Мәйiт сүйегi қабiрде әбден шiрiп жоқ болды-ау дегенге дейiн қабiрдi ашу харам. Бірақ та мәйiт бiреуден тартып алынған кебінге кебінделген немесе тартып алынған жерде жерленген, яки жер иесi мәйіттің онда жерленуіне қарсы болса, немеcе мәйiт түрлi дүние-мүлiкпен бiрге жерленсе, қабірді қайта ашуға болады. Бұл ретте мәйiттiң бұзылған-бұзылмағандығына қарамайды. Мәйіттің жақындары жерді немесе кебін ақшасын иесінен сатып алса, яки басқа жолмен ризашылығын алған жағдайда қабір қайта ашылмайды. Сондай-ақ, қылмысты тексеру секілді кейбір себептерге байланысты құзырлы органдар қабірді ашуды талап еткен жағдайда, талап орындалады.