Асалямуағалейкум уа рахматулахи! Сұрағым: неге пайғамбарымыз (с.а.с) түсінде екі түрлі Исаны (ғ.с.) көрген. Сахих Бухариде №3438, №3441 келген хадистерде Иса пайғамбарды сиппаттау барысында (бірінде қызыл түсті, бірінде қара) қарама-қайшылық байқадым. Осыған не дейсіздер? Тілеков Дәурен.
Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Дәурен, расымен де, сіз сұрап отырған хадистердің арабша мәтінін тікелей, ат үсті аударатын болсақ, өзіңіз айтпақшы қарама-қайшылық байқалады. Дегенмен, оны тілдік негізде тереңірек зерттейтін болсақ, ешбір қарама-қайшылықтың жоқтығына көзіміз жетеді. Көзімізді жеткізу үшін екеуіне де жеке-жеке қысқаша тоқталып өтелік.
Сахих Бухариде келген №3438-хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у):
رأيت عيسى وموسى وإبراهيم فأما عيسى فأحمر جعد عريض الصدر…
«Мен Исаны, Мусаны және Ибраһимді көрдім. Иса – қызыл шырайлы (ахмар), тығыншықтай, кең иықты…»,– десе,№3441-хадисте Иса пайғамбарды сипаттау барысында
«..رجل آدَمُ سَبطُ الشعر…»,
яғни («…шашы тегіс жатқан, қызыл шырайлы кісі…»)делінген.
Бірінші хадистегі «أحمر(ахмар-қызыл) » сөзімен екіншідегі «آدَمُ» (әдәм) сөздерін тура мағынасында алатын болсақ, бірінде «қызыл (ахмар)», екіншісінде «қара (әдәм)» деген мағынаға саяды. Дегенмен, тереңірек зерттей келе бұл екеуінің де бір мағынаны білдіретініне көзіміз оңай жетеді.
Хадистегі «أحمر(ахмар)» сөзінің араб тіліндегі негізгі мағынасы қызыл түсті білдіреді, бірақ кей жағдайларда ақ түске де қолданылады[1].
Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.у) : «Мен аққа да (ахмар), қараға да жіберілдім» деген хадисіндегі «أحمر(ахмар)» сөзі осыған дәлел. Сәғләб есімді хадисші әрі тіл ғалымынан «Неге бұл жерде «أبيض(Абяд –ақ түсті білдіреді)» сөзі емес, «أحمر(ахмар)» сөзі қолданылған дегенде, «Өйткені «أبيض (абяд)» сөзін адамға қолданғанда, көбіне, тәннің ақтығына емес, тазалығын әрі кем-кетіксіздігін білдіру мақсатында айтылады. Ал, тәнінің ақ түсін білдіргісі келгенде «أحمر(ахмар») деген сөзді қолданады», – деп жауап берген екен[2].
Сондай-ақ, Әбу Дәуідтен келген бір хадисте Иса пайғамбар «(إلى الحمرة والبياض) қызыл аралас ақ түсті екендігі айтылған[3].
Ендігі жерде, 3441 нөмірлі келесі хадисте «آدَمُ» (әдәм-қара түсті) сөзінің тағы бір мағынасы сәл қызыл тартқан ақ түсті білдіреді. Себебі, арабтарда ертеде ақ реңді түйені де кейде «آدَمُ» деп атайтыны деректерде көрсетілген.[4]
Қазақ халқының «бетінің қаны тамған» немесе «қызылшырайлы» деген теңеулері осы хадистегі түсінікті берсе керек.
Хадисте келген «جَعد»(жүғд) сөзі де, шаштың бүйралығын емес, дененің тығыздығын, тығыншықтығын білдіреді.
Демек, аталмыш екі хадистегі сөздерді талқылай келе, Иса пайғамбарымыздың реңі қызыл шырайлы, шашы тегіс, тығыншықтай денелі кісі болғандығын көреміз.
[1] Әбу Омар Юсуф ибн Абдулла, әл-Истизкәр – 1708 баб/1709 хадис.
[2] Ибн Әсир, ән-Ниһая фи ғарибиль хадис, «әл-Ха мағал Мә» – 1/438-439 бет.
[3] Әбу Дәуід – 4232.
[4] Әбу Омар Юсуф ибн Абдулла, әл-Истизкәр – 1708 баб/1709 хадис.
Абдсамат Қасым