«Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» Бақара сүресі (183)

 

Нағыз мұсылманның жанын тазартқысы келіп, Жаратушы иесіне жақындай түсуге асығатын ең қадірлі мезгілі – Рамазан айы. Шайтан атаулы кісенделіп, тозақ есігі жабылып, жаннат қақпалары ашылатын бұл айдың берекесі мен қасиетін санамалап айтып шығу мүмкін емес.

 

 

Рамазан – рухани кемелдену айы

 

 

 Әбу Сағид әл-Худри (Аллаһ оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.) «Кімде-кім рамазанда ораза тұтса, шектерін білсе, онда (рамазанда) сақтану керек нәрселерден сақтанса, өткен күнәларын кешіреді» деп айтқанын естідім», – деген.

Тәні де, жаны да бар жануардан адамды, әлбетте, рухы ерекшелеп, биіктетіп тұрады. Рух – адамға тән құбылыс. Сол себепті де адамның рухани дүниесін кемелдендендіріп отыруы тиіс. Құрсақты қана қанағаттандыру адамды аздырары сөзсіз. Қарынның ашуынан да рухани аштықтың адам өркениетінде қауіпті екені белгілі. Адамзатты ізгілікке бастаудың көпірі – құлшылық, Жаратқан иесін тану. Рамазан – пенденің Алла алдында дәрменсіздігін сезініп, құлшылықтан қуат іздейтін, рухани ізденістің айы. Пенде оразаның арқасында нәпсісін толық ауыздықтап, өзі де Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған тақуа құлға айналады. Ораза тұтқан кез келген адам өзінің ораза ұстамаған бұрынғы бейғам күндеріне қарағанда тазалықты, пәктікті сезінеді. Яғни, ораза тұтқан адамның рұқсатсыз еш нәрсеге, тіпті бір жұтым суға да қол соза алмауы барлық нәрсенің иесі өзі емес, өзінің бар болғаны әлсіз құл екенін түсінуіне себепші болады. Барынша әлсіздігі мен мұқтаждығын сезініп, Алланың рақымдылығына қарай бет түзейді. Ораза тек тамақтан ғана тыйылу емес. Қарыныңды ашырғанымен, рухани тоқтықта жүресің.

  Ораза тұтастай ұсталынғаны жөн. Кәміл ораза бүкіл мүшелердің тегіс атсалысуымен жүзеге асады. Мәселен, асқазанды астан тыю секілді, тілді өтірік-өсектен, бос сөзден алыс ұстаған жөн. Көз харамға қарамауы тиіс, ешкімнің кемшілігін іздемеуі керек. Құлақ ғайбаттан, жағымсыз нәрселер естуден аулақ болғаны жөн. Денедегі мүшелерін тегіс іске қоса алмаған жан сырттай ғана ораза ұстаған болғанмен, оның түпкі негізіне бойлай алмайды. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Небір ораза ұстайтындар бар, бар тапқаны ашығу мен шөлдеу ғана» (Ахмад б. Хәнбал, 2/44) деуі де осы шындықты ұқтыра түскендей.

 

 

Рамазан – денсаулық айы

«Әр нәрсенің бір зекеті бар. Тәннің зекеті – ораза. Ал ораза – сабырдың жартысы» 

Ораза тұтудың жоғарыдағыдай рухани құндылығымен қатар, медициналық пайдасы да ұшан-теңіз. Ашқұрсақ жүргенде асқазан тынығумен бірге, жасушалар да жаңара түседі. Жаз айларында ауыз бекіткенде күн ұзақ болғандықтан, ас қорыту жүйесі, бауыр, ішек құрылыстары, ас қорыту ферменттері мен өт жолдары, ұйқы безі тынығады. Жүректің қан қысымы қалыпты жағдайға түсіп, қан айналымы жақсара түседі. Ораза адамның ішкі мүшелеріне жиналатын майларды ерітіп, метоболизмді жандандырады. Бүйрек, бауыр, қуық, сусамыр (қант диабеті), жүрек пен тамыр ауруларына қарсы төзімділікті арттырады. Ас қорыту жүйелерінің тынығуы токсиндерден, яғни зиянды заттар мен қалдықтардан тазартады, адамның ішкі мүшелеріне жиналатын майларды ерітіп, метоболизмді жандандырады.

  Адамдағы шайтани әрі нәпсіқұмарлық сезімнің оянып, қозуы жыныстық гормондардың әсер-күші мен олардың мөлшеріне байланысты. Ораза аталмыш гормондардың қандағы мөлшерін азайтатындықтан, ол адамдағы құмарлық сезімді басады.

  Ораза кезінде күндізгі уақыттарда қандағы холестерин деңгейі төмендейді. Тамырдың жақтауларында бірігіп қалған ескі холестерин, май қалдықтары бірте-бірте қан айналымына араласап, еріп, қаттылығын жоғалтады. Әсіресе, түстен кейін қан қысымы біраз төмендейтіндіктен, тамырдағы қысымның азаюы себепті рахат күй кешу, демалу байқалады. Осыдан барып, артериослероз (жүректің қысылуы және сал болу себептері) ораза мен дәреттің ортақ әсерімен жойылады.

