1989 жылы Қарағанды орталық мешіті салына бастады. Бірақ әртүрлі жағдайларға байланысты құрылысы 11 жылға созылып кетті. Ақырында 2000 жылдың 23 желтоқсанында мешіт салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысты. Мешіттің көркем безендірілген ою-өрнекті намаз оқитын ерлер және әйелдер залы сымбатымен көз тартады. Сондай-ақ неке қиятын, балаға азан айтып ат қоятын күмбез асты бөлмелері, дәріске арналған 40 адамдық екі сынып орны да іске қосылған. Мәйіт сақтайтын, жуатын, кебінге орайтын бөлме, 300 кісілік асхана және кітап сататын да дүкен ашылған. Мешіт имамдары жоғары оқу орындары, әскери бөлімдер, түрмелерде айына 1 рет уағыз айтады. №7 балалар үйінде апта сайын имандылық дәрістерін өткізеді . 70 жыл бойы ұмытылған «Мәуліт» тойы қаладағы ең үлкен ғимарат – кеншілердің мәдениет сарайында Құран оқу жарысымен бірге өткізілді. 1995 жылы жұма намазға келетін адам саны шамамен 15 қана болса, қазір 500-ден асады.
|