Оқу орнының толық атауы:«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті.
Мекен-жайы: 050032, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 73.
Құрылған жылы: 2001 жыл.
Меншік түрі: Жеке мекеме.
Байланыс телефондары: 8 (727) 269-51-90, 269-51-92, 269-51-97
Факс: 8 (727) 269-51-95, 269-52-05
E-mail: nur-mubarak2001@mail.ru
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті Египет Араб Республикасы мен Қазақстан Республикасы үкіметтерінің арасындағы 2001 жылдың 18 маусымындағы №460 халықаралық келісім негізінде ашылған. Келісім ҚР Парламентінде ратификацияланған, 2003 жылдың 2 шілдесінде Президент Н.Ә.Назарбаев бекіткен. Оқу орнына ҚР Білім және ғылым министрлігінен лицензия берілген, мемлекеттік аттестациядан өткен.
Университетке жалпы басшылық етуді және оның қызметін екі тараптан үйлестіруді Қамқорлар кеңесі жүзеге асырады, оның құзіретіне қаржы, мәдени, білім беру саясатын қалыптастыру кіреді. Университеттің білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензиясы бар (АБ сериялы №0137466, 2010 жылдың 29 қыркүйегінде берілген). Университетте берілетін мамандықтар ҚР жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарымен қамтамасыз етілген.
Университет исламтану, дінтану, араб филологиясы мамандықтары бойынша жоғары кәсіптік білім (бакалавриат) береді. Оқу стандарты және оқу жоспарлары ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментімен келісілген. Университетте 2012-2014 жылдарға арналған стратегиялық бағдарлама әзірленген.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 20 сәуіріндегі №152 бұйрығына сәйкес университетте оқу процесі кредиттік оқыту технологиясы бойынша ұйымдастырылады. Студенттер білімін тексерудің ағымдық, аралық және қорытынды бақылаулары ұйымдастырылып, білім алушылар жетістігі балдық-рейтинг жүйе бойынша тексеріледі. Кредиттік оқыту жүйесін қамтамасыз ету мақсатында тіркеу үдерістерін басқарудың автоматтандырылған «Платон» жүйесі енгізілуде.
Білімгерлердің машықтану сабақтарын, өндірістік іс-тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету мақсатында университет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетімен келісім шарт жасасқан.
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде дәріс беретін 61 оқытушының 6-ы ғылым докторы, 11-і РһD доктор, 14-і ғылым кандидаты, яғни 50,8 % оқытушылар құрамының ғылыми дәрежесі бар. Оның 52-сі толық мөлшерлемемен қызмет атқарады. Қазақстан тарапынан 36 штаттық, 9 қоса атқарушы жұмыс істейді. Египет тарапынан 10 ғылым докторы, 6 оқытушы дәріс береді.
Университет ұстаздарының басым бөлігі теологиялық білімін Қазақстан, Египет және Түркия мемлекеттерінің жоғары оқу орындарынан алған. Университетте студенттерге арналған көпшілік кітапхана, электронды кітапхана, оқу залы, лингофон, компьютер кабинеттері жұмыс істейді.
Кітапхана қоры бай, 203 мыңға жуық діни және зайырлы әдебиеттер, оқулықтар мен ғылыми еңбектер жинақталған. Университет кітапханасында қазақ, орыс, араб тілдеріндегі көркем әдебиеттер, оқу құралдары, қазақ және араб ғұламаларының шығармалары, ғылыми-танымдық әдебиеттер, діни кітаптар жинақталған. Университетте студенттердің білім деңгейін арттыру, араб тілін терең игеруге деген ізденісіне жол ашу мақсатында мол компакт-диск қоры жинақталған.
Университет жанындағы Нұр-Мүбарак мешіті студенттерге тәжірибелік тұрғыдан жетекшілік ету, уағыз-насихат айтқызу, белгілі дін қайраткерлерімен кездесу өткізу бағытында жұмыс атқарып келеді.
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті – Қазақстан Республикасындағы жоғары білімді имамдар мен исламтанушылар, даярлайтын бірден-бір жоғарғы оқу орны. Университетте сонымен қатар араб тілі мен әдебиеті оқытушылары, аудармашылары даярланады. Бітірушілерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Университетте Египет пен Қазақстан мамандарының ынтымақтаса еңбек етуіне жол ашылған. Студенттердің араб тілін меңгеру қабілетін арттыру мақсатымен Египеттің әл-Әзһар, Каир, айн-Шамс, Александрия, әл-Миния университеттерінен білікті мамандар шақыртылған.
Студенттердің білім сапасын арттыру үшін мақсатында 2008 жылдан бастап, екі шет тілі (араб және ағылшын тілдері) мамандығы бойынша алғаш рет университетте магистратура ашылып, оқу басталды. Университетте сабақ қазақ және араб тілдерінде жүргізіледі. Университет студенттеріне Египетте арнайы курстардан, машықтанудан өтуге, магистратура мен докторантурада білімін тереңдетуге мүмкіндік жасалған. Екінші курстан бастап, үздік оқитын студенттер Египеттегі әл-Әзһар, Александрия, әл-Миния университеттеріне тәжірибеден өтуге жіберіледі.
Университетте төмендегі мамандықтар бар:
– «Исламтану» (Ерлер бөлімі);
– «Исламтану» (Қыздар бөлімі);
– «050206 – Дінтану»;
– «050119 – Шет тілі: екі шет тілі» (араб, ағылшын тілдері);
– «050207 – Аударма ісі»;
Магистратура
– «6N0210 – шетел филологиясы» (араб, ағылшын тілдері);
– «050206 – «Дінтану».
– Исламтану;
Докторантура
– Исламтану
«Исламтану» мамандығы бойынша бітіруші ер азаматтарға «исламтану бакалавры», қыздарға «исламтану оқытушысы және тәрбиеші» біліктілігі беріледі. «Исламтану» мамандығына мұсылмандық парызын өтейтін, дін қызметкері болуды мақсат еткен жастар қабылданады.
2011 жылдың 23 қарашасында университеттің Қазақстан және Египет тараптарының өкілдерінен тұратын Қамқорлар кеңесінің 4-отырысы өткізілді. Отырыс хаттамасында университет атауын «Нұр» Қазақ-египет ислам университеті» деп өзгерту, университет құрылымына өзгерістер енгізу, жаңа факультеттер құрып, тиісті кафедралар ашу, діни мамандықтар қатарын кеңейту мәселелері қарастырылды.
ҚР Дін істері агенттігінің атсалысуымен ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Нұр» Қазақ-египет ислам университетіне «исламтану» мамандығы бойынша 2011-2012 оқу жылында – 100 грант, 2012-2013 оқу жылында 100 грант, 2013-2014 оқу жылында – 150 грантбөлінді. 2014-2015 оқу жылында 200 грант бөлу жоспарланған.
Жоғары білімді дін мамандарын даярлауды жүзеге асыратын университетте «исламтану» мамандығы бойынша 436 студент білім алуда. 2013 жылы университетті «исламтану» мамандығы бойынша 58 бакалавр, 14 магистр бітіреді.