Адамзат баласы жаралғалы, саналы адам, ұжым, қауымдастық, қоғам қалыптасқалы бері адамгершілік, ізгілік, мейірбандық сияқты ұғымдардың да мәні дәуірден дәуірге артып, тереңдеп келеді. Адамзаттың аман тұруы, дөңгеленген дүниенің бүлінбеуі, бейбіт заманның сақталуы үшін ол ұғымдардың орны ерекше, маңызы алабөтен. Әлбетте, ізгілікті орта, қоғам орнату, оны әрқашан да сақтау үшін алдыңғы қатарлы адамзат ұрпағы талай ойға батқан, қаншама еңбектер жазылған десек, солардың ең пәрмендісі, ең күштісі – адамның сенімін қалыптастырған, миллиондарды иландырған – дін.
Адамзат ұлтқа, нәсілге бөлінетіні сияқты, әлемде әртүрлі діндердің бар екендігі де баршаңызға мәлім дейтін болсақ, солардың ішінде біз үшін миллиардтаған адам үшін ең бастысы, ең қасиеттісі – ислам діні. Қазіргі біздің дәуірімізде бейбітшілік сақтау да, ізгілікті тұлға, адамгершілікті ұрпақ тәрбиелеуде, қалыптастыруда ислам дінінің рөлі тіптен айрықша.
Осы жарық дүниеде ең бірінші адамды, оның адамшылығын бастапқы орынға қоятын асыл дініміз бұғанға дейінгі дәуірлерде адамзат қорғаны болып келсе, ХХІ ғасырда да осынау маңыздылығын еселей түсті. Алла тағаламыз өзінің сүйген құлы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) арқылы адамзатқа жіберген біздің асыл дініміз адамдар арасындағы махаббатты, адамгершілікті уағыздайды. Данышпан Абай атамыздың:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті
деген керемет сөздері Жаратқан иеміздің құдіретін, хақ жолын, адамның қандай болмағын білдіреді ғой деп ойлаймын. Сондықтан, біз ислам діні дегенде ең алдымен адамгершілікті, адамдардың арасындағы ізгілік пен бауырластықты ойымызға оралтып, дініміздің адамзат баласын сақтаудағы аса ерекше орнына назарымызды аударамыз.
Ал адамгершілік, ізгілік, мейірімділік жөнінде ой қозғай қалсақ, адам баласын дүниеге әкелетін, оған өмірдің нәрін, тәрбиенің дәнін беретін әйел, ана есімізге түседі. Осы тұрғыдан келгенде асыл дініміз адамгершіліктің, имандылықтың бастауы болса, онда әйел-ана ұрпақтың тәрбиешісі, ұрпақ болған соң ұлт болашағының қамын жасайтын, яғни ұлттың ұйытқысы болатын тұлға. Сол себепті де бүгінгі жиында осы тақырып төңірегінде ой бөліскенді жөн санадым.
Қазіргі жаһандану дәуірінде, әсіресе, әлемде дінаралық, ұлтаралық шиеленістер сақталып тұрған кезеңде діннің ізгілік мұраттарын насихаттау, түсіндіру, сондай-ақ жас ұрпаққа тәрбие дарытар ананың, әйелдің рөліне мән беру мәселесі өзектілікке айналып тұрған уақытта біз осы тақырыптар жөнінде кеңірек әрі жиірек ашық сұхбаттасуымыз қажет.
Ислам әлеміндегі әйелдің рөлі жөнінде айтқанда көпшілік оны әйел адамға деген тыйымдардан тұрады деп ойлайды. Сондықтан да көбінесе әйелдің құқығы, қазіргі дәуірдегі еркіндігі туралы айтылып жатады. Әлбетте, ер адам болсын, әйел болсын өмірде шексіз еркіндікке ие бола алмайды.
Біздің жаратылыстағы орнымызды дініміздің қағидалары реттесе, қоғамдағы орнымызды заңдар, ережелер, ортада қалыптасқан этикет реттейді. Ислам дінінің әйелге қоятын талаптары оның жеке басын төмендетуден немесе тұқыртудан тұрмайды, бұл талаптардың ең басты міндеті – әйелдің ана ретіндегі парызымен сабақтасып, оның отбасындағы міндетін орындауымен, дұрыс ұрпақ тәрбиелеуімен терең байланысып жатыр.
