Маңғыстауда иманды серік еткен жамағаттың бет бұрар құбыласы – үлкен бір мешіттің және оған қажет қаражат та жоқтығы жұртты біраз жыл қинап жүрді. Ал 2000 жылы Бекет атаның 250 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақтау орталығынан дүниеге келер болашақ мешіт іргетасының алғашқы кірпіші қаланды. Көп ұзамай құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Бірақ салмақ демеушілерге түсті. Тіпті, сонау ресейдегі қандасымыз Аман Төлеев те мешітке деп 150.000 теңге үлес қосты. Мешіт жобасын «Айсел Қазақстан» компаниясының президенті Серік Сұлтанғалиев жасады. Маңғыстаудағы көне тарихи ескерткіштер ерекшелігі ескеріліп салынған мешіт құрылысы сөйтіп 2002 жылдың желтоқсанында аяқталды да 2003 жылдың 14 наурызында салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл еліміздің батыс аймағындағы үлкен де сәулетті, әрі бірегей мешіт. Мешіттің жалпы аумағы 2810 шаршы метр, бас мұнарасының биіктігі 50 метр. Бір мезгілді мұнда 1000 ер, 300 әйел, 200 шәкірт намазға жығыла алады. Неке қиюға арналған 100 кісілік бөлме де бар. Сондай-ақ мәжіліс залы, кітапхана, 20 ер және 20 қыз балаға лайықталған бөлмелер де бар. Мешіт қабырғалары Алла тағаланың 99 есімі мен сипаты, Құран сүрелері жазылған финнің ақмаржан кірпіштері. Мешіттің «мен мұндалап» тұрған биік мұнарасы мен әдемі күмбезі де бар. Мешіттің бірінші қабатында киімілгіш, қосжарықты вестибюль, фойе орналасқан, ол арқылы үлкен намаз бөлмесіне, діни салт-дәстүрлер залына, имам кабинеті мен жұмыс бөлмелеріне, мұнараға өтуге болады. Үлкен намаз бөлмесінің орталық осі михрабқа бағытталған, оның төбесінде аспан тоғыспасын бейнелейтін күмбез орнатылған. Үлкен намаз залының жобадағы нышаны – төртбұрышты, опырылма бұрыштарымен, орталық үлкен күмбезі бар. Залда мінбер орналастырылған. Үлкен залдың екінші қабатында кіші намаз залы бар, ол да михрабқа бағытталып, үстінде төрт кіші күмбездер орнатылған. Діни салт-дәстүрлер залы – қосжарықты, екі кіші күмбезі бар, үлкен залдың оң жағында, михрабқа бағытталған. Әйелдер залы – қосжарықты, екі кіші күмбезі бар, өзінің михрабы бар. Залға бөлек есіктен кіруге болады. Онда киімілгіш, холл бар. Вестибюль арқылы екінші қабатқа көтерілуге болады. Онда фойе, қосжарықты күмбез, оқу залы мен кітапхана орналасқан. Фойенің үстімен кіші намаз залына және оқу кластары мен имам кабинеттеріне өтуге болады. Оқу бөлмелерінің аралығына орналасқан мұнара мешіт ғимараты үстінен 49,5 метр биікте тұр. Михрабтың, күмбездердің беттері сырланбаған сылақта көркем керамикамен қапталған. Қабырғалар мен арақабырғалар декоративті-көркем өрнектеумен қапталған. Үлкен зал, әйелдер залы және кіші залдардың едендері жылумен қамтамасыз етілген, өрнектермен әшекейлендірілген жәйнамаз-кілемдер төселген. Бас кіріс есіктері жаңғақты ағаштан ойып жасалынған. Ғимараттың қасбеті финдік ақ клинкер кірпішімен қапталған, галереялық арка артындағы қабырғалар – ақ түспен сырланған сылақ. Баспалдақтарға гранит төселген. Үлкен күмбездердің беті, кіші күмбездер көгілдір мозаикалық тақтайшалармен беттелген. Бас порталдың кіріс қуысының қабырғасы – фибробетондық өнім, оған қасиетті Құран аяттары жазылған және мешіт атауы мен Ислам дін өнеріне сәйкес тақырыпта әрленген. Шаруашылық-қызмет үйі мешіт ғимаратынан бөлек салынған. Онда гараж, демалыс бөлмелері, дәретхана бар. Ғимарат аумағына тас төселген, көгалдандырылған, кіріс жол салынған, сыртқы жарықтандыру өткізілген.