«Хизб-ут Тахрир» (Азаттық партиясы) – бейресми діни-саяси партия. Оның толық атауы «Хизб-ут Тахрир әл-ислами» деп аталады. Негізін қалаған Мысырда дүниеге келген палестиналық шейх Тахуддин Наббахани. Алғашында ол «Әл-Ихуан-ул-муслимин» («Мұсылман бауырлар») ұйымының үрдіндік бөлімшесі қатарының белсенді жетекшілерінің бірі болған. Кейін белгілі бір діни мәселеде (ақида бойынша) ұйым мүшелерімен келісе алмағандықтан ол ұйымнан шығып кетеді. Өзге палестиналық арабтармен бірігіп 1953 жылы «Хизб-ут Тахрир» партиясын құрады. Оны құрудағы басты мақсаттары – Палестина жерін израильдік басқыншылардан азат ету.

Партияның саяси әрі рухани жетекшісі Тахуддин Наббахани өз көзқарастары мен ұстанымдарын «Ислам жүйесі», «Хизб-ут Тахрир ұйымдары», «Ислам әлеміне күшті дауыс» және басқа кітаптарында тұжырымдайды. Оның тұжырымдарының мәні – мемлекеттік шекара деген ұғымды мұсылмандар мойындамауы керек, яғни мұсылмандардың барлығы бір Ислам мемлекетінде, бір халифтің басқаруында өмір сүрулері керек деген идеяға келіп тіреледі. Аталмыш идея келе-келе араб елдері аумағынан шығып, Батыс Еуропаға тарады. Партияның бөлімшелері кейін Мысыр, Үрдін, Тунис, Кувейт және Түркияда ашылып, ықпал ету аумағы біршама кеңейді.

Кеңестер Одағы ыдырап, оның құрамындағы Орталық Азия елдері мен Қазақстан егемендігін алғаннан кейін Хизб-ут Тахрир өз белсенділіктерін сол аймақта да жүргізе бастады. Ол елдердің мемлекет басқарудағы тәжірибесінің аздығы және заңдарының осал жақтары, ең бастысы, мұсылман дінінің жандануы олар үшін оңтайлы жағдай туғызды.

Бұл партияның көздеген басты мақсаты – мұсылмандар арасында идеологиялық жұмысты Жан-жақты жандандыру арқылы мұсылман үмметінің, қажет десе өзге діннің жақтастарының сана-сезімдеріне төңкеріс жасау және сол арқылы саяси билікке қол жеткізу. Олардың бұл ойларын «Ислам жүйесі» атты кітабының алғашқы беттерінен-ақ байқауға болады. «…адамның өмір жолын өзгертіп өркендеген өмір жолына бастамақшы болсақ, оның түсінігін өзгертуіміз керек». (3б) Ал дұрыс түсінік қалыптастырудың жалғыз жолы, кітап авторының айтуынша, – «осы дүниедегі өмір туралы ең дұрыс түсінікті қалыптастыру». (3б)

Өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін әрі әлемдегі толып жатқан оқиғаларға байланысты өз қарастарын насихаттау үшін 1988 жылдан бастап ай сайын «әл-Ваъй» (Сана-сезім) атты журнал мен апталық «әл-Хадара» («Өркениет») газетін түрлі тілдерде мол таралыммен шығарып тұрады.

Сабақ алу мен насихат тыңдауды «дәріс» деп атайды. 4-5 адамнан құрылған шағын топты «халқа» дейді. Олар мүшрифтен (мұғалім, жетекші) дәріс алады. Оқу мен тағылым аптасына кемі бір рет өткізіледі. «Халқа»-дағы топ мүшелері бір-бірлерін тек есімі немесе лақап атымен ғана біледі. Ұйым мүшесі қандай жағдай болмасын өз іс-әрекеті туралы сыр шашпайды, аузына берік. Өлке жетекшісін (мұғтамад) партия басшысы (әмір) тағайындайды. Оған аймақ басшысы (масғул) мен аудан жетекшісі (мусаид) бағынады. Аудандар да жеке-жеке аумаққа бөлінеді. Төрт мүшрифтен құрылған ауыл аппаратын нақиб басқарады. Нақиб өзіне жәрдемші етіп найб (көмекші) және ақша жиюшы таббаруъды тағайындайды. Ауыл аппараты айына ең кемі бір рет бас қосады.