Сондай-ақ, ислам діні әйелге тек міндеттер ғана жүктемейді, сонымен бірге оның құқықтарын да береді. Айталық, қасиетті Құранның Бақара сүресінде: «… белгіленген тәртіпке сәйкес, әйелдердің міндеттері секілді, құқықтары да бар»делінген (Құран, Бақара сүресі, 228). Қыз балаға, әйелге белгілі бір жағдаяттарға байланысты тыйым салу біздің ұлттық дәстүрлерімізде бар екені белгілі. Өйткені, қыз болсын, әйел болсын шаңырақтың, әулеттің абыройы, ұрпақтың тәрбиешісі.
Сондықтан да ислам дінінде де, қазақ салтында да оған айрықша мән берілген. Оны сақтамаған қыздарымыздың, әйелдеріміздің не болып жатқанын уақыт айғақтауда. Ендеше, сол қыздарымыз бен әйелдеріміздің абыройлы болуы үшін сол қағидаларды сақтаған жөн бе, әлде өзім білемге, шектен тыс еркіндікке салынып, өзінің үйі үшін де, қоғам үшін де жараспайтын қылықтар істегені жөн бе, жауап түсінікті. Сол себепті де, өзара астасып жатқан ислам құндылықтары мен ұлттық құндылықтарымызды қыздарға, жас келіншектерге ұғындырсақ, одан ең алдымен солардың өзі ұтады, өнегелі ұл, үлгілі қыз күтіп отырған қоғам ұтады.
Егер олай болса, ұлтымыз күшейеді, мемлекетіміздің рухани ұстыны берік болып, қай жағынан болса да жетістіктерге жетеміз. Аз уақыттың алдамшы қуанышына бөленгеннен де өмірлік абыройлы мұратқа жету әрқайсысымыздың мақсатымыз. Міне, осыны қыз-келіншектерге ұғындыру баршамыздың борышымыз. Ұғындыру дегенде жай ғана айту емес, үлгілі отбасылардың, аналардың тәжірибелерін мейлінше кеңінен насихаттау қажет болмақ. Егер осы мақсатқа жететін болсақ, онда біз өзінің абыройын сақтайтын қыздары, өзінің отбасындағы айрықша рөлін жақсы сезінетін әйелдері мол қоғам қалыптастырамыз.
Ол үшін бәрімізге де діни сауаттылық, ұлтымыздың игі дәстүрлерін бойымызға сіңіретін білгірлік пен білімділік керек. Жастарымыздың әртүрлі діни ағымдарға енуі, жалпыадамзаттық құндылықтардан алшақ болуы, қоғамда қалыптасқан ізгілікті қатынастарды елемеуі әлгіндей білгірлік пен білімділіктің болмауынан. Егер, адамға қажетті ізгі тәрбие берілмесе, онда ондай адам әйтеуір бірнәрсеге еліктейтін болады.
Сондықтан, біз осындай рухани кеңістіктің орнын ізгілікті, адамгершілікті тәрбиемен үнемі, жүйелі толтырып тұруымыз қажет. Осындай ізгілікті жол, игілікті өміршең тәрбие ислам дінінде аса мол. Оны түсініп имандылық жолына түскен жастарымыз, Аллаға шүкір, баршылық. Біз осындай жастарды барынша қолдау арқылы адасып жүрген жастарымызға, әсіресе, қыз балаларға үлгі көрсетуді ойластырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) хадистерінде: «Ең жақсы балалар – нәзік, мейірімді, қымбатты, игі қыздар», «Қыздарыңызға ашуланып, ренжімеңіздер, өйткені олар қымбатты, мейірімді» делініпті. Осы қасиетті сөздерден ислам дінінде қыз балаларға қаншалықты маңыз беретіндігі, бағалайтындығы, асыл дініміздің қыз балаларды қорғайтындығы айқын аңғарылады. Қыздарымыздың мейірімді, қымбатты, ізгі болуы үшін біз алдымен сондай тәрбие беруге міндеттіміз.
Осы мәселе жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та биылғы Жолдауында айтқан болатын. Осы Жолдауда:«Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары. Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды» дегенін жақсы білесіздер.
Мемлекет осыншама мән беріп отырғанда әйелдер қауымы да соған орай, өздерінің қоғамдағы ерекше рөлін сезініп, отбасындағы, ұрпаққа тәрбие берудегі міндетін абыройлы атқаруы тиіс деп ойлаймын. Болашақ ана, болашақ жар, шаңырақтың шырақшылары болу тұрмысқа шығумен, өмірге сәби әкелумен шектелмейді, мәселе соған сай болуда. Оған сай болу үшін ата-ананың, мектептің тәрбиесімен бірге имандылық ғибраттары да үйретілуі тиіс. Ондай ғибратты ойлар біздің ата дініміз – ислам дінінде өте мол. Ал оны үйрететін ата-ана да, мектеп мұғалімі де, арнаулы, жоғары оқу орындарының тәлімгерлері де дін жағынан сауатты болса, онда өнегенің өріске жалғасқаны. Әсіресе, отбасында берілетін тәрбиенің маңызы ерекше.
