Қазіргі қоғамымызда ажырасу дерегінің күн санап өсіп келе жатқандығы көңіл алаңдатады. Еліміздің болашағы жастардың қолында деген сөз күнде айтылса да, сол жастардың отбасына деген жауапкершілігі азаюда. Қазақ тілінің сөздік қорында кездесетін «адал неке», «ақ неке», «адал жар» деген қасиетті ұғымдардың мәні мен маңызын жете түсінбей жүрген секілдіміз.
Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған күрделі мәселелердің бірі – елімізде заңи жолынан айналып өтіп, тек шариғат жолымен шаңырақ көтеретіндердің тым көбейіп кетуі фактісі болмақшы. Өз-өзінен бұл жаман нәрсе емес. Әрбір ерлі-зайыптының құдай алдындағы міндеті. Дегенмен, неке қидыруға құмар ерлердің арасында шариғат бойынша деп бірнеше әйелмен отасып отырған азаматтар да баршылық. Деректерге сүйенсек, кейбір ниеті бұзық ерлер жауапкершіліктен жалтару үшін әдейі осындай некені таңдайтын көрінеді. Құқығы заңмен қорғалмағандықтан, мұндай жағдайда тек қыз-келіншектер зардап шегетіндігі анық. Бұл «заңсыз» туылған сәбилер мен бала алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ әкелер санын арттыратын жайт. Себебі, мұндай некені бұзатындар аз емес.
Ақпарат құралдарынан көрші елдерде бұл құбылыстың үлкен мәселеге айналғанының куәсіміз. Тәжікстан мен Қырғызстанда да некені тек мешітте ғана қию дәстүрі пайда болған соң, ислам қағидаларына ғана сүйеніп ажырасатын жұптар көбейген. Әйеліне «талақ» деп үш мәрте айту арқылы ажырасу мүмкіндігін беретін діни қағидаларды әркімнің өз еркінше түсінуі салдарынан мемлекеттің заңдарына қайшы келетін салдары ауыр әлеуметтік проблемалар туындатқан.
«Отан отбасынан басталады» дейді кемеңгер ата-бабаларымыз. Шын мәнінде әрбір отбасы – бір Отан. Отбасы – отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын киелі мекен. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлім-тәрбиесі осы мекенде қаланған. Мемлекеттің мықты болмағы – оның дана басшысына байланысты болғаны сияқты, отбасының берекесі – ері мен әйеліне байланысты екені даусыз. «Үйлену оңай, үй болу қиын» десек те, отбасын құрған әрбір жан үйленерде «бақытты болам» деп емес, «жарымды бақытты етем» деген мақсатпен үйленсе, көп қиындықтың басы шешілер еді. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек.
Иә, сол отанымыздың іргесі берік, шаңырағы шайқалмасын десек, жас-жұбайлар тату-тәтті өмір сүруі қажет. Бүгінгі күні сотқа ажырасу туралы арызбен көбіне жүгінетіндердің 80%-ы жастар болып келеді екен. Статистика агенттігінің мәліметіне сү¬йенсек, 2010 жылы 41 мың, ал, 2011 жылы 44 мың жұп ажырасса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 48 500-ден асқан. Ал, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 46 972 жұп отбасын құрса, 16 647 отбасы сотқа арыз беріп, айырылысуды жөн көрген.
Жалпы, биылғы қаңтар-наурыз айларында тіркелген әр 100 некенің 34-і қайта ажырасып кеткен. Бұл енді ғана отау тіккен жас үш отбасының біреуінің шаңырағы ортасына түсті деген сөз.
Ажырасудың негізгі себептері – тұрмыстық жағдайдың төмендігі, өзара түсініспеушілік т.б. Біржағынан бұған халық арасында өздерінің арам пиғылдары мен құмарлықтарын басшылыққа алып отырған деструктивті діни ағымдардың бүліктерін қосуға болады.
