«Қызылжар» облыстық орталық мешітінің тарихы «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің алғашқы тұғырнамасы 2001 жылы қаланған болатын. Мешіт құрылысын жүргізу үшін арнайы «Шапағат» қоғамдық қоры (төрағасы Ж.Исқақов) құрылды. Қорға түскен 46 млн теңге тек тұғырнама салуға және жұмыскерлерге еңбек ақы төлеуге ғана жетті, сондықтан құрылыс тоқтап қалды. Мешіт құрылысының жұмысы тек 2004 жұмысы облыс әкімі Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровтың қызметке кірісуімен жандана түсті. Ол Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Сауд Арабы Корольдігіне іс-сапарын сол жылы оңтайлы пайдаланып, Ресеймен шекарада орналасқан Қызылжар қаласы үшін мешіт салудың саяси мәнін Сауд Арабы елінің Королінің тақ мұрагері ханзада Сұлтан бен Абдел Азизге жеткізуін өтінген болатын. Өтінішті дұрыс түсінген Король қайырымдылық көмек жасап, 2 млн АҚШ доллары мөлшерінде қаржыны мешіт құрылысына өзінің жеке қаражатынан бөледі. Мешіт құрылысы жалпы 3 млн АҚШ долларына түсті. Қалған қаржы көздерін табуға Елбасы Н.Назарбаев және облыс әкімі Т.А.Мансұров көмектесті. Мешіттің жобасын «Севгражданпроект» ЖШС және УНЭП АСПОС жасады да осы жобамен Республикалық «Құлагер» құрылыс корпорациясының (президенті Егінбаев Төкен Жылқайдарұлы, облыстық филиалының директоры Нұрғожаев Бақытбек Сыдықбекұлы) құрылысты жүргізді. Сөйтіп, мешіттің 2005 жылдың 27 қарашасында салтанатты ашылуы белгіленіп, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің, облыс әкімі Т.А.Мансұровтың және ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы Жақия қажы Абдоллаұлының қатысуымен ашылды. Мешіттің салтанатты ашылуына Шымкент және Ақмола облыстары шіркеулерінің архиепископы Элеферий, Ресейдің Азиялық бөлігі мұсылмандарының Төрағасының орынбасары Әнуарбек қажы Жүнісов, ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Рахметолла қажы Байменов қатынасты. Мешіт үш қабаттан тұрады: 1 – қабатта қызмет бөлмелері (Бас имам, наиб имамдар, іс басқарушы және есепші кабинеттері), неке залы, асхана, әжетханалар, Таһарат бөлмелері, киім шешетін бөлмелер, автогараж және холл орналасқан. 2 –қабатта ерлердің намаз оқитын залы. Михраб және минбар бар. Екінші қабаттың қабырғаларында, михрабтың айналасында «П» әрпі тәрізді формада және күмбездің үлкен, кіші шеңберлерінде Құран аяттары жазылған. Күмбезде 12 терезе орнатылған, терезелер саны бір жылдағы айға сәйкес келеді. Залдың дәл ортасында таза хрусталдан жасалған, құны 5 млн теңге тұратын, салмағы 800 кг болатын Египет пен Чехия елдері бірлесіп жасаған люстра орнатылған. Люстраның диаметрі 5 метр де, биіктігі 3,5 метр. 3 – қабатта әйелдердің намаз оқитын залы, оқу бөлмесі, намаз үйренушілер бөлмесі және кітапхана орналасқан. Екі қабатта да намаз оқитын залда «Алматы» кілем фабрикасы арнайы дайындаған жоба бойынша 750 жайнамаз орналасқан кілем төселген, қажет жағдайда 1000 адамға дейін бір мезгілде намаз оқуға болады. Бесін намаздарында 20-40 намазхан қатынасады, ал жұма намаздарында 500-600 адам қатынасады. Мешіттің төбесінде биіктігі 42 метр болатын қос мұнара және 4 кіші мұнаралар бар. Мешітке сән беріп тұрған күмбездің биіктігі 32 метр. Мешіттің сыртқы қабырғалары және алаңы түрлі түспен жарықтандырылған, аулада гүлдер егіліп безендірілген, жамағаттың жазғы күндері демалуы үшін гүлзарлар жасалып, орындықтар қойылған. Мешіттің түнгі сыртқы көрінісі қала тұрғындарының қатты қызықтырғындықтан дем алушы қала тұрғындары мешіт маңайына саяхат жасауды дәстүрге айналдырған. Мешіттің жалпы аумағы 3700 шаршы метр де пайдалы аумағы 1230 шаршы метр.