Партияның әрбір мүшесі өз мүмкіншілігіне қарай айлық табысының 5-10 пайызын жарна ретінде төлеп тұрады. Жиналған ақша түрлі техника аппараттарын, байланыс құралдарын сатып алу, тағы да басқа қызметші ұстау, шет елдерден келетін кітаптар, үн-бейне таспаларды таратып, оларды тәржімалауға жұмсалады.

Бұл ұйым күресінің негізгі үш тағаны мынау:

1. Идеялогиялық күрес;

2. Идеялогиялық төңкеріс;

3. Үкіметті қолға алу.

Бұл партия осы тағаналардан 13 жылда түгел өтеміз деп ойлады. Бірақ, кейбір ішкі проблемалар мен түрлі саяси қысымдарға орай сондай-ақ көпшілік жамағат тарапынан қолдау таппағандықтан мақсаттары жүзеге аспады. Соң олар жоспарын отыз жылға созды. Ол мерзім де бітіп, күндер, жылдар өтсе де әлі күнге дейін ештеңе өзгерген жоқ. Сонда да белгілеген мақсаттарын жүзеге асыруда ұйымшылдық танытуда. Сол ұйымға мүше болған азаматтардың белсенділік көрсетіп көшелерде, жолаушы транспорттарда парақ таратып, идеялогиялық күрес алып бара жатқанына бәріміз куәміз. Бірақ барлығы бос қиял болып қалуда.

«Хизб-ут Тахрир» құрылымы жай бір ұйым емес, ұйымшыл, белсенді іс-әрекет жасауға қабілетті, тәртібі күшті ұйым. Ал енді бұл ағымның қателігі мен адасушылығы туралы өзіміздің ақида және мазһаб көзімен бағалай кетейік.

Бірінші. Олардың басты талабы – халифат құру. Мұны мұсылманшылықтың негізгі шарты деп айтады. Ибн Омардың (р.а.) риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылман үмметіне: «Ислам бес нәрсеге негізделген:

1. Алла Тағаладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед (с.а.у.) оның елшісі деп куәлік беру;

2. Намаз оқу;

3. Зекет беру;

4. Рамазан айында ораза ұстау», – деп баян етеді. (Бұхари мен Муслим);

5. Қажылыққа бару

Мұнда тағы басқа да аят-хадистерде халифаттық исламның шарты деген бірде-бір ұғымды байқамаймыз. Ислам діні Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде кеміл болды. Бұған Алла Тағаланың:

«Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым», («Мәида» сүресі, 3-аят) – деген аяты дәлел.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадис шарифтерінің бірінде:

«Халифалық менен соң отыз жыл. Одан соң патшалық пен әмірлік басталады», – деген. (Термизи және Ахмад)

Халифалық Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) соң біраз уақытқа ғана созылғаны белгілі. Бұл отыз жыл Мұхаммед (с.а.у.) дүниеден озған соң халифалық еткен Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әли (р.а.) дәуірлеріне тұра келеді. Осы төрт халифа Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шынайы орынбасарлары, ал кейінгілері тек өзіне қарасты жерлер мен мемлекеттерді ғана басқарған әмір мен патшалар болғанын деректер дәлелдейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) уахи етілмеген көптеген мәселелерде сахабалармен бірге кеңескен, мұсылман үмметіне де осылайша тағлым еткен. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) кейін мұсылмандарды басқарған төрт халифа да көпшілік жұрттың дауысымен сайланғанын тарихтан білеміз. Ал, халықтың қалауынан тыс билікке таласу, радикал әрекеттерді жасау, террордық акттерді ұйымдастыру және адамның арасына іріткі салып, дау-жанжал көтеру шариғатымызға жат.

Халифалық отыз жыл дәуірледі. Умауи, Аббаси және Османи түрк халифалығына тарих деректерінде халифалық аты берілгенмен ақиқатта олай емес. Оларды империя деп атауға болады. Сондықтан «Хизб-ут Тахрир» жамағаты да ислам империясын құруды құмсауда деп айту орынды. Бұл мұсылмандар мен басқа дін өкілдерін қарама-қарсы қою, мемлекетара, ұлттарара, діндерара қақтығыстарға жол ашу дегені. Дініміз ынтымақ-бірлікке және достыққа шақырады.