Менің әжем жастайымнан «Фатиха», «Ықлас» сүрелерін жаттатқызып мені құдіретті күшті Аллаһқа аманаттайтын. Жүзінен ерекше мейірім төгіп имандылыққа тәрбиелейтін. Қазақ қыздарының тектілігімен тегеуіріні кербездігімен керімдігі толқыған толғаулар, шалқыған арнаулар, эпостық жырлар арқылы тәрбиелейтін. Елбасы Жолдауындада қазақ қыздарының тәкәппарлығын тілге тиек етті. Осы имандылықты отбасындағы әжелермен аналар қазақ халқының салт дәстүрлер еңбасты ұғым – ар мен ұятты насихаттауда жіберген олқылықтарымыздан Қазақстанда некесіз туған балалардың саны 2009 жылы 75400-ге жеткен. Жасанды түсік жасау 150 мыңнан 400 мыңға көтерілген. Бұл сол қыздар мен әйелдердің тағдырымен бірге мемлекет пен қоғам үшін де қауіпті құбылыс.
Әйел о бастан әлемді тербету үшін жаратылған. Әйел – жар. Әйел – ана. Бұдан басқаша болуы мүмкін емес. Қазір осы бір тылсым байланыс жіңішкеріп, үзілуге шақ қалған тәрізді. Ең бірінші біз, қаймана қазақ баласы, Мұхамедтің үмбетіміз, дініміз – ислам, ана тіліміз – қазақ тілі, екінші, дін мен дәстүрі біте қайнаған еркін, өткір де өр мінезді түркі жұртының текті ұрпағымыз. Ғасырға жуық тікелей бодандық қамытынан мәңгүрттеніп барып аман қалған халқымыздың басты тірегі дәстүріміз, дініміз бен тіліміз екені анық болса, онда бүгінгі аналардың ең басты міндеті ұрпағына осындай құндылықтарымызды сіңіру. Осы құндылықтарды ұрпақтың санасына, жүрегіне ұялатқан сайын қазақ елінің тұтастығы артпақ. Сөйтіп, біз Елбасы айтқандай, нағыз Қазақ мемлекетіне айналамыз.
Қазақ мемлекетінің тұғырлы, тұтас ел болуы үшін қаптап кеткен түрлі діндерден арылуымыз керек. Жастарымыз өзге дінде адасып қана қоймай, сыртқы саяси алпауыттардың ойыншығы болатын тәрізді. Уахабилер, Таймийа, кришна т.б. секталардың барлығы қаржы құю арқылы, яғни топ мүшелеріне ақша беру арқылы жымысқы мақсаттарын жүзеге асыруда.
Тілі шала, салты солқылдақ, дініне дүбара қазақтарды ислами ағымдардың өзі алуан түрлендіріп, өмірден өткендердің рухына Құран бағыштамаңыз, тариқат, қабірді зиярат ету, оларға белгітас орнату исламға жат нәрсе деп уағыз айтушылар көбейді. Музыка, театр, өнер ордаларына баруды харам деп есептейді, оны Аллаға серік қосу деп үйретуде. Ай жүзді аппақ аруларымыз бетін тұмшалап, туған ата-анасымен бір дастарқанда дәм тартудан бас тартуда. Осының бәрі ұрпақтар сабақтастығына кері ықпал етіп, біздің байырғы дәстүрлеріміздің бұзылуына, ұлттық ұйысуымыздың әлсіреуіне әкелмек.
Аждаһа алты басты жаудан қорқам,
Бүлдірген ел арасын даудан қорқам.
Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,
Құрылған аяқ асты аудан қорқам.
Ертеден кешке дейін бір іс етпес,
Жатып іш жалқау – дені саудан қорқам.
Кім көрсе соған айтқан сырдан қорқам,
Әңгіме сырдың түбі жырдан қорқам,
Сүзіліп, сұпысынып дінді сатқан,
Таңқы мұрт, таспа қара, сұрдан қорқам.
Бұлғақтап құр білімсіз, ағымға еріп,
Білгенді еліктеткен зырдан қорқам,
деп қамыға жырлаған екен Алаш ақыны Ғұмар Қараш.
