Қазақстан Республикасы имамдарының білімін жетілдіру ислам институты

    436

    Оқу орнының толық атауы: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің «Қазақстан Республикасы имамдарының білімін жетілдіру ислам институты» жеке мекемесі

    Құрылған жылы: 2002 жыл

    Мекен жайы: Алматы қаласы, Тұрғыт Озал көшесі, 245 үй.

    Қазақстан Республикасы имамдарының білімін жетілдіру ислам институты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен және Ислам даму банкінің қаржылық қолдауымен ашылған. 2002 жылы 10 сәуірде Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігінде №4741900 ДБ тіркеу нөмірі бойынша «Жоғары мамандық беретін білім мекемесі» ретінде тіркелген.

    2012 жылы 7 желтоқсанда Алматы қаласы Әділет департаментінде №114532 МЕ тіркеу нөмірі бойынша жеке мекеме ретінде қайта тіркелді.

    Институттың негізгі мақсаты еліміздегі дін саласында қызмет атқарып жүрген имамдардың білімін жетілдіру болып табылады. Тыңдаушылардың білімін жетілдіру мерзімі төрт айға созылатын курстар бойынша жүргізіледі. Курстар жылына екі рет қыркүйек – қаңтар, қаңтар – мамыр айлары аралығында өтеді. Оқу үдерісі институт басшысы бекітіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісілген оқу жоспары негізінде жүргізіледі.

    Институт ашылғалы 19 топ құрамында 812 тыңдаушы курсты бітіріп шықты. Тыңдаушылар ҚМДБ құрамындағы мешіттердің қызметкерлері болып табылады, олар республиканың барлық аймағындағы облыс имамдарының жолдамасымен жіберіледі. Қазіргі таңда институтта 36 тыңдаушы білімін жетілдіруде.

    Институттағы оқу мерзімі – төрт ай. Пәндер қазақ және араб тілінде оқытылады. Институтта ғылым докторлары, кандидаттар мен жоғарғы білімді ұстаздар дәріс береді.

    Оқытылатын пәндер:

    1.  Фиқһ

    2.  Хадис

    3.  Құран Кәрім және оның ілімдері

    4.  Тафсир

    5.  Қазақстан тарихы

    6.  Ислам тарихы

    7.  Араб тілі

    8.  Қазақ тілі

    9.  Ислам фәлсафасы

    10.  Араб тілінің синтаксисі

    11.  Тәжуид (Құран оқу ережелері).

    Әрбір екі айда тыңдаушылар дәріс алған пәндерінен сынақ және емтихан тапсырады. Сонымен қатар дәріс алушы имамдар «фиқһ», «ақида» және «тафсир» пәндерінен өздері таңдап алған тақырыптар бойынша курстық жұмыстар жазып, өз еңбектерін оқу соңында институт әкімшілігінің жетекшілігімен өткізілетін конференцияда қорғайды.

    Институтта компьютер аудиториялары, оқу талабына сай діни әдебиеттер жинақталған кітапхана, 80 адамдық намазхана және асхана бар.

    Жоғарғы дәрежелі «имам-хатыб» мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіріп, төрт айлық курсты бітірген тыңдаушыларға мемлекеттік үлгідегі диплом (шахада) беріледі.

    Пікір жазу