Бүкіл мұсылман әлемін бір империяға біріктіру ақылға сыймайды. Құр қиял. Қазір мұсылмандар әлемнің көптеген елінде тұрады. Тілдері де алуан түрлі. Бір тілде сөйлейтін жиырмаға жуық араб мемлекеттері өзара бас қоса алмай, біріне-бірі қырын қарап отырғанда басқалары туралы не деуге болады?! Халифат құру жас балаға айтылар ертегі сияқты. Нақты өмірден мүлдем алыс. Ендеше, халифаттықты кім қолдай қояды екен?!

Халифаттықтың отыз жылға созылғанына бір себеп не бір хикмет бар шығар. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өлімі мұсылмандарға қатты әсерін тигізді. Оның (с.а.у.) өлімі кейбіреулерге өмірдің тоқтағандық, діннің аяқталғандық ойларын салды. Бір топ мұсылмандар діннен шығуға да дайын еді. Ол кезде мұсылмандарға бір күн де халифасыз болуға дұрыс еместі. Отыз жыл ішінде мұсылмандар көнігіп, имандары берік орнықты, діни сенім-нанымдары мен көзқарастары тұрақтанды, Ислам діні алыс өлкелерге жетті. Соң халифалық сияқты империяға қажеттік қалмады.

«Ислам империясын құру» идеясын көтеріп жүрген бұл ұйымның алдына қойған мақсаты – Ислам дінін, халифаттықты шатыр етіп, түбінде өздерінің саяси ойларына жету.

Екінші. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 59-аятында:

«Ей, мүміндер! Аллаға бойұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріңе бойұсыныңдар», – деген.

«Әмір иелері» яғни басшылар көпше түрінде айтылуы мұсылмандардың дүниеде бір елде емес, әлденеше мемлекетте әлденеше басшысы болуына уаһи.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінің бірінде:

«Менің үмметім ішіндегі әр түрлілік рахмет-береке», – деді.

Құран Кәрім мен Сунна негізінде қаланған ең тұра «әһл әс-суннат уә әл-жамағат» ақидадағы екі бағыт (әл-Мәтуриди мен әл-Әшғари) және және фиқһ мәселелеріндегі төрт мазһаб (Ханафи, Шафий, Мәлики, Ханбали) мұсылман үмметінің ала ауыздығы емес, кеңшілігі мен рахметі деп қабыл аламыз. Мұсылмандардың да түрлі мемлекеттерде түрлі тәртіп және даму жолында тіршілік етулері Алланың мейірімі мен шапағаты деп түсінеміз.

Үшінші. Ата-бабаларымыз ұстанған бір-ақ жол бар. Ол – «әһл әс-суннат уә әл-жамағат» жолы. Біздің жолымыз да сол. Ислам діні мұсылмандардың басқа жолдарға бөлінуіне қарсы.

Алла Тағала бұл жайлы былай дейді:

«Түп-түгел Алланың жібіне жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Мұндағы «Алланың жібі» дегенді тәпсіршілер «Құран Кәрім» дейді.

Имам Табарани Әбу Саид әл-Худриден (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Алланың кітабы – Алланың аспаннан жерге тартылған жібі» – деген.

Аллаға шүкір, ақида саласында әл-Мәтуриди (р.а.), фиқһте имам Ағзамдай (р.а.) мужтаһид ғалымдарымыз дінді анасы баласының аузына нан шайнап салғандай түсіндіріп берді. Иншаалла, хадисте айтылған сол жіп ешқашан үзілмейді. Оны бекем ұстасақ тұра жолдан адаспаймыз да, Алланың рахметі мен Пайғамбардың (с.а.у.) шапағатына бөленеміз.

Имам Муслимнен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Әрине, Алла сендерден үш нәрсені ұнатады, олар:

1. Аллаға ғана ғибадат ету, Оған басқаны серік қоспау;

2. Түп-түгел Алланың жібіне жабысып, бөлінбеу;

3. Сендерге басшы болғандарға мойынсұну», – деген.

Құзға құлап кету қаупінде тұрған адамның жіпті мықтап ұстап, өзін сақтап қалған сияқты, тозақ отына түспеудің бірден-бір жолы Құран Кәрім мен сүннеттен айырылмай, түрлі топтарға бөлінбеу.

Төртінші. Бұл партияның мағынасына, ислам партиясы деудің өзінде үлкен қауіп бар сияқты. «Азаттық» сөзінің астарында «көтеріліс», «төңкеріс», «күш қолдану» деген ұғымдар жатыр. Өйткені, тарихтан белгілі азаттықта қантөгіспен жетеді. Олардың Ислам атын жамылып жерімізде не жасағысы келетіні, ашық айтпаса да, түсінікті.