Отбасыларымыз: «Алланы таны, құдайдан қорық, ынсапты таңда!» деген қағидамен өмір сүрсе, аналарымыз ақылды, парасатты болса, онда ұлттық келбетімізді де сақтап қалмақпыз. Отбасы атқарар маңызды шаруаның үлкені – ізгілікті, ұлтжанды, елшіл азамат тәрбиелеу. Міне, осы азаматтар күні ертең-ақ мемлекеттік мәселелерді шешетін тұлғаға айналады. Ең бастысы ұрпағымыз есейіп өздері ата-ана болғанда бүгін біз берген тәрбиені өздерінің балаларына дарытатын болады.
Бұл ұлттың сақталуы мен дамуындағы ең басты жалғастық, ең басты өнегелі үрдіс. Қазіргі жаһандану заманында балаларымыз көп тіл білсін, математиканы меңгерсін, әртүрлі олимпиадалардан жүлде алсын, мемлекеттік грантқа іліксін деп кей шақта тәрбиенің түп тамыры – ізгілікті өнеге, игілікті тәрбие беруден бұрын білімді алдыға шығардық. Білімді болған жөн десек те, азаматтың ең алдымен тәрбиелі болғаны дұрыс, себебі бізге бастысы адамдарға қайырымды, қоғамға пайдалы, ұлтын сүйетін азамат қажет.
Әйтпесе, бүгінде шетелден білім алған, бірақ дәстүрін сыйламайтын, тілін білмейтін өз қазағына шекеден қарайтындар баршылық. Мұндай үрдіс, өкінішке қарай, жалғасуда. Тіпті шетелде оқып туған еліне келгісі келмейтін, Қазақстанды менсінбейтін жастар пайда болды. Осының бәрі, әлбетте, ата-ананың тәрбиесінен. Сондықтан, біз, әсіресе, аналарымызға осындай келеңсіз жайттардың себеп-салдарларын бүгіннен бастап ұғындырғанымыз жөн. Бұл біле білсек, ең алдымен сол ата-ананың өзі үшін қажет.
Қазіргі кезде, менің ойымша, өзімізде бар мемлекеттік органдармен қоғамдық ұйымдар бірлесіп атқарар ауқымды жұмыстардың реті мен жоспары жасалып, бекітіліп, соған орай науқандық шаралардың емес, нәтиже берерлік өміршең, жанды, нағыз жұмыстар қолға алынып, әлеумет сезінетіндей, қоғам ұғынатындай шаруалар істелуі қажет деп ойлаймын. Атап айтқанда, Қазақстанның дін басқармасы, Президент жанындағы отбасы, әйел істері жөніндегі комиссия, Дін агенттігі бас болып орталық, өңірлік қоғамдық ұйымдармен ортақ жұмыстар атқаруы тиіс. Әсіресе, бұл мәселеде Президент жанындағы отбасы, әйел істері жөніндегі комиссияның ұйыстырушылық рөлі жоғары.
Сонымен бірге, бұл істе бұқаралық ақпарат құралдарының да міндеті айрықша деп ойлаймын. Атап айтқанда, ұрпақ тәрбиесіне байланысты арнайы телехабарлар ұйымдастырып, оған осы саланың мамандарымен бірге өнегелі отбасы мүшелерін, әсіресе, ұлағатты аналарды қатыстырған жөн. Бүгінде біздің телехабарларымызда белгілі бір тақырып төңірегінде пікір таластырып оны шоуға айналдыру дағдыға айналды.
Бәлкім, қоғамдық пікірді айқындау үшін бұл да қажет шығар. Дегенмен, осындай телехабарлармен бірге өнеге дарытарлық, үлгі боларлық хабарлар да қажет. Өмірдің өз тәжірибесін көрсетпей, жалпы сөз, пікірталас, дау-дамай арқылы тәрбие тиімділігін, өнеге үлгісін дарыту қиын. «Мәдениет», «Білім» телеарналарында уақытты толтыру үшін осы телеарналардың тақырыбына үйлеспейтін шетелдік фильмдерді көрсете бастадық. Мұны дұрыс дей алмаймыз. Себебі, біздің қаншама шешімін таба алмай жатқан мәселелеріміз қордаланып тұрғанда эфирлік уақытты тиімді пайдаланған абзал. Аллаға шүкір, елімізде көпке ой салатын азаматтар баршылық, соларды пайдаланған жөн.
Сонымен бірге, жалпы білім беретін орта мектептерде діни сауаттылық мәселесіне де қазіргіден де айрықша көңіл бөлу қажет. Осы мектепке байланысты ойымызды сабақтасақ, онда қыздарымыздың тәрбиесі де бізді ойлантуы керек. Мектепте қыздар тәрбиесі сынып сағатының деңгейінде қалып отыр. Бұл бізді қанағаттандырмауы тиіс.
