан басқа барлық жерінде тұруға болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Арафаттың барлық жері уақфа орны», – дейді. Арафаттың «Жәбэлул-рахмә» деген жерінде тұру абзалырақ. Арафат тауында арафа күні күн батқанға дейін болу уәжіп. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) осылай істеген. Сондықтан арафа күні күн батпай қайтқан адамдар жаза ретінде құрбан шалады. Арафатта тұрудың дұрыс болуы үшін ниет және дәретті болу, тіпті ояу болу шарт емес. Дәретсіз, жүніпхайызнифас күйіндегі адамдар да Арафатта тұра алады. Айша анамыз, Пайғамбарымыздың бұйрығы бойынша, хайыз күйінде Арафатта уақфа (тұру) жасаған.

Арафа күні және Арафатта тұрудың сүннеттері:

● Арафа күні күн шыққаннан кейін Арафат жаққа қарай бет алу;

● Намира мешітіндетүскі намаздан бұрын имамның екіхұтбаоқуы;

● Аузы берік болмау (ораза тұтпау);

● Күн тал түстен ауғаннан кейін мүмкіндік болса,ғұсылкұйыну;

● Арафатта тұруға бар ықыласпен дайын болу;

● Бесін және намаздыгер намаздарын бесін уақытында бірге қосып оқу. Намаздың осылай бесін уақытында біріктіріліп оқылуын «жамғу – тақдим» деп атайды;

● Бұл намаздардан кейін дереу уақфа жасау;

● Уақфа жасаған уақытта дәретті болу;

● Уақфаны «Жәбәлул-рахмә» деген төбенің қара тастарында жасау;

● Уақфа жасаған уақытта құбыла жаққа бет бұрып, түрегел тұру;

● Арафатта бар ықыласпен өзі үшін, әке-шешесі және жалпы мұсылман бауырлары үшін дұға жасау, тілек тілеу. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.):«Дұғалардың еңқайырлысы –Арафа күніжасалғандұға», – деп бұйырған;

● Күні бойы тәлбиятәкбірзікіртәсбихсалауат айтып, күнәларына кешірім тілеу;

● Арафаттағы жолдарда уақфа жасамау;

● Күн батқаннан кейін Арафаттан баяу жүріспен түсу.

Бесін намазы мен намаздыгер намазын бір уақытта қосып оқудың жолы

Арафа күні бесін азаны оқылғаннан кейін бесін намазының алғашқы төрт рәкат сүннеті оқылады, сосын қамат түсіріліп, бесін намазының парызы оқылады. Сосын қайтадан қамат түсіріліп, намаздыгер намазының парызы оқылады. Уақфа болғандықтан, бесін намазының соңғы сүннетін оқу –мәкрүһ. Әр екі намаздың парыздарынан кейін ташриқ тәкбірі айтылады. Осылайша бесін мен намаздыгер намаздары бір азан, екі қаматпен бесін уақытында қосылып оқылады.

Мекке-Мәдинаға қажылық сапарларын ұйымдастырып жүрген туристік компаниялар мен басшыларының тізімі:

Қажылық ұйымдастыратын туристік компаниялар

Басшысы

«Яссауи»

Т.Қарабаев

«Сембекова К»

Б.Сембекова

«Аль-Харамайн»

Д.Байрамов

«Қызмет-Саяхат»

Х.Салқынбаев

«Сакура»

И.Қазиев

«Ордабасы НЖ»

З.Әліқұл

«Нұр-Қазақстан»

А.Әбдіхалық

«Хикмет Тревел»

А.Мәуленұлы

«IHSAN TOUR»

Ш.Идыров

«Ас Сафа-тур»

А.Ибрагимов

«RAM-MUS TOUR»

Р.Джинва

«Хижрат-Тур»

Р.Таханова

«Кәусар-саяхат»

А.Қадыров

«Ансар круиз»

Н.Тащанова

«Асыл Мақсат»

Е.Үстелбаев

«Мина-тур»

Ә.Абдрахманов

«Ал-Маруа»

Ә.Сманов

«Санабыл»

Ш.Ибрагим

«Атлас Туризм»

М.Қалдыбек

islamdini.kz

Пікір жазу