Жезқазған орталық мешіті 1983 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғаш мешіт ашылғанда онда діни білімі бар, Жезқазғанның байырғы тұрғыны Мұхамедия қожа Байменұлы ( – 1984) имамдық еткен. Мешіт екі-үш бөлмелі үй еді. 1988-2003 жылдары мешітте Исмаилов Яхия қожа Абдуллаұлы имамдық етті. Ол жаңа мешіт салуды ұйымдастыруды қолға алды. Мешіт жобасын жергілікті сәулетші Серік Ибраев жасады. Мешіт салуға «Казахмыс» корпорациясының Бас директоры Т.М.Урумов көмектесті. Сөйтіп 1992 жылы жаңа мешіт есігін ашты. Жетпіс жылдық құрсауда қалған дінімен қайта қауышқан елдің қуанышында шек жоқ еді. Намаз бөлмесінің көлемi 414 шарты метр, ұзындығы 24, ені 18, күмбездің биіктігі 16, мұнарасы 24 метр. Қала әкімшілігі халық тілегін қабыл алып, қала ортасынан бала бақшадан 400 шаршы метр жер бөліп берді. Жөндеуден өткізілген соң, ол діни сауат ашу курсына айналдырылды. Мұнда үлкен де, кіші де діни дәріс алады.
|