Демократияның принциптері Ислам дінінде де сезіледі. Басшылар сайланады, әркім сайлау құқына ие. Қазақстан халқы өз тағдырын өзі бекітеді, әркім өзін азат, еркін сезінеді. Өзінің ата-бабасының жерінде оған соғыс пен қантөгістің керегі жоқ, басқаға да мұндай сұмдықты тілемейді.

Бұл ұйым өзінің шығарып-таратып жатқан парақтарында қазір де көрші мемлекеттерде болып жатқан оқиғаларды ойына келгенше біліп-білмей талқылап келеді. Мұндай істерді өсек-ғайбат, жала-өтірік сияқты Ислам діні қайтарған жаман қасиет деп қабылдаймыз. Сондай-ақ жұрттың миясын улау деп түсінеміз. Оның орнына ислам құңдылықтары мен иман негіздерін айтып, елдің тыныштығы мен бірлігін уағыздағанда құба-құп болар еді.

Ал, енді бұл ұйымның діни-шариғи мәселелердегі көзқарастарын көріп шықсақ:

Бірінші. «Хизб-ут Тахрир» мүшелері қабір азабы, Дажжалдың шығуы мен Исаның түсуі (ғ.с.) туралы сенімді қабылдамайды. Бұл сенімдегілерді күнәһәр деп санайды.

Әһл әс-суннат уә әл-жамағат сенімі бойынша қабір азабы хақ.

Алла Тағаланың «Ал кім үгітімнен бет бұрса, сонда күдіксіз оған бір тар тұрмыс (қабір азабы) болады. Сондай-ақ оны соқыр түрде жинаймыз». («Таһа» сүресі, 124-аят) және «Ол сендерді бір-ақ кісіден жаратқан. Сендерге (атаның белінде, ананың қарнында немесе жердің үстінде, астында) уақытша тұрақ әрі орын бар. Расында ұғатын қауымға аяттарымызды ашықтан-ашық баян еттік. («Әнғам» сүресі, 98-аят) аяттарында қабір өмірінің барлығына ишара етілуде.

Ибн Хиббән Әбу Һурайрадан (р.а.) келтірген хадисте:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сонда күдіксіз оған бір тар тұрмыс болады» («Таһа» сүресі, 124-аят), – деген аятты оқыған соң: «Бұл аят не үшін түсірілгенін және «тар тұрмыс» не екенін білесіңдер ме? – деп сұрады. Сахабалар: «Аллаһ және Оның Елшісі біледі», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кәпірдің қабірінде шегетін азабы», – деді».

Абдулла ибн Аббастың риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.у.) зират басынан өтіп бара жатып сахабаларға жер астында азап тартып жатқан екі мәйіттің жағдайына нұсқап: «Мына қабірдегі екі мәйіт не үшін азап тартып жатқанын білесіңдер ме?» – деп сұрады.

Сахабалар: «Ақиқатты Аллаһ және Елшісі біледі», десті. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): бұл екеуі үлкен күнә істегендігі үшін азап тартып жатқан жоқ. Бірі кіші дәреттен сақтанбайтын, екіншісі өсек таситын», – деп үн қатты да бір шыбықты алып, екіге бөлді, соң қабірлерінің басына сұғып қойды. Сөзін жалғастыра Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құранға дейін бұл шыбықтар қабірде жатқан жатқан екі адамның азабын жеңілдетеді», – деді. (әл-Бухари, Муслим және Әбу Дәуд).

Ақырзаман келгенде Дажжал шығып адамдарды өзінің жолына бастауы хақ.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Дажжалдың кісенделген мекенінде тұрып:

«Ол Шам теңізінде немесе Йемен теңізінде. Жоқ, шығыс жақтан шығады. Иә, ол шығыс жақтан шығады. Ол шығыс жақтан шығады, – деп қолымен шығыс жақты меңзеді». (Муслим және Әбу Дәуд)

Заман ақырлағанда өзін Құдаймын дейтін Дажжал түрлі сиқырларды жасап көп адамдарды өзіне бағындырады. Сонда көктен Иса (ғ.с.) түсіп, Дажжалды өлтіреді де әлемде әділдік орнатады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл туралы:

«Барлық Пайғамбарлар әке жағанынан бауыр болғанымен аналары бөлек. Бірақ діндері бір. Мен Мариямұлы Исаға (ғ.с.) жақынмын. Өйткені, менімен оның арасында басқа Пайғамбар келмеді. Шынында, ақыр заманда жер бетіне түседі», – деді. (әл-Бухари, Муслим және Әбу Дәуд).

