Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздің имам-молдалары мен дінтанушы-ғалымдары үшін 2014 жыл – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Бұл туралы діни басқарманың muftiyat.kz сайты хабарлады.
Бас мүфтидің дін қызметкерлеріне жолдаған Үндеуінде дініміз бен дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аударылған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы бағытта төмендегідей іс-шаралар мен игі жобаларды жүзеге асыратын болады:
1. Тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, дініміз бен ділімізді жаңғырту;
2. Исламмен бітеқайнасқан салтымызды насихаттау;
3. Жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыру;
4. Имандылықты жырлаған қазақтың ақын-жазушылары, жыраулары, би-шешендері мен қайраткерлерінің тұлғалық қасиеті мен баға жетпес бай мұрасын насихаттау;
5. Жамағатқа шариғаттағы әдет-ғұрыптың орны мен рөлін түсіндіру;
6. Жамағатты салт-дәстүрді құрметтеуге, қастерлеуге үгіттеу;
7. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.
«Осы бағытта конференциялар мен кездесулер ұйымдастыруды, арнайы уағыз-насихат жүргізуді, кітапшалар шығаруды, телерадио жобаларын жүзеге асыруды тапсырамын» делінген Ержан қажы Малғажыұлының Үндеуінде.
Айта кетерлігі, жуырда Бас мүфтидің бастамасымен жарыққа шыққан «Дін мен дәстүр» атты кітап жамағатқа жол тартты. Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен әдебиеттанушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішев жоғары бағасын берген, ұлтымыздың қос қанаты іспеттес – дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттайтын тұңғыш туынды зиялы қауым өкілдерінің қызу қолдауына ие болды. Басқарма өкілдерінің айтуынша, алғашқы ізденістің жемісі болған «Дін мен дәстүр» кітабының екінші, үшінші томын шығару көзделіп отыр.