Қоғамда өршіп тұрған өзекті тақырыптардың бірі – артық салмақты адамдар санының көбейіп бара жатқандығы. Шектен тыс толықтық адамның сырт келбетіндегі тартымдылықты жойып қана қоймай, әр түрлі дертке шалдықтырады. Технократтанған бүгінгі қоғамда қимыл-қозғалыстың азаюы осы дерттің негізгі себебі болып отыр. Семіздіктің алдын алудың әр түрлі тәсілдері бар және ең басты жолы – қозғалыс пен дұрыс тамақтану. Ғалымдар пікіріне құлақ ассақ, адам он жасқа дейін төрт-алты сағат, он жастан он алты жас аралығында екі-төрт сағат бойы қозғалыста болуы керек екен. Күніне, кем дегенде, екі сағат дене қимылын жасау барлық ересек адамнан талап етіледі.

Бүгінгі статистикалық мәлімет әлемде әрбір алтыншы адамның семіздіктің кеселіне ұшырағанын алға тартады. Әсіресе, толып кету мәселесі жастар арасында кең тарап, жүз елу бес миллион шамасына жетіпті. Бұл – әлемдік проблема. Ал елімізде жалпы он бес пайыздан астам тұрғын семіздіктің шырмауында жүрсе, жастар арасында бұл зардап соңғы кездері он есе артқаны айқындалды.

Әрбір әйел затының әдемі мүсінді болғысы келетіні – олардың сұлулыққа құштар табиғатынан. Сымбатты мүсінін сақтағысы келетіндерге мамандар, алдымен дұрыс тамақтануға кеңес береді. Нан және кондитер өнімдерін үнемі қолдану семіздікке душар етеді. Жартылай дайын өнімдер, тәтті газды сулар, паштет, шұжықтар, қуырылған еттер адам бойына артық салмақ қосады. Медицина саласы мамандары адам миындағы гипоталамус безінің жұмысына қатысатын «бақыт гормондары», серотонин сынды заттар әрекетінің семіздікке қатысы бар екенін айтады. Тәбет ашар тәтті, дәмді тағамдарды көргенде бұл заттар мидағы рахаттану орталықтарына сигнал береді. Артық салмақты жандарда, міне осы без белсенді жұмыс жасап, тойғанын білмей, мешкей атанады. Семіздіктің мешкейліктен басқа екінші себебі –тұқымқуалаушылық. Дегенмен тартынып тамақтанса мешкейліктің де, тұқымқуалаушылықтың да алдын алуға болады. Семіздіктің үшінші себебі – ішкі секреция бездерінің қызметінің бұзылуы салдарынан зат алмасу процестерінің интенсивтілігі күрт төмендеген жағдайда басталатын семіру. Яғни, бұл семіру – зат алмасу дұрыс жүрмегендегі ауыр зардаптарға соқтыратын ықтимал ауру. 25 жасқа таяп, адам өсуінің тежелуі басталғанда көп адамда гормондардың белсенділігі төмендеп, артық салмақ қосылады. Әйел қауымында климакс кезінде де толып кету қаупі бар. Әрине, гормондар әрекетімен күресу қиын, десек те жеңуге болады. Сымбатты мүсінін сақтағысы келгендерге мамандар төмендегідей кеңес береді:

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Отқа май тамызу – шаманизмнен қалған әдет пе?

– тамақтанған кезде тойып емес, аздап ашығуды сезіну керек. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде ішіп-жеудің де мөлшерін сақтау керектігі бірнеше жерде қайталанады. «Тамақтанған шақта, асқазанның үштен бірін – тамаққа, үштен бірін – суға, үштен бірін – ауаға қалдырыңдар. Алланың қатты ашуланған ыдысы – асқа толы азқазан» деп сақтандырады;

– кешкі сағат 6-7-ден кейін ауқаттануды тоқтатыңыз;

– таңғы асты тастамаңыз. Күндізгі 10-11 аралығында бір шыны кофе ішу көңіл-күйіңізді

көтеріп, зат алмасу белсенділігін арттырады. Қара шайға не көк шайға бір-екі қасық бал қосып ішсеңіз,

тәбетіңіз тежелгенін сезесіз. Балдың адам ағзасына энергия беретінін ескергеніңіз жөн;

– сүт тағамдары, теңіз өнімдері, жеміс-жидек дастарханыңыздан үнемі табылатын болсын. Майлы, тәтті өнімдерді шектеп, қант орнын балмен алмастырыңыз;

– дәрігерлер кеңесімен керекті дәрумендер мен микроэлементтер қолданып тұрыңыз;

– психологиялық апатияға ұшырап, көңіл-күйін жоғалтып алғанда ашуын астан алатын жандар іштей психологиялық дайындық өткізіп, оптимистік көзқарасын жоғалтпағаны жөн;

– жұбайлық қарым-қатынастың тұрақты болуы, әсіресе, әйел заты үшін денсаулығымен қатар сұлулығын сақтауда үлкен рөл атқармақ;

– күн тәртібінде спортқа көңіл бөлуді енгізу керек. Таңғы жаттығу сергектік сыйлайды. Буын-буындарды қозғалысқа түсіріп тұрудың оң әсері көп болмақ. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Күшті мұсылман әлсізден гөрі жақсырақ» деген сөзі осы ойымызды қуаттай түседі. А дам салмағы он-он екі келіден артық жағдайда 30-35 жасқа келгенде жүрек, қан тамырлары жүйесі бұзылып, дертке шалдығады. Тағы бір хадисте: «Үмбетім жайында ең қорыққан нәрселерім: үлкен қарын мен көп ұйқы. Жалқаулық пен «яқин» әлсіздігі» деп, үлкен қауіптің басын ашады. Семіздік адам тәнінің ғана сұлулығын алып қоймайды, рухын да аздырады. Нәби (с.ғ.с.) Мәдине халқына қатысты: «Бұл жердің тұрғындары қарны ашпай тамаққа отырмайды әрі тоймаған күйі дастарқаннан тұрады. Сол себепті ауруға шалдықпайды» деген сөзінде көп мағына жатқанын аңғарамыз.

Сіздің денсаулығыңыз бен сұлулығыңыз сіздің ғана қолыңызда.

www.muslimwomen.kz

Пікір жазу