Екінші. «Хизб-ут Тахрир» әл-әмір бил-мағруф уә ән-нәһйу ан әл-мункәр (жақсылыққа шақыру және жамандықтан қайтару) ғамалын қазіргі кезде парыз деп есептемейді. Ислам мемлекеті құрылғанда ғана бұл ғамал әрбір мұсылманға парыз болады деп айтады. Біздің ақидамыз бойынша есе бұл ғамал, әрқашанда, үлкен парыз болып қала береді.

Құран Кәрімде Алла Тағала:

«Сендерден жақсылыққа шақыратын сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар». («Әли Имран» сүресі, 104-аят) және «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тиятын сондай-ақ Аллаға сенетін хайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар», («Ағраф» сүресі, 199-аят) – деп мұсылмандарға ашық әмір етеді.

Пайғамбарымыздан (с.а.у.) да жақсылыққа жақсылыққа шақыру және жамандықтан қайтару ғамалының әрбір мұсылманның парызы екені және ол ғамалды тоқтатпай белсенділікпен орындау туралы айтылған хадистері көп.

Оның бірі әрі әйгілісі сахабалардың ұлығы Әбу Саид әл-Худри (р.а.):

«Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Сендерден кім сұрқиялық бір іс көрсе, оны қолымен өзгертсін. Қолынан келмесе, тілімен тоқтансын. Бұған да құдіреті жетпесе, онда жүрегімен қарсы болсын. Бұл иманының әлсіздігінен», – дегенін естіді. (Муслим).

Үшінші. Бұл ұйым ұятсыз суреттерге, арсыз фильмдерге қарауды сондай-ақ бөтен әйелдерді сүю және құшақтап рахаттануды дұрыс деп санайды.

Алла Тағаланың:

«Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол. (Соған бейімдететін әр түрлі әрекеттерден аулақ болыңдар!» – деген маңызда.) («Исра» сүресі, 32-аят), «Мүминдерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Расында Алла олардың не істегендерінен хабар алушы». («Нұр» сүресі, 30-аят) және «Олар Алламен бірге басқа Тәңірге жалбарынбайды. Алла өлтірілуін арам еткен кісіні орынсыз өлтірмейді де, зина қылмайды. Кімде-кім оларды істесе, күнәға жолығады». («Фурқан» сүресі, 68-аят) сөздері зинаның және зинаға жетелейтін әрбір әрекеттің күнә екенін ашық баян етеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) да былай деп көрсеткен:

«Аллаға серік қоспауға, ұрлық жасамауға, зина істемеуге, балаларды өлтірмеуге, өтірік-өсек сөздермен біреуге жала жаппауға, дұрыс істерде қарсылық көрсетпеуге маған уәде беріңіз». (әл-Бухари және Мусли)

Осы мысалдардан «Хизб-ут Тахрир»-ге күпірлік үкімін тағуға хақтымыз. Өйткені, күпірлік Аллаға, Пайғамбарға сенбеу ғана емес, діни үкімдердің біреуіне қарсы келудің өзі күпірлік.

Құран Кәрімде:

«Расында сондай қарсы келгендер және қарсы болған күйде өлгендер, міне соларға Алланың лағынеті әрі періштелердің және біртұтас адамдардың лағынеті болады». («Бақара» сүресі, 161-аят) және «Негізінен ондай аяттарымызға қарсы шыққандарды жедел тозаққа саламыз да олардың терілері жанған сайын азапты татулары үшін оны басқа терілерге ауыстырамыз. Шексіз, Алла тым үстем, хикмет Иесі» («Ниса» сүресі, 56-аят), – деп нақты айтылған сөздер Алланың үкіміне қарсы келгендер үшін ескерту.

Расында, Ислам діні тыныштық, мейірімділік, ынтымақ, бірлікті қолдайтын дін. Ата-бабаларымыз сан ғасырдан бері ұстанған «әһл әс-суннат уә әл-жамағат» ақидасы, имам Ағзам мазһабы біздің ділімізге де тілімізге де әбден сіңіп кеткен. Бұл жолдан ешкім жаманшылық көрмеді. Керісінше, сол діни наныммен жүрген кезде бабаларымыз үлкен мәдени-әлеуметтік және экономикалық жеңістерге қол жеткізді. Егер адасқан бауырларымыз да дінді осылай түсінгенде «соңы күнәсіз адамдардың қаны төгілуіне себепші болады екенмін» деп бұл жолдан қайтар деді.

Мемлектіміздің дүние және дін істері өркениетті жолмен дамуда. Біз – мұсылмандар, Отанымыз Қазақстанның әрбір азаматы осы жолда талмай қызмет етіп, еліміздің аз ба, көп па үлесімізді қосуымыз керек.

Жанжал мен дау ешқашан да жақсылыққа алып бармайды.

Алла Тағалаға иман келтірген пенделерін:

«Аллаға әрі Елшісіне бойұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда сәтсіздікке ұшырайсыңдар да, құттарың кетеді және сабырлы болыңдар» («Әнфал» сүресі, 46-аят), – деп итағатқа бұйырады.

Ғасырымыздың әйгілі ғұламалардың бірі Алжирде өткен конференцияда:

«Алла Тағала маған ислам тарихын жақсы үйрену мүмкіндігін берді. Ислам тарихын айтарлықтай үйрендім, деп айта аламын. Аллаға ант етемін, мұсылмандар, Ухуд күнінен бастап қазіргі уақытқа дейін жат жерлік дұшпанға тізе бүкпеген. Мұсылмандар қанша рет жеңілген болса, тек өзара таласып дауласқандықтарынан жеңілген», – деген.

«Әли Имран» сүресінде:

«Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін де бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне, соларға зор азап бар», – деген.

Сондықтан, есімізді жиып, түрлі топ-ағымдарға кірмей Алланың тура жолында жүрейік те еліміздің, дініміздің абырой мен намысын сақтайық!

Ендеше Алла Тағала былай дұға етуді тағлым етеді:

«Раббымыз! Бізді кәпірлерге масқара етіп қойма. Раббымыз! Бізді жарылқай көр! Сен өте үстем, хикмет иесісің». («Мумтахана» сүресі, 5-аят). Сондықтан, Аллаһ баршамызды тура жолдан адастырмай, нәпсімізді ойлап, дінімізді сатушылардан етпегей! Үлкенді-кішілерге иман, ынсап-тауфиқ нәсіп еткей! Мемлекетімізді Бір-Алланың Өзі пәле-жала, жаман көздерден сақтап, озық елдердің қатарынан қылғай! Әмин!

«Хизб-ут Тахрирдың» кертартпа зиянды сипаттары

1-зияны: Ислам атын жамылып, бейбіт өмір тыныштығын бұзуы.

2-зияны: Мақсат – халифат құру. Бұлар мемлекетті, үкіметті мойындамайды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис шәріпінде: «Халифалық менен соң отыз жыл. Одан соң патшалық пен әмірлік басталады», – делінген. Яғни бұлардың негізгі мақсаты – саяси төңкерістер жасау.

3-зияны: Ислам қағидаларына барынша бұрмалаулар мен өзгерістер енгізу.

4-зияны: Бұл ағым шеттен келген келімсек.

5-зияны: Мұсылмандар арасына жік салу.

6-зияны: Ислам ғұламаларының бірін мойындап, екіншісін мойындамайды.

7-зияны: Мемлекет билігін құлатып, билікке қол жеткізу.

8-зияны: Алтын уақытты осы ұйымның мәселесі жөнінде жиналыстар, басқосулар өткізумен зая кетіру.

9-зияны: Жалаңаш әйел «суретіне», яғни эротикаға рұқсат беруі.

10-зияны: Іс-әрекеттерін әр уақытта жасырын жүргізеді.

11-зияны: Қазақтың тарихын мойындамайды.

12-зияны: Салт-дәстүрдің барлығын бидағат санайды.

13-зияны: Ата заңымызды қабылдамайды.

14-зияны: Мүшелері бірін-бірі тек лақап атпен ғана атап, шын болмысын жасырады.

15-зияны: Хизб-ут-Тахрир мүшелері тапқан табысының 10 пайызын жарна есебінен аударып отырады.

16-зияны: Бұл ұйым күресінің негізгі үш тағаны мынау:

1. Идеялогиялық күрес;

2. Идеялогиялық төңкеріс;

3. Үкіметті қолға алу.

