Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жан берер сәтте де өз үмбеттеріне: «Әйелдерге игі істер жасаңдар. Олардың хақтарын өтеңдер. Олар сіздердің шаңырақтарыңызда өмір кешуде және кепілдіктеріңде. Аллаһтың бұйрығымен оларды серік болуға таңдадыңыздар, достық, махаббат уәдесін бердіңіздер. Ешқашан сол уәдені естен шығармаңыздар» – деп өсиет қалдырған.
Демек, махаббаттың мәні – қорғай білуде.
Әйел ең әуелі әулетінің түтінін түзу шығаратын ана болуға міндетті. Содан соң ақын да, әкім де болу еркінде. Қалай болғанда да, әйелді еркекке теңеу, теңестіруге ұмтылу – әспеттеу емес, кемсіту. Ұл тақылеттес қыздар бойжеткенде де, тұрмысқа шыққанда да «әйел бола алмай» психологиялық кедергілерден әбден азап шегеді. Бір кездегі жаздың аптабы, қыстың аязында жалған қошеметтің желеуімен арзан жұмыс күшіне айналған әйелдің әсері бүгінгі ұрпақтың санасында көрініс тапты.
Әмәнда ұлын ұлықтайтын жұрт қыздарының да қадіріне жетеді.
Алла тағала тарапынан адамзатқа түскен ақырғы дін – әу бастан қазақтың дүниетанымына сәйкес болғандай. Көшпелілер мен бәдәуилер, құлазыған бұйрат құм мен сағымды сары дала, жырау – жыршылар мен мұхаддис шайырлар, шешендік өнері, тағы басқа жан-дүниеміздің ұқсастығы. Айталық, «Мың бір түндегі бір ертегінің соңында қатал ханның ақылды уәзірі: «Аллаһ бізге ерік пен жігер сыйлап жаратты, біз істегіміз келген істі істейміз, егер көңіліміз жатпаса, ол әрекеттен бас тартамыз» – дейді. Бұл бабаларымыздың: «Пейіліңе қарай – пейішің» деген сөзінің баламасы емес пе?
Көшіп жүрген, көшкен сайын айбыны өсіп жүрген түркі мәдениетінің түп қазығы, көктегі бір Тәңіріне жалбарынған құнарлы қазақ жеріне «Жаратушы – жалғыз Алла тағала» қағидасымен Исламның құнды дәнегі егілген. Дін көгеріп-көктеп, өсіп-өнді, өркен жайды, «таңмен таласпа, тал түсте далада жүрме, бейуақытта ұйықтама» деген тыйымдар мен «ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген аталы сөзі намаз уақытынан хабардар етіп тұрған жоқ па?
Демек, дәстүр деп отырғанымыз ежелден келе жатқан мәдениетіміз болса, дін деп отырғанымыз, ұлтымыздың мыңжылдықтар бойына ешбір арнаға ауып кетпеген исламның дәйектерінің баламасын даналық сөздеріміздің баламасынан табу қиын емес. Ол үшін асыл дініміз бен ана тіліміздің қадірін қатар сақтауымыз қажет.
Кейбіреулер айтып жүргендей, Ислам қазақтарға таңылған дін емес, пейіліне қарай табылған дін. Шамандық болса шалып өткен бір елес қана.
Бір кезде моңғолдың Берке ханы мен оның әскері Исламды қабылдағанын, ғасырлар бойы жерімізге шапқыншылық жасаған қалмақтармен қыз алысып, қыз беріскенімізді есепке алсақ, тұрмыстағы әртүрлі әдеттерден үрім-бұтағымыздың бойында шамандықтың қалдығы болуы әбден мүмкін. Егер, бізде шаманизм діндік дәрежеге жетсе, олардың адамды жерлемейтін әдеті жұғар еді. Керісінше, мүрделер мен қорымдар, күмбездер мен молалар бар. Осының өзі бар күдікті сейілтері сөзсіз.
Көк Тәңірінің Аллаһ екендігін Құран Кәрімнің «Көзіңді ашып – көкке қара» дейтін аяты айқындайды.
Исламды қабылдаған әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Дәстүр мен діннің ұқсастығы туралы бір ауыз сөзбен қысқа қайыру – қиянат , ұзын-сонар айта беру – күнә. Өйткені білгеніміз – бір тоғыз, білмегеніміз – тоқсан тоғыз. Біздің талабымыз – білуге ұмтылу ғана. Бір ғана ақиқат Ислам діні, Ислам мәдениеті Түркі дүниесін әлемдік өркениеттің өріне шығарған, эмбриологиядан астрологияға дейін қамтылған құдіретті кітап Құран Кәрімді оқып үйренуді Алла тағала халқымызға нәсіп еткендігі. Дәстүріміз бен дінімізді бөле жаруды Жаратушы құптамайды деген сөз. Шариғатымыздың: «Кез келген ұлт пен ұлыстың дәстүрі Исламның негізгі қағидаларына қайшы келмесе, ондай әдет-ғұрыпты сақтап, дамыту керек» деген кеңшілігі – осының айқын дәлелі.
Әлемге әйгілі жазушы Дж.Бернард Шоудың көрегендікпен айтқан «Ислам – бүкіл адамзаттың құтқарушысы» деген сөзіне қосылып, имандылықты ұлттық сананың шамшырағы етіп биіктетуден артық салт-дәстүр болмас деймін.
Қазіргі күні қос-қостан әйел алу етек алып барады. Негізі, бірінші қосағының назасына ұшырап, наласына қалмау үшін еркек рұқсат алғаны жөн. «Әйел алғыштар» өз әрекетін ақтау үшін, арзан қылжаққа айналдырып, «Пайғамбарымыз да пәлен әйел алған деп, пайғамбар жолын ұстанған болады. Заманның пайғамбар заманы емес, өзінің пайғамбарлықпен шендеспейтіндігінде шаруасы жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдің санын көбейту үшін емес, сауап үшін үйленгенін, бәрін тең ұстағанын біле бермейді.
Әйел ауыстырғанда еркектің алдымен есіл-дерті сыртқа ауып, ниеті далаға кетеді. Бұл жағдай перзенттеріне жағымсыз әсер етіп, баланың қуаты ортайып, тілеусіз, қорғансыз қалып бәле-жалаға ұрынғыш болады.
«Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» дейді қазақ даналығы. Алладан бұйырған оң некесін «талақ» етіп, панасыз да шарасыз перзенттерінің қөңілін құлазытып ойын оңға, санасын солға бөліп, «Қара киіздің» (қазақ бірінші әйелді солай атайды) қадірін кетіріп «Ақ киіздің» (келесі әйел) көңілін табам деп өзін де, өзгені де сарсаңға салып жүрген «көп әйел алғыш, көшпенді күйеулерді» серілік емес, күнәһар, тіпті қылмыскер деп тану керек. Аталарымыз бірнеше әйел алса, мұсылмандықты желеу етпеген, жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпай ел болудың қамын ойлаған. Қазіргі көп әйел алу екі әйелден аспайды. Онда да біреу желіккеннен, кейбіреуге еліккеннен, болмаса, біріншісінен зеріккеннен алады. «Екі сиыр айран, екі қатын ойран» – демекші, Асқар аға Тоқпанұлы марқұм хал үстінде жатқанда: «Екі қатынның басы қосылса есіңнің кеткені, екі аурудың басы қосылса ажалыңның жеткені» – деп ой түйіп кеткен еді.
Сондықтан, сұрықсыз әйел жоқ, күтімсіз әйел бар дегенді тереңдетсек,бір әйелден бәйбіше де, нақ сүйер де, ақылшы да, дос та, қабағыңа қарайтын, керегіңе жарайтын асыл Ана да жасауға болады. Белинский: «Жұбайыңды қартайған кемпір болған шағында да жақсы көре білуге жас күніңнен даярлан» депті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім әйелдің жаман пейіліне сабыр етсе, Аллаһ ол адамға Аюпқа (ғ.с.) берген сауапты береді. Сол сияқты ерінің жаман пейіліне сабыр еткен әйелге де Перғауынның әйелі Әсияға берілген сауап жазылады», – деген.
Хадисте: «Қабырстанға барып зиярат етіп тұрыңдар, ол естеріңе ақиретті салады» делінген. Бұл қазақтың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұстанымына сәйкес келеді.
Қазақ қашаннан да мұсылман жұртының санатында болғандықтан, салт-санамыздағы айырмашылықтан гөрі ұқсастықты іздеп тапқанымыз жөн болар.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Некелесу – менің жолым, кімде-кім жолымнан бас тартса, үмметім емес» – деген. Ал «Үйленудің ең қайырлысы – жеңілдікпен орындалғаны» –дейтін түйінді сөзі, біздің «Теңін тапса, тегін бер», – деген тілегімізбен астасып жатқан жоқ па? Исламдағы «Мәһар мұғажжал» қазақтың «үкі тағу», «сырға салу» салтына ұқсас деп ойлаймын. Ежелден келе жатқан «құдалық» деген сөздің мағынасы қауым болып қаумалып қыздың отырып, ұлдың «сүр бойдақ» атанып өтуіне жол бермейтін, ұрпақтың өсіп-өнуіне жағдай жасайтын қасиетті мұра.
Қазақ баласын қазіргідей, үй болу әркімнің өз еркі деп бетімен жібермеген. Табиғатпен рухы үндескен, жаны үйлескен бабаларымыз түз тағыларының өзі ұрпақ қамына кірісерде арам тер, артық майынан арылып, судың тұнығын, шөптің шүйгінін қорек етіп бәсекеге түсетініне зер салып, тағылым алған. «Қызылды қызыққа, ұзынды ұлыққа жұмса» – деп бозбала мен бойжеткенге ерекше көңіл бөлген.
Арабтарда қалыңдыққа мәһр беріледі, ал бізде «қыздың қалың малы» деген жоралғы бар.
«Қыздың малын қынға сүрт» деп мәрттік танытқан қазақ, үкілеп төріне отырғызған қызын бұлдап араны ашылмаған. Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар емес пе?! Қазіргі салт деп жүргеніміз әркім өз ыңғайына қарай ойлап шығарған жол-жоралғы ғана. Заманына қарай амалын жасап, салтымызға да, санамызға да салмақ түсірмейтін жағын ойлаған жөн. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін әдет-ғұрпымыздың бір жүйеге түсірілген үлгісі жоқ. Құда-құдандалы болған жиын-тойларда кейде шүберек-шаршының төңірегінде кикілжің шығып, әркім «өз ауылының салтын» салмақтап, ақыры дауға айналып жатады. Осындайда, «әттең ауыл-аймақ қана емес, иісі қазаққа ортақ мәнді де сәнді ереже керек-ау» дейсің…
Исламда артық шашылуды ысырап санайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиетіне жүгінсек: «Үйлену тойында дастарқан жайып, той жасау сүннет, екінші күнгісі – абыройын асыру, ал үшінші күнгісі – құр мантаншақтық, даңғаза, даңғойлық» делінген. Демек, той жасау шабылып, шашылу емес, некелі болғаныңды ел-жұртқа жария ету. Бұл біздің ұлтымызда «беташар тойы», яғни, жас келінді келген жерімен таныстырып, келін болып түскеніне, некелену рәсіміне куә болып, өсиет, өнеге тыңдау болуы керек. Осындай жақсы ниеттің аяғы дарақы «көңіл көтеруге» ұласып, тойдың бағасы ішілген ішімдікпен өлшенетін әдеттен алыстайтын уақыт жетті. Шала мас ата-анадан шалажан сәби туылатынын есте сақтаған жөн. Әрине, бұл – Исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көргенсіздік.
Қазақта: «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу жоқ» дейді. «Қызы бардың назы бар» дегенге келсек, ел арасында: «Бай мен бай құда болса арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса арасында дорба жүреді, бай мен кедей құда болса арасы зорға жүреді» деген сөз бар. Демек, қатып қалған қағида жоқ. Кім-кімде болса көрпесіне қарай көсіледі. Осыған орай, бір әңгіме ойға оралып отыр. Тарихта аты қалған кіші жүздің Байсақал атты байының әлпештеп отырған қызына орта жүздің атақты бір адамы «жаушы» жіберіпті. Байдың жылы қабақпен қарсы алғанына көңілі толған жігіттер қалың мал мөлшерін сұрайды. Сонда Байсақал қызының сәукелесін беріп тұрып: «Қызымды малға айырбастамаймын, тек қана осы сәукеленің құнын қайтарсаңдар болды» дейді. Сонда, күйеу жағының құдалары бір ғана бас киімді бес жүз жылқыға бағалаған екен. Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінен жеткен бұл дерек «алмақтың да салмағы бар» дегенге саяды. Ал сәукеле – қыз төркінінің талғамы мен танымынан хабар беретін ишара сөз.
Ислам шариаты бойынша маһрам туысқа жататын адамдардың бір-біріне үйленуіне тыйым салынған.
Қазақ жеті атаға толмай қыз алыспаған. Классикалық демографияда жиырма бес жыл – бір ата десек, жеті ата – жүз жетпіс бес жыл. Одан әрі «қарындасыңды алуға асықпа» деп тағы бірнеше буын ауысады.
Осыдан бес ғасырдан аса уақыт бұрын Әз Жәнібек ханның жарлығымен «жеті атаға толмай қосылған қыз бен жігітке өлім жазасы кесілсін» деген кесімді үкім шығарылған. Демек, осы бұйрықты бұзбасақ, қазақ қан жаңғырту үшін өзге ұлттың өкіліне некелесетін