Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) умра және қажылық амалдарын өтеуге ниеттенген адамдарға бес мекенді ихрам киетін жер ретінде белгілеп кеткен. Бұл мекендер:

1. Зул-хуләйфа. Ол – Мәдина қаласына жақын маңда орналасқан. Мәдина тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдар ихрам киімін осында киеді. Бұл орын Меккеден 450 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі кезде бұл аймақ «Әбяр али» деп аталады.

2. Әл-жухфа. Ол – Рабиғ қаласына жақын маңда орналасқан ауыл. Бұл жерден Мысыр, Шам (Иордания, Сирия, Палестина, Ливан) тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдар ихрам киеді. Ол Меккеден 183 шақырым.

3. Қарнул мәнәзил. Нәжд (Сауд Арабиясының орталық және шығыс аудандары) тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін жері. Ол Меккеден 75 шақырым. Қазір бұл жер «әс-Сәйлул кәбир» деп аталады.

4. Яләмләм.Иемен тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін орны. Ол Меккеден 92 шақырым.

5. Зәту ирқ. Ирак тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін жері. Меккеден 94 шақырым.

Ихрам киген адамға тыйым салынады:

Тырнақ алуға; қырынуға; иіссу жағуға; Мекке мен оның айналасындағы өсімдіктерді жұлуға; тігісті киім киюге болмайды.

Осылардың бірін жасап қойса, жаза ретінде кедейлерге садақа береді не құрбан шалады.

Тәуәп – Қағбаны жеті рет айналу. Әрбір айналым «Шаут» деп аталады.

Сағи –қажылық немесе умра кезінде Сафа мен Мәруа төбелері арасында жүру. Бұл екі арадағы барып -келу Сафадан Мәруаға төрт, Мәруадан Сафаға үш реттен жүреді. Барлығы 7 рет. Сафадан басталып, Мәруамен бітеді.

Уақфа– Арафа күні бесін уақытынан күн батқанға дейін ихрам киіммен Арафатта болу. Бұл «Арафат уақфасы» деп аталады. Бұл қияметтегі маһшарды еске түсіреді. Мұнда күн батқанға дейін Аллаһтан истиғфар тілеп, күнәларымыздың кешірілуін жалбарынып сұраймыз. Бұл жерде бесін және екінті намаздарын жамағатпен бесін уақытысында біріктіріп оқиды. Күн батқаннан кейін ақшам намазын оқымастан Мұздалифаға барады. Онда ақшам және құптан намаздарын құптан уақытында оқиды. Осында түнеп, шайтанға тас лақтыру үшін тас жинайды. Таң намазынан кейін аз уақыт дұға жасалады.

Құрбан айт күндері үлкен, орташа және кіші жамаратқа тас лақтырады. Ихрамды шешпей тұрып құрбандық шалу уәжіп. Ал, ихрамнан шықпас бұрын ерлер шашын толық алдырады немесе қысқартады. Әйелдер болса ұшынан қияды. Парыз тәуәбы жасалғаннан кейін қажылық аяқталады.

 

Пікір жазу