Ертең жар болатын, ана болатын, бір шаңырақтың берекесі болатын қыздарымызға тәрбие беруді еселеп көбейтетін һәм күшейтетін мезгіл келді. Отбасында, шаңырағында, мектепте дұрыс, берік тәрбие алмаудың қыздарымызды неге жеткізіп жатқанын бәріміз жақсы білеміз, ендеше бұған бейжай қарамай дабыл қағуымыз керек.
Қыздарымызға тәрбие беруде, әлбетте, дәстүрлі тәрбиенің рөлі үлкен. Дегенмен, заманның ерекшелігін бажайлап, бүгінгі оқушылардың жаңа буынның өкілдері екендігін ұмытпай оларға заманауи тәрбие беру жолдарын қарастыруымыз қажет. Қазіргі жастар жаңашыл, креативті идеяларды тез қабылдайды. Сондықтан, тәрбие беруде байырғы мен бүгінгі сабақтасып, бірін-бірі толықтырып жатса, оның тиімділігі де жоғары болмақ.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» депті данышпан Мұхтар Әуезов. Бұл ұлы жазушының сонау кеңестік дәуірде айтқаны. Әрине, кеңестік дәуір, оның идеологиясы исламдық, ұлттық тәрбиеге мүмкіндік бермеді. Сондықтан, Әуезовтің бұл сөзі дәл қазір тәуелсіздік кезеңінде мейлінше өзекті мәнге ие болып, елдігіміздің экономикаға, саясатқа ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне де тікелей қатысты екендігін аңғартады, ендеше дербес мемлекет, азат ел болудың күретамыр шарасы ретінде тәрбиені төрге шығаратын уақыт келді. Әрине, бұл бағытта мемлекет тарапынан бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып та жатыр.
Дегенмен, жас ұрпақты діни сауаттылыққа тәрбиелеу, ұлттық санада өсіру мәселесінде атқарылар шаруалар жетерлік. Әсіресе, бұл арада аналардың рөлі мен маңызы күшейтілуі қажет десек, оны қалай пәрменді етеміз, осы тұрғыдан ойланғанымыз абзал. Отбасылар сияқты, еліміздегі әйелдердің жағдайы да әртүрлі. Ұрпаққа толыққанды білім мен тәрбие беруде кейбір отбасылар әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қорғалған.
Айталық, пәтер жалдап жүрген немесе айлығы шайлығына жетпейтін отбасылар қаншама. Мұндай кезде заманауи талапқа сай білім алу, озық тәрбие беру мәселесі қалай шешілмек немесе таңның атысы, күннің батысы жұмыспен кететін, үйіне кешкісін ғана шаршап-шалдығып оралатын әйелдер ұрпағына қалайша толыққанды тәрбие дарытпақ, ойланатын мәселелер. Сондықтан, мұндай жағдайларда мектептің, қоғамдық институттардың рөлі артпақ.
Балаға тәрбие беру оған «олай істеме, былай істеме, үйт, бүйт» дегендермен ғана шешілмейтінін баршаңыз да жақсы ұғынасыздар. Бала айтылған нәрсені терең ұғынбаса, өз санасында қорытпаса, оған берілген білім мен тәрбие өз деңгейінде сіңе қоймайды. Ал бүгін біз ауқымды әңгімеге айналдырып отырған ислами тәрбие, аналарымыздың діни сауаттылығы өскелең ұрпаққа дарытар тәрбиенің де, білімнің де тиімділігін арттырады. Біз кім болсақ та ең алдымен адамбыз, біреуіміз әке, біреуіміз шеше, аға, апамыз.
Яғни, баршамыз Жаратушының туындысымыз. Өзіміздің білімімізге, еңбегімізге қарай әрқайсысымызға Жаратушы иеміз орнымызды, несібемізді берген. Сондықтан да жаратылыстың, ғаламның үйлесіміне орай жас ұрпаққа тәрбие дарытамыз десек, сол жаратылыстың заңдары мен қағидаларын меңгергеніміз абзал.
Әсіресе, дүниеге сәби әкелер, оған өмірдің нәрін беретін, сол сәбиді аялайтын, қаз тұрғызатын, ұлттың лайықты азаматы етіп өсіретін аналар күнделікті күйбеңнің, әлеуметтік қажеттіліктің қамымен ғана емес, жалпы тіршілік үйлесімінің сырын біліп, қажеттіліктеріне қанығып жүрсе, онда аналарымыз дарытар тәрбиенің ізгілікті мазмұны артар еді. Жалпы адамзат баласын сан ғасырлар бойы ізгілік пен мейірімге бағыттап келе жатқан дәстүрлі ислам дінінде аналарымыз алар тағылым мол.
Асанғазы Оразкүл Асанғазықызы
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты