Халқымыз қыз намысын қызғыштай қорғап, қыздарын алақанына салып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, ананы қадір тұтқан. Қыз – болашақ асыл жар, ертеңгі отбасы ұйытқысы, аяулы ана, ақылшы әже деп білеміз. Аналарымыз ұлт бақыты мен тыныштығын, отбасының татулығы мен шаңырақтың шайқалмауын, болашақ ұрпақ тағдырын, Отанын естен шығармаған. Сондықтан қазақ халқы үшін ананың орны ұлық.
Қасиетті Құран Кәрімдегі бір сүренің «Әйелдер» деп аталуы, «Әлем бейне бір қазына болса, соның ішіндегі ең қымбаттысы – әйел», «Жәннат – ананың табанының астында», т.б. хадистерден ананың орны Ислам өркениетінде қаншалықты биікке көтерілгенін білдіреді.
Ұлттық салт-дәстүр мен Ислам діні, шариғат заңдылықтары көп жағдайда бірін-бірі толықтырып тұрады. Хадисте «Әрбір діннің мінезі бар. Ислам дінінің мінезі – ол ұят» дейді. Ұят – қазақ әйелдерінің бойында жаратылысынан бар қасиет. Қазақта жоғарыда айтылған хадистің мәнін жалғайтын «Малым – жанымның садағасы. Жаным – арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті» деген нақыл сөздер бар.
Қазақ халқы қыздарының дене бітімі қалыптаса бастағанда, яғни балиғат жасқа толғанда ұзын жең, етегі тобыққа дейін, дене бітіміне сәйкес жарасымды етіп, желбіршектерімен қос етек көйлекті кең етіп тігіп кигізген. Көйлектің сыртынан киетін ыңғайлы әртүрлі сырт киімдеріне ою-өрнек салып, әшекей бұйымдар тағып, шаштарын да асыл тастармен безендіріп, шолпы таққан. Шашбау, шолпы шаштың ұзын болып өсуіне, денесін тік ұстап, аяқтарын қатты баспай, әдемі жүруге баулитын. Біреудің көңілін өзіне аударып алмау үшін шолпының сыңғыры естілмейтіндей сыпайы жүріп-тұруы керек.
Шариғатта қыз-келіншектер киетін киімнің түр-түсі, пішімі нақты айтылмаған. Ислам тақуалық, имандылық киімін талап етеді. Қазақ тарихында жерімізге Ислам діні ҮІІІ ғасырларда келгенімен, бабаларымыз қыздарының бет-жүзін тұмшалап, пәренже таққызбаған, қара орамал байлатып, қара көйлек кигізбеген. Қара киім қазақта қайғының белгісі. Сондай-ақ, оны жаман ырымға жорыған. Ақ түс, ашық түс – тазалықтың, бейбітшіліктің белгісі. Аналарды «ақ жаулықты» деп атаудың себебі де бұрынғы заманнан аналарымыздың бас киімдерінің көбінесе ақ түсті матадан тігілуінен. Мысалы, кимешек, оның үстінен тартылған жаулық, күндік, орамал, сәукеле, т.б.
Кимешек – қасиетті бас киімге жатады. Кимешекті жас келін балалы болғанда киеді. Бала емізген кезде омырауын көлегейлеп, көз тиюден, шаң тозаңнан, күннен, желден қорғайды.
Ұлттық киімнің қайсысын алсақ та, халқымыздың эстетикалық талғамының жоғары болғанын байқаймыз. Ұлттық киім – бай тарихи, мәдени мұра. Қазақ бақыт оң жақтан келеді, оңның тілеуі мол деп, киімді әуелі бисмилләсін айтып, оң жақтан киіп, сол жақтан шешкен. Осының өзі шариғат ережелерінің қағидаларымен үйлесімін тауып тұр.
Тәрбие жағынан ата-бабаларымыздың сауаттылығы қазіргі бізден асып тұр. «Бұтағы жаман теректен жақсы дән шықпайды», «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деп тегін айтпаған. Бала кемшіліксіз болсын десек, алдымен ата-ана өзі тәрбиелі болуы керек. Баланы сүйіспеншілікпен, мейіріммен тәрбиелеп, жақсы мен жаманды, күнә мен сауапты, адал мен арамды түсінікті тілмен үйрету керек.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балаларыңызды жақсы бағыңдар, оларды жақсы тәрбиелеңіздер» деп ескерткен. Өйткені әке-шеше балалары үшін Алла алдында жауапты. Ислами тәрбие ұлттық тәрбиеден алшақ емес. Халқымыз ежелгі заманнан-ақ өзінің ұлттық сипатын, тілі мен дінін, жақсы дәстүрлерін сақтап қалу үшін баланың жаны мен тәнін тәрбиелеуді бесігінен бастаған. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» дейді. Біз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақпыз. Қазіргі қарттар үйіндегі қазақтың қариялары, жетім балалар үйіндегі жәутеңкөз сәбилер күннен-күнге көбеюде. Осының бәрі имансыздықтан, тәрбиенің әлсіздігінен туындап отыр.
Бұрындары ата-ананы қартайғанда үйінің төріне отырғызып, ақыл-кеңесін сұрап, алдынан кесе-көлденең өтпей құрмет көрсететін. Ата-бабаларымыз: «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген. Ата-анасы қандай жағдайда болса да, оларды бағып-қағып, құрмет көрсету – перзенттік парыз. «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Алла тағалаға құлшылық етіп, құлшылықтарыңда Оған еш нәрсені ортақ етпеңдер. Әрі ата-анаңа жақсылық істеңдер» дейді.
Ал хадисте: «Ата-анаға көрсетілген қарсылықтың жазасын өлместен бұрын тарттырады» делінген. «Әке-шешенің жасаған дұғасы от пен суға батырмайды», «Атаның ащы сөзі – өмірдің тәтті сабағы» деген сөздер осы өмірден алынған. Алла тағаланың сынақ ретінде жіберген қиындықтарына шыдамдылық пен сабырлылық танытсақ, сонда ғана жақсылыққа жетеміз.
Халқымыз білім мен ғылымға келгенде де көштен қалмаған. Ұлы бабаларымыз өмірін бір мақсатқа – ғылымға арнаған. Білім адамның толық жетілуінде жетекші роль атқарады. Халқымыз «Ақыл азбайды, білім тозбайды» деген. Бала жас кезінен бастап жақсы тәрбиемен қоса, жақсы білім алып өссе, еліне пайдасы тиетін дүлдүл маман иесі болары анық. Ата-ана баланың тек қана материалдық жағын ғана көздемей, тәрбие мен қоса білім алуы қашан да маңызды екенін ұмытпағаны жөн.
«Ұлттың тілі кеми бастауы – ұлттың құри бастағанын көрсетеді» (М.Жұмабаев). Баланың бойына бірінші ана тілін сіңіріп алып, сосын ғана әр бала өзінің қажетіне қарай өзге тілге жол ашуы керек. Кейбір аналарымыздың өзі балаларына ана тілін үйретпек түгілі, өздері білмейді. Ана тілін білмеген адам дәстүрді де біліп қарық қылмайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Анасы қызымен тілін тауып, ашық сөйлесуі керек. Кімдермен дос болып, немен шұғылданып жүргенінен хабардар болып отыруы қажет. «Досың ақылды болса, өзің дана боласың. Досың ақымақ болса, өзің шала боласың» дейді қазақ.
Қазақта қызға тәлім-тәрбие беретін, қыздың үлгі тұтар жақыны анасынан кейін жеңгесі болған. Жаны таза, парасатты, ақылды болса, жеңгесі де туған анасындай болып кетеді. Бұл да халқымыздың ұзақ өмір тәжірибесінен қорытылып алынған. «Әкенің баласы үшін жақсы тәрбие беруден артық сыйы жоқ» деген тәлімді хадисті имам Тирмизи риуаят еткен.
Құран Кәрімде: «Бір де кедейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да, сендерді де қоректендіреміз. Расында оларды өлтіру зор қателік. Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол. Соған бейімделетін әртүрлі әрекеттерден аулақ болыңдар» дейді «Исра» сүресі, 32-аятында.
Аборт жасауда 15-18 жас аралығындағы бүлдіршін қыздарымыздың алдыңғы орында тұруы, қазақ қыздарының зинақор, жезөкше болуы, сананы ақша билеген заманда тәнін сатып жүргендері қаншама. Ата-бабамыз «Қызға – қырық үйден тыйым» деп, қыздардың тәрбиесіне бүкіл ауыл болып, ел болып атсалысып, жамандыққа ұрынып қалмасын деп, қамқорлық жасап, жауапкершілікпен қараған. Бір ауылда бір қыз жаман жолға түссе, бүкіл ауыл-аймаққа ұят саналып, сын болған.
Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау (суицид) дерті де өршіп барады. Оның себебі: имандылық пен ұлттық, отбасылық тәрбиенің әлсіздігі, сырттан келіп жатқан неше түрлі зиянды, сұрқия ағымдардың әсері, әке-шешенің ішімдікке, нашақорлыққа салынуы, баланың жан-дүниесінің қоғамдық ортада, мектепте, достарының арасында қысым көріп, күйзеліске ұшыраған кезінде шығар жол таппай, тек өмірімен есеп айырысудың ең оңай жолы – өлімді таңдап, артында қалған әке-шешесіне үлкен қайғы-қасірет әкеледі.
Бұл туралы дінімізде қатты ескертулер айтылып, тыйым салынған. «Бақара» және «Ниса» сүрелерінде олардың қандай азапқа түсетіндігі ескертілген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кім өз жанын қандай затпен қиса, тозақта сол затпен азапталады» делінген. Сабырлылық, төзімділік қасиет нағыз иманды адамның бойында қалыптасады. Өмірде болатын қиындықтар – Алла тағаланың сынағы. Қиындықты сабырмен жеңе білген адамға Алла тағала жақсылығы мен кеңшілігін аямайды, иншалла.
Көпке топырақ шашып, ауызды құр шөппен сүрте беруге де болмайды. Жастарымыздың арасында ар-ұятын бәрінен жоғары қоятын, инабатты, иманды, ақылды, білімді, тәрбиелі балаларымыз да жетерлік. Ұлтты ұлт ететін ең бірінші – жанұя.
Телеарналардағы, әсіресе, тәрбиелік мәні жоқ шетелдік көп сериялы кинолар, қоғамдағы түнгі клубтар, интернеттегі адамды азғыратын неше түрлі сайттар, атыс-шабыс ойындары, т.б. баланың сана-сезімін улайтын, кері тәрбие беретін орындарға әлі де тыйым салынбай келеді.
Қазақта «Не ексең, соны орасың» деген мақал бар. Жастарымызды рухани сауықтыру үшін имандылыққа, инабаттылыққа, отансүйгіштікке баулу, халқымыздың озық дәстүрлерін, тілін, дінін, ділін халық арасында кеңінен насихаттау қажет деп түсінемін.
Бала тәрбиесінің нақты бағдарламасын әзірлеу қажет. Ол үшін, біріншіден, балабақшада ұлттық тәрбиеге көп көңіл бөлу, өйткені бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Екіншіден, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында «Қыздар» клубын құру арқылы өзіндік салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсімдерін қалыптастыру, рухани мәдениетті насихаттау, әртүрлі тақырыпта сайыстар ұйымдастыру керек.
Үшіншіден, мектептерде имандылық үйірмелерін ашу.
Төртіншіден, имандылық және ұлттық тәрбиеге байланысты оқушылар және студенттер аудиторияларында бағдарлама бойынша тәрбие жұмыстарын жүргізу.
Бесіншіден, патриоттық тәрбие шараларын ұйымдастыру. Мысалы: «Отан – отбасынан басталады», «Отанды сүю – иманнан», т.б. тақырыптар бойынша. Рухани патриоттық кештер өткізу.
Алтыншыдан, «Ұлағат» атты кездесулер ұйымдастыру.
Жетіншіден, Сырласу кештерін ұйымдастыру.
Сегізіншіден, Оқушылар мен студент қыздарды жетім балалар мен қарттар үйлеріне апарып, әсер ететіндей олардың жағдайларын жете түсіндіріп, оларға рухани, қайырымдылық, т.б. көмек көрсету.
Тоғызыншыдан, тәжірибелі ұстаздар, дәрігерлер, психологтар, ата-аналар, Үкімет, мәдениет, қоғам қайраткерлерімен бірге отырып, тәрбиелік мәні бар бағдарлама жасау.
Оныншыдан, ақпарат құралдары арқылы имандылық тақырыбына арналған үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу.
Он біріншіден, балаларға арналған ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, имандылық тақырыбына арналған хабарларды телеарна арқылы жиі көрсету.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөз бар. Еліміздің келешегі жарқын болсын десек, жас ұрпақтың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Ол үшін ұлттық және имандылық тәрбиенің дүрыс бағдарламасын жасай отырып, ел болып қолға алу қажет. Осы ізгі шараны жүзеге асыру – барша аналардың міндеті.
Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушыларға Алла тағаланың нұры жаусын, Алла разы болсын! Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, ізгілік-ырыс, ынтымақ-бірлік тілеймін. Халқымызға амандық, елімізде тыныштық болсын!
Бақыт қажы Ержанқызы
Қазақстан қажылары қауымдастығы
Астана қаласы бойынша мұсылман
аналар мен қыздар департаментінің
төрайымы