Ауру – күнәлардан арылудың бір жолы һәм Алла Тағаланың рахымы. Сондықтан да оның жаратушының жазасы ретінде ғана қарастыруға болмайды. Ол арқылы Жаратқан Ие күнәларды кешіретіндігіне үмітпен қарау қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қасиетті Құраннан ем болатындығын айтқан. Жаратушы Хақ Тағала былай дейді: «Ол (Құран) иман келтіргендер үшін туралық әрі шипа деп айт» (Фуссилат, 44) және «Егер ауырсам Ол (Раббым) маған шипа береді».
Сүлікпен емдеу 1980 жылдарға дейін халық емі деп саналып келді. Ал 1998 жылдан бері халық емінен дәстүрлі емге айналған.
Ертеректе сүлікті жұрт арасында «әулиеқұрт» деп атаған. Ол туралы халық арасында аңыз да сақталған. Ертеде Сүлеймен пайғамбар алыс жолдан шаршап-шалдығып, аяғы ісіп келе жатқан соң, жолда кездескен көпшікке аяғын салып демалады. Сол арада мызғып кеткен пайғамбар ояна келе, аяғының ісігінің де кетіп, бойындағы ауырлықтың да жоғалғанын және денесі жеңілдеп қалғанын байқайды. Тек аяғының астында майда құрттар мен кішкене ғана қан ағып жатқандығын көреді. Риза болған Сүлеймен пайғамбар құрттың арқа тұсынан сипап, ризашылығын білдіреді.
Сүліктердің арқа тұсындағы өрнектердің пайғамбардың төрт саусағының іздерінен қалған белгі деген бұл аңыз бүгінге жеткен.
Кейінгі зерттеулердің нәтижесінде сүлікпен емдеу жаңа ғылыми дәрежеге көтерілді. Ғылымда сүлік салуды «гирудотерапия» деп атайды. Және оны арнайы мамандар салады.
Сүлікпен көптеген сырқатты емдеуге болады. Олар: жоғары қан қысымы, стенокардия, миокард инфаркті, инсульт, тромбофлебит, қан тамырларының кеңеюі, трофикалық ойық жара, көтеу, бронх демікпесі, глаукома, бас сақинасы, невриттер, гипертензивті синдром, холецистит, панкреатит, гепатит, колит, простатит, белсіздік, бедеулік, эндометриоз, семіздік, аналық бездер, иоликистозы, жабысқақтар, парадонтоз, есекжем, остеохондроз, отадан және жарақаттан кейінгі асқынулар кезінде, инфаркт пен инсульттің алдын алу, қанды уыттар мен қалдықтардан тазарту, организмді жасарту т.б.
Сүліктің организмді жасартатынының тағы бір дәлелі өздері сүлік салатын адамдардың көбінің жастарының 80-нен асатыны.
Қазір ғалымдар сүлік сілекейінің тағы бір қасиетін тапты. Нақтырақ айтқанда, соңғы кезде сүлік сілекейі дәрі-дәрмек, косметика жасауға қолданылуда.
Мәселен, қанды сұйылтатын гепарин деген дәрі бар. Ол инфаркт, инсульт, тромбоз секілді ауруларға қолданылады. Бұл химиялық заттардан жасалған препарат болғандықтан организмге кері әсері көп. Ал дәл осындай дәрі жасау үшін сүліктің сілекейінен алынатын зат – табиғи, сондықтан бұл дәрінің адам организміне кері әсері жоқ. Сондай-ақ сүлік сілекейінен жасалған косметикалық заттар аллергия тудырмайды.
Бұл жәндіктің емдік қасиетінің сыры биологиялық белсенді заттарға бай, түрлі ферменттерден тұратын сілекейінде.
Сондай-ақ тек науқас қана емес дені сау адам да жылына бір рет сүлік салдырып тұрса, қаны тазарып, ағзасы жасаратындығы анықталған. Емдеуге көбінесе белсенді аш сүліктер пайдаланылады. Сүлік сағатына 15 милилитрдей қан сорып үлгереді.
Сүлік салған адам үш күн диета ұстау керек. Және мүмкіндігінше сүт өнімдерінен бойын аулақ ұстап, жеміс-жидек, көкөністер (қызылша, сәбіз, құлпынай т.б) пайдаланғаны абзал.
Ал қан аққыштық – гемофилия, ауыр дәрежедегі қаназдық, ауыр дәрежедегі қан қысымы, жүктілік, кахексия, қатерлі ісіктер, жіті тамыр жеткіліксіздігі кезінде және жалпы адам бұл емді көтере алмайды деп танылса, сүлік салдыруға болмайды.
www.muslimwomen.kz