  Жүрекке келсек, жүректің үстінде оған кері әсер ететін үш жақ бар: тамырдың қаттылығы, жүйкенің шаршауы, асқазанға ылғи да қысым түсетіндігі. Ораза ұстаған адам осының үшеуінен де зиян шекпейді. Дененің химиялық үрдістері ең алдымен қанда өтеді. Әр түрлі қоректік заттар мен қорғану заттары, тыныстау алдымен белгілі бір қан деңгейінде қайталанып отырады. Бұл заттар қоюланған сайын дене де соған сай белсенді әрекетке көшеді. Ауыз бекіткен адамдарда бұл заттар қатары көбеймейді. Оның ең төменгі деңгейде қалуы қандағы химиялық процестердің оңай жүруін қамтамасыз етеді. Әлсіздігін алға тартып, ораза ұстамағандар өздеріндегі сол әлсіздікке ораза тұтпағандықтары себеп болып жатқанын біле бермейді. Өйткені, әлжуаз адамдардың қанындағы химиялық процестер тепе-теңдік сақтауда қауқарсыздық танытады.

 

 

Рамазан – тәрбие айы

 

 

 «Бір-бірлерін жақсы көруде, бір-бірлеріне жаны ашуда, бір-бірлеріне мейірімділік таныту тұрғысында мүминдер тұтас бір ағза секілді. Дененің бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері қосыла сыздайды»

 (Хадистен)

  Ораза қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің қыр-сырын түсіндіреді. Қарыны ашып, шөлдеген мүмин ішерге асы, киерге киімі жоқ міскіндердің халін жүрегімен түсініп, мейірімділік көзін ашады. «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін» (Бақара сүресі, 184). Дінімізде белгілі ораза ұстауға шамасы келмейтіндер де Алланың шексіз мейірімінен шет қалмайды. Оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырудың астарында қоғамдағы тепе-теңдікті сақтаудың, мейірімді болудың кілті жатыр. Алланың разылығын үміт еткендер нәпсісін тежеп, сабырлылықтың биігінен көрінеді. Ораза ұстап, шөлге, аштыққа, жүйкесін тоздырар жағдайларға сабырлылық таныта білген адам өмірдегі басқа да ауыртпашылықты қайыспай көтере алады. Өмірлік ұстанымы айқын, нәпсісін кез келген уақытта тежей алар адамды қалыптастырудағы оразаның ролі ерекше. Ауызашарға бір-бірін шақырып, имани ортада бас қосып, тарауих намазына жиналып, бір сәждеге бас иген пенделер арасында достық орнап, бірлігі нығаймақ. Қадір түнін бір күтіп, Айт мерекесі қуанышын ортақ бөлісу де бауырластықты арттырып, мұсылмандар арасында сүйіспеншіліктің беріктігіне алып келеді. Алланың мейіріміне бөленуде зекеттің пайдасы ұшан-теңіз екенін білсек, рамазан – зекеттің көп берілер айы. Рамазан айы келгенде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ерекше жомарт мінез танытатындығы жайлы Абдуллаһ ибн Аббас былай деген: «Аллаһтың елшісі адамдардың ең жомарты еді. Ораза айында Жебірейілмен бірге болған кезде қолындағысын тегіс тарататын. Жебірейіл әр түні келіп, Оған Құран үйрететін. Жебірейілдің өзі «Аллаһтың елшісі берекет әкелуші желден де жомарт» деп мадақтаған» (Муслим, Фәдәил, 12). Демек, ораза жомарттылыққа да тәрбиелейді.

Алла Тағала оразаны басқа ғибадаттардан ерекшелеп, оның сауабының қаншалықты екендігін Өзі ғана білетіндігін айтқан.

  Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Алла елшісінен (с.а.с.) риуаят еткен қудси хадисте: Алла «Адам баласының басқа барлық амалы өзі үшін. Ал (ораза) Мен үшін, оның сауабын Мен беремін» деген. (Сахих әл-Бұхари, Китәб әс-саум, 1771)

Ораза – әр адам көп сауап алып, рухы кемелденіп, жаны да, тәні де тазарар береке айы. Алланың пендесіне деген ерекше махаббаты көрінер айлардың сұлтаны – рамазан айының мүмкіндігін жіберіп алмағанымыз жөн.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Дербісәлі Әбсаттар қажы. «Рамазан – нұр шашқан ай!» – Алматы: «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры», 2010. – 52 бет.

2.Фиқһ әл-ғибадат. / Құраст.: Р.С. Мухитдинов. – Алматы, 2010. – 544 бет.

 

 

Пікір жазу