Оқу орнының толық атауы: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығы» жеке мекемесі
Мекен жайы:Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қосшы ауылы, Набережная көшесі, 31 үй.
Меншік түрі: Жеке мекеме.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығы» 2010 жылдың 30 қазанында Астана қаласының іргесіндегі Қосшы елді мекенінде ашылған. Орталық құрылтайшысы – «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігі.
2011 жылы 25 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң негізінде аталмыш орталық «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің құрамындағы жеке мекеме ретінде 2012 жылдың 20 қазанында Әділет департаментіне қайта тіркеуден өтті.
Бүгінгі таңда орталық базасында 44 шәкірт білім алуда. Ақмола облысына қарасты Сабынды ауылында орналасқан «Астана» медресесінің дайындық курсында 37 қарилар орталығының шәкірттері дайындалуда. Барлығы 88 шәкіртті қамтиды.
Орталықтың бағытына сәйкес Құран, Құран тәпсірі, тәжуид, ақида, хадис секілді пәндер оқытылады. Сонымен қатар жалпы бағдарламалар ішінде құқық негіздері мен ислам ақидасы оқытылады. Барлық пәндер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісілген. Оқу уақыты академиялық сағатқа сәйкес 45 минут болып белгіленген.
Оқушылар бағдарламаны (яғни Құранды) игеру дәрежесіне қарай 4 топқа бөлінеді: 1-топ – 30 пара жаттаған қарилар; 2-топ – 15-29 пара жаттағандар; 3-топ – 1-14 пара жаттағандар; 4-топ (бастауыш) – 1-параға дейін жаттағандар.
Оқу мерзімі – екі жыл он ай. Осы мерзімде тәрбиеленушілер Құран Кәрімді толық жаттап, қари болып шығады. Білім ақысыз негізде беріледі.
Орталықтағы мектеп жасындағы балалардың барлығы жақын орналасқан Қосшы орта мектебінде оқиды. Балалардың зайырлы білімін жүйелі түрде алуы тәрбиешілер тарапынан қатаң қадағаланады.
Орталық кітапханасы қалыптасу үстінде, кітап қорының жалпы саны – 1044 дана. Орталықта 0,5 мөлшерлемемен кітапханашы штаты ашылған.
Орталық шәкірттері оқу орнының басшылығы бекіткен күн тәртібі бойынша білім алады. Бірінші және екінші ауысымда оқитындар үшін жеке күн тәртібі белгіленген. Орталықта шәкірттер төрт мезгіл тамақтандырылады. Жексенбі күні толық демалыс күні болып саналады. Шәкірттерге бос уақытта жеке жұмыстарымен, спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасалған. Орталықта футбол алаңы бар, арнайы орын бөлінген спорт залы қазір жабдықталу үстінде. 30 адамдық компьютер бөлмесі жабдықталған.