Үйленетін ер адам – өзінің мойнына үлкен жауапкершілік артылғанын толық сезінуі керек. Ер адам – отағасы, отбасының асыраушысы, әйелі мен балалары үшін негізгі жауапты адам. Бала-шағасын тамақтандырып, киіндіру, баспанамен қамтамасыз ету оның міндеті. Сондықтан жалқаулық, бейқамдық сияқты қасиеттерден барынша арылып, еңбекқорлық, шыдамдылық пен төзімділікті бойына серік қылғаны абзал. Қиямет күні отбасының әрбір мүшесі үшін де ер адамнан сұралады. Қасиетті Құранда: «Ей иман келтіргендер, өздеріңді және бала-шағаларыңды оттан қорғаңдар, ол оттың отыны адамдар мен тастар» (Тахрим сүресі 6-аят) делінген.
Отбасы қоғамның іргетасы екені бесенеден белгілі. Отбасылық ынтымақ пен түсіністік қаншалықты мықты болса, соншалықты қоғамның да мықты болары сөзсіз. Сондықтан да, Ислам отбасына көп көңіл бөледі. Исламда неке – екі жүректің қасиетті одағы. Беріктік пен сенімділіктің бастауы. Отбасында сезім мен сенімнің, сыйластықтың шынайылығы мол болған сайын жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын отбасының қуанышы мен бақыты да берік болмақ.
Ислами құқық терминологиясында «никах» деген сөзбен берілетін үйлену ұғымы – бір-бірлерімен үйленулеріне құқықтық тұрғыдан ешқандай кедергі болмаған бір ер мен бір әйелдің өмір бойы бірге тұру үшін араларын қосқан және бір-бірлеріне құқық пен жауапкершіліктер белгілеген байланысты білдіреді.
Олай болса үйлену келісімінің пайда болуы үшін мына шарттар қажет етіледі:
1) Жыныстары бөлек екі тараптың арасында болады. Яғни, некелесу жауапкершілігін мойнына алған үйленулеріне ешқандай кедергі болмаған бір ер мен бір әйел арасында болады.
2) Бірге тұрулары үшін ортақ ризашылықтары болуы керек. Екі жақтың неке келісіміне шын көңілдерімен разы болулары, өмірдің ащы-тәттісіне әр уақыт ортақ болулары керек.
3) Қағида ретінде үздіксіз жалғасуы. Кейіннен пайда болатын кейбір себептерге байланысты ажыраспақ болса да, некелесу келісімінде үздіксіздік болуы шарт. Белгілі бір уақытқа дейін немесе тәжірибе жинау мақсатымен уақытша некелесуге болмайды.
4) Құқықтық тұрғыдан заңды болуы. Жоғарыда аталғандардың бар болуымен қатар келісім, заңды тұрғыдан да танылған келісім болуы қажет. Сондықтан ашыналық, көңілдестік «некелесті» деп аталмайды. Үйлену келісімінің екі жаққа бірдей хақ-құқықтары бір-бірлеріне деген жауапкершіліктері, заңды тұрғыдан да некенің заңды болып табылғаны дұрыс.
Құран Кәрім неке келісімін «мисақан ғализа» ең үлкен жауапкершілігі болған сөз ретінде сипаттаған. Жүзге тарта аят отбасы құқығы мәселесіне арналған. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар некені өзінің сүннеті ретінде орнатып: «Некелескендеріңде оны жан-жаққа жариялаңдар, некелеріңді мешітте қидырыңдар, некелескендеріңде дабыл музыка аспабын қолданыңдар» деген хадисі жай ғана келісімді меңземейді, қайта одан да жоғары жауапкершілікті нұсқайды.
Неке қию дініміздің негізгі әмірі болғандықтан, қазіргі кездегі жастардың мешітке барып діни некеге тұрулары құптарлық жайт. Бірақ қандай да бір проблема туындай қалған жағдайда, соттың әділдігіне жүгіне алуымыз үшін немесе арада бала болған болса, оны тіркеуде қиындықтарға тап болмас үшін ресми некеге тұруымыз қажет.
Үйлену келісімінің материалдық нәтижелері жайлы бірер сөз
Маһир және нәпақа деп аталатын материалдық жағдайлар отағасының жауапкершілігінде. Сол үшін әйел адам, үйдің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге ислам құқықы тұрғысынан мәжбүрленбейді.
«Еркектер әйелдерге қарағанда қуатты және жауапкершілікке міндетті. Себебі, Алланың олардан кейбірін кейбірінен үстем етуі және еркектердің (отбасының жағадайын жасау үшін) дүние мүліктерінен жұмсауларына байланысты…»(Ниса сүресі 34-аят) аяты материалдық жауапкершіліктің кімге тән екендігін анық көрсетуде.
Ерлердің үйленген кезінде әйелге берген немесе беруге уәде еткен дүние-мүлікті немесе ақшаны маһир дейді. Берілген нәрселердің барлығы әйелдің құқы, оған басқа біреудің ортақтасуына болмайды.
Ислам құқықшылары дүние-мүлік саналатын әр нәрсенің және материалдық үлесі мен құндылығы болған әр табыстың маһир болатындығын айтқан. Маһирдің ең көп қанша берілетіндігі жайында жоғары шегі белгіленбеумен қатар, ең аз қанша берілетіндігі жайында да түрлі көзқарастар бар. Бұл мөлшер, өмір сүріп жатқан кезеңге және тараптардың өмір сүрген шарттарына қарай өзгеруі мүмкін.
Отау көтергеннен кейін отағасының жұбайы мен бала-шағасын асырау үшін тапқан табысын нәпақа дейді. Еркектің отбасындағы материалдық жауапкершілігін белгілеген аяттар мен хадистер отағасының нәпақа жауапкершілігін жүйелендірген. Отағасының жұбайына болған нәпақа жауапкершілігі аясында, отбасының тамақтану, киім-кешек, тұратын мекен-жай, денсаулық сақтау, дәрі-дәрмектердің шығыны және қажеттілік туындаған жағдайда қызметші ұстау шығыны да кіреді.
Негізінде маһир мен қалыңмал екеуі екі бөлек нәрсе. Қалыңмал қыздың өзіне берілмейді. Ал, маһир қыздың өз жеке меншігі. Онда ешкімнің үлесі немесе ақысы жоқ. Өйткені отбасылық мәселеде жарасып кетуге басқа жол мүлдем табылмаған жағдайда ажырасуға рұқсат етілген. Сол кезде әйел ғиддет күтеді. Ғиддет дегеніміз шариғат бойынша ерінен ажырасқан әйелдің жүкті не жүкті еместігі анық байқалғанша 4 ай 10 күн күтетін уақыты. Осы аралықтағы әйелдің барлық нәпақасы, ажырасқан күйеуінің жауапкершілігінде болады. Бұл мезгіл бітіп, екі жақтың жарасу мүмкіншілігі болмаған жағдайда түпкілікті ажырасады. Сол жағдайда әйел заты ешкімге алақан жаймай, маһирінің арқасында тіршілігін жалғастырады. Әйелге маһирді некеден бұрын да, кейін де беруге болады.
Сөз соңында айтарымыз, исламдағы некелесу күрделі мәселе. Алла Тағалаға рұқсат етілген амалдардың ішіндегі ең ұнамсызы – ажырасу. Оны тек «талақ» деп үш рет айтып, ажыраса салу сияқты ойыншыққа айналдыру жақсылыққа апармайды. Осы себепті де, деструктивті діни ағымдардың «шағын мемлекет болып саналатын» отбасы құндылықтарын бұзуына жол бермегеніміз жөн. Сондай-ақ, Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, оның заңдарына бағыну әр азаматтың міндеті деген ойдамыз.
С.Көкенай, ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» Исламды зерттеу бөлімініңжетекші ғылыми қызметкері
Дереккөз