Өткен айда Алматы орталық мешітінде «Объективтегі ислам» атты фотобайқау жарияланған болатын. Байқаудың мақсаты Ислам дінін жан-жақты насихаттап, халқымыздың асыл дінімізге деген қызығушылығын арттыру және жастарымыздың, жамағаттың, сондай-ақ суретке түсіруші мұсылман жамағатының Ислам дініне деген қатынасын нығайту болды. Оған 40-тан астам еңбек келіп түсті. Соның ішінен ең үздік деген 3 адамның еңбегіне арнайы жүлде беріліп, ұмра қажылығы және бағалы сыйлықтар табысталды.

Байқау барысында бірнеше еңбектерді талқылап, олардың әрбірінің суреттерінің сапасына, түсіру деңгейіне, ой-тұжырымына және түсірілген суреттерге қосымша жазылған мағлұматтардың мәтіндеріне жіті мән берілді.

Құнды да игі шығармалардың ішінде түрлі бағалы дүниелер кездескенін және қазіргі қоғамдағы Ислам дінін дамыту бағытында атқарылып жатқан істердің де көрініс тапқанын және осы жайында арнайы мағлұмат берілген жұмыстар да кездескенін жеткізді сарапшылар.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Жеңіп тұрып, жарыстан шығып қалды

Нәтижесін 7 маусым, жұма күні Алматы орталық мешітінде Бас имам Нұрбек қажы Есмағанбет бастап және арнайы демеушілік көрсеткен «Хикмет тревел» компаниясының директоры жамағат алдында қорытындылады. Жеңімпаздарды құттықтап, жүлделер табыстады. Айта кетейік, І-орынды Нұртай Абдикаримов иеленіп, Рамазан айының соңғы он күніне ұмра қажылығын жеңіп алды. ІІ-орынды Дайрова Әсем жеңіп алып, арнайы NikonCoolpix L820 маркалы фотоаппаратты қанжығаласа, ІІІ-орынды Жолдасбаев Ильяс ұтып алып, NikonCoolpix L320 маркалы фотоаппаратты қанжығасына байлады.

Жұмаға келген жамағат байқауға қызығушылық танытып жатты. Ислам дінін жан-жақты дамыту жолында барынша қызмет етіп жатқан барша мұсылмандарға Алланың нұры жауғай!

Досымжан  БӨГЕНБАЕВ,

Алматы орталық мешітінің баспасөз хатшысы.

 

Пікір жазу