Пәтуа дегеніміз – ислам шариғатында құзыретті адамның (беделді дін ғалымының) шариғи қағидаттарға, діни-құқықтық проблемаға қатысты қойылған сұраққатиісті дәлелдермен берген жауабын айтамыз. Көпше түрі «фәтауа».
Белгілі болғаныдай, әр бір ғасырдың, әр бір кезеңнің өзіне қатысты проблемалары туындайды. Қазіргі таңда үлкен ислам ғұламалары мен ғалымдары, өз заманының муджтахидтері соларға исламның көзқарасы бойынша, түрлі иджтихадтық әдістері мен механизмдерді қолданып жауаптарын беруде. Қасиетті Құранның «Наһл» сүресінің 43-аятында айтылғандай:
فَاسْأَلُواْ أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ (Егер білмесеңдер, Кітап иелерінен сұраңдар).
Шариғат тағылымдары мен ережелерін тәпсірлеу барысында дін ғалымдарымұсылман үмметін алаңдатқан барлық сұрақтары мен проблемаларының шешімдерін табу үшін Құран мен сүннеттен «пәтуалар» шығарған.
Туындалған сұрақтарға жауап беріп, арнайы пәтуаларды шығаруды алғашқы болып Мұхаммед пайғамбар өз сахабаларына үйретіп кеткен. Ол қоғам арасында таралып жатқан бұрмаланған түсініктер мен жалған стереотиптерді жою үшін, білмейтіндерді ағарту, әрі белгілі бір көзқарасты қалыптастырып бекіту үшін кейбір сұрақтарға олар қойылмай тұрып жауап беруші еді. Пайғамбардың дінді түсіндіру жұмыстарында сұрақ-жауап үлгісін пайдалануы сүннетте жиі кездеседі. Мысалы, Бухари мен Муслимде келтірілген бір хадисте әйгілі сахаба Абу Мұса Әл-Ашғари пайғамбардан шараптардың сан-алуан түрлерінің рұқсат етілгендігі жайында сұрағанда «афтина фи…» («бізге … қатысты пәтуаны шығаршы») формасын қолданған.
Пәтуаның исламда алатын орны орасан үлкен. Ал діни-құқықтық сипаттағы сұрақтарға жауап беруші тұлға «муфти» деп аталады. Оның берген дәйектемесі немесе шығарған үкімі пәтуа болып табылады. Сонымен қатар муфтидің қызметі шариғатты жеткізу әрі түсіндірумен шектелмей, заңшығарушылық функцияларды да қамтиды. Дәлірек айтқанда муфти түрлі иджтихадтық механизмдерді пайдалана отырып, Құран мен сүннетте «астыртын, жасырын немесе көрсетілмеген» мәселелердің тереңірек әрі толыққанды жауаптарын беру жауапкершілігіне ие тұлға болып саналады. Муфти пайғамбардан иджтихадтық ізденістер мен өзіндік пайымдаулары арқылы шариғи көздерден заңдарды шығаруға құқықты болды. Сахабалар туындалған кез-келген мәселелер бабымен Мұхаммед пайғамбарға баратын. Бір кездері ол өзінің кейбір сахабаларына пәтуа шығаруға рұқсатын берген. Солардың бірі Йеменге билеушінің өкілі ретінде жіберілген Муаз ибн Джабаль болатын. Пайғамбардың дәуірінен кейін ең білімді сахабалар діни сипаттағы көптеген сұрақтарға байланысты пәтуалар шығарған. Ал әділетті халифтармен қатар Омар ибн Хаттаб сахабаның немересі Омар ибн Абд әль-Азиз бір уақытта мемлекет басшысы және муфтилік қызметтерді қатар атқарған. Алайда кейінгі кезеңдерде бұл функциялар екіге бөлінді. Исламдағы негізгі құқықтық жүйелер муджтахидтер тарапынан дайындалып, арнайы жинақтар ретінде кітап болып шығарылды. Мұндай еңбектер жауап берілген құқықтық сұрақтарға қайта жауап іздемеуге жол береді.
Жауапкершіліктің жоғарылығына қарай пәтуаны шығаруға құзыретті болып табылатын тұлғаға қойылатын талаптар да қатаң болмақ. Солардың бастылары:
1)Муфти шариғаттың ең басты көздерінен – Құран мен сүннеттен терең білімге ие болуы;
2)араб тіліне қатысты толыққанды лингвистикалық әрі филологиялық біліктілікке ие болуы;
3)әр түрлі құқықтанушылардың (фуқаһа) еңбектерін зерттеуі;
4)фиқһтағы консенсус (иджма) және қайшылықтарды (ихтиләф) дәйектемелерімен зерттеуі;
5)шариғи көздерді меңгерген маман ретінде «қиястың» (салыстыру арқылы пайымдау) қолдану ережелері мен аясын жақсы білуі керек.
Осыған орай пәтуа шығарауға құқылы болып табылатын муфтидің ой-өрісі кең, өмірлік тәжрибесі көп, тарихи және әлеуметтік танымының терең болуы қажет. Ал көркем мінез-құлық пен тақуалық, әдептілік – муфтидің басты қасиеттері болып табылады. Муфти бір адамның немесе қауымның «көңіліне» қарамай, өзінің білімділігі мен біліктілігіне, әрі әділетті негізде дұрыс деп тапқан пәтуаны шығаруы тиіс. Мұндайда ол Жаратушыға қайтарылатынын есте ұстап жүруі маңызды.
ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау
орталығы» РММ исламды зерттеу
бөлімінің аға ғылыми қызметкеріМуслимов М.Ж.