17-зияны: Мазһабтарды мойындамайды. Ата-бабамыз ұстанып келе жатқан имам Ағзам мазһабын бидағат санайды.

18-зияны: Қабір азабын, Дажжалдың шығуы мен Исаның (ғ.с.) түсуі туралы сенімді қабылдамайды. Бұл сенімдегілерді күнәһар санайды.

19-зияны: Амур мағруф – нәһи-мүңкәрді (жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтару) қазіргі таңда парыз емес дейді.

20-зияны: Хизб-ут-Тахрир ұйымы ұятсыз фильмдерге қарауға, сондай-ақ бөтен әйелдерді сүю және құшақтап рахаттануға теріс қарамайды.

21-зияны: Біздің елді кәпірлер елі деп санайды.

22-зияны: Уағыздарына хадистердің үкімі жүретін, жүрмейтініне қарамайды (Яғни насиқ, мансұқ деген үкімдерге сүйенбейді).

23-зияны: Қазақ тілін құрметтемейді. Олар тек араб, ағылшын тілі болу керек дейді.

24-зияны: Әруақтарға Құран бағыштау дұрыс емес деп санайды. Құран бағыштауға болатыны жөнінде хадистер риуаят етілгенін мойындамайды.

25-зияны: Еліміздің киелі орындары Түркістандағы Қ.А.Иассауи, Арыстанбаб, т.б. кесенелерді бұзып, қирату керек деп санайды. Өйткені, адамдар ол жерлерге барып, серік қосады-мыс. Бұл орындар қазақ елінің тарихи орындары емес пе?!

26-зияны: Шәкірттеріне көп білім үйрену адамға зиян деп үйретеді.

27-зияны: Кәпірлерге айтылған аят-хадистерді мұсылмандарға қолданады.

28-зияны: Мемлекет қазынасын шығынға батыру. Мысалы, «Хизб-ут Тахрир» ұйымымен күресу үшін мемлекет қазынасынан миллиондаған қаражат жұмсалуда. Яғни ел экономикасына зор шығын әкеледі.

29-зияны: Қабірге зиярат жасауға және өлген үйден тамақ жегенді харам деп санайды.

30-зияны: Ислам дінін әлсіретіп, көп уақыттарын алу. Жүйкесіне тию. Пікір-қайшылықтар туғызу. Алаңдату, күмәндату, ызаландыру, т.б.

31-зияны: Исламдағы Құран, сүннет, ижмағ, қияс амалдарына сүйенбей, теріске шығарады.

32-зияны: Бұл діни саяси партия «азаттық» деуінің өзі түбі төңкеріс, қан төгу. Тарихтан белгілі, барлық төңкерістердің адам шығынысыз өтпейтіні.

33-зияны: Іштен іріткі салу үшін түрлі діни ағымдар атын жамылып, өз мақсаттарын жүзеге асырады.

34-зияны: Орысша оқыған қазақтарды өздеріне шақырып, оған тез үйретеді. Өйткені, қазақ тілін білмейтін адамның қазақи көзқарасы да төмен.

35-зияны: Өз мүшелеріне әркез: «Сенің амалың дұрыс, өлімнен еш қорықпа, үш секунд шыдасаң болды, көзіңді ашқанда жәннатта боласың», – деп тәрбиелейді және «Өзіңді құрбан етсең шаһид дәрежесіне жетесің», – деген сөздермен көтермелеп сөйлейді. Яғни бұл ағым сөз гипнозын пайдаланады.

36-зияны: «Хизб-ут Тахрир» ұйымының мүшелері шәкірттеріне ата-анаң, туысқандарың намаз оқымаса, олар кәпір деп санайды.

37-зияны: «Хизб-ут Тахрир» көсемдері өздерінің үкімдерін шариғатқа сүйеніп емес, өз саяси көзқарасына негіздеп шығарады.

38-зияны: Солтүстік полюстегі адамдарға намаз оқымауына, ораза ұстамауына болады дейді.

Міне, құрметті оқырман, «Хизб-ут Тахрир» ұйымының мұндай теріс әрекеттерінің арбауына түсіп қалудан сақтанайық. Еліміздің жастарын Исламның таза (Ахли сунна уал-жамағат, оның ішінде имам Ағзам мазһабын үстем еткей) жолымен жүруді Аллаһ Тағала нәсіп еткей.

foto: www.fergananews.com

http://kattani.kz/?p=1002

 

 

 

Пікір жазу