Алматыда өткен конференцияда осындай ой айтылды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Алматыда ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Қазақ жерінің ортағасырлық ғұламалары және олардың ислам өркениетіндегі орны» деген атпен өткен жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі «IX-XVI ғ. Отырар және отырарлық ғалымдар» деген тақырыпта баяндама жасады. «Ислам озық ой мен прогресстің діні ретінде қай кезде де ғылыми-ағартушылық бағытты негіз етіп алды. Сондықтан да алғашқы күннен адамзатты білімге, оқуға үндеді. Құранға үңілумен қатар мына алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге шақырып, Ұлы Шебердің құдіретіне саналы түрде бас идірді. Қасиетті Құранның алғашқы аяты «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталуы да ойланғанға ғибрат. Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмар» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11-аят) деген аяттарды, сондай-ақ, «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары» (Әбу Дәуіт), «Тал бесіктен көр бесікке дейін білім іздеңдер» (Әл-Ажлуни), «Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз» (Ибн Мажа. Мұқаддима 17), «Ілім үйренуге шыққан адам Алла жолында» (Муслим, Зикр 38) деген секілді хадистерді көкейге түйген мұсылмандар ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) он мұсылманға оқу-жазу үйреткен тұтқындарды босатып, суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмылдырған. Қазақ халқы исламды тек қабылдаушы ғана болып қалған жоқ, сонымен қатар біз ислам өркениетін байытуға үлес қосқан халықпыз. Ислам дінінің тарауы арқылы қазақ жерінде де ғылым дами түсті. Тіліміздегі «қалам, дәптер, кітап, мектеп, ұстаз, мұғалім, медресе» сынды ғылымға қатысты сөздердің араб тілінен енгендігі исламның жерімізде ғылымның дамуына қаншалық оң әсер еткендігін аңғартса керек. Ислам діні келгеннен кейін еліміз аумағында көптеген әлемге атақты ғалымдар шықты. Мысалға айтқанда, Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан даналар ішінде Әбу Нәсір әл-Фараби (870-950) – ғылымның барлық саласы, Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048) – әсіресе география, Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) – медицина, Ұлықбек (1394-1449) – астрономия, Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби (951-?) мен Исмайл әл-Жауһари әл-Фараби (?-1002) араб тіл білімі Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-155) тарих филология ғылымдарына өзіндік үлес қосса, бұлармен қатар Исфиджаб-Сайрам, Йасы-Түркістан, Тараз бен Сығанақтан шыққан асыл перзенттеріміз де мұсылман заңы мен хадистану, тәпсір секілді ислами ілімдер саласына қалам тербеп, ислам мәдениеті мен ғылымынан өзіндік орын алды. Бұл біздің даламызға тән Ислам жолының басым бағыттарының бірі ғылыми-ағартушылық бағыт болатынын көрсетуде», – деді Бас мүфти өз баяндамасында.
Конференцияда сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов ғылым мен дінді қарсы қоюға болмайтынын жеткізді. Ғалымның пайымдауынша, Ислам діні қоғамдағы кез-келген келеңсіз мәселені шешуге қауқарлы. «Қазір әлем елдері қарақшылықтан, ұрлық-қарлықтан, жезөкшелік пен нашақорлық дертінен айығудың жолын таппай, сарсаңға түсуде. Ал Ислам діні мұндай қатігездік пен күнәға жол бермейді. Сондықтан біз Ислам дініне деген көзқарасымызды түзеуіміз керек. Кеңес кезінде Ислам дініне қиянат жасалды. Міне, бұл нағыз қастандық еді», – деді Мұрат Жұрынов.
Басқосуда елімізге белгілі ғалымдар, тарихшылар, дінтанушылар ойларын ортаға салды. Конференцияны өткізудегі мақсат – қазіргі заман руханиятының (дін, ғылым, мәдениет, өнер, т.б.) қалыптасуына зор үлес қосқан ортағасырлық ғалымдардың, тарихи тұлғалардың шығармашылық мұрасын зерделеу һәм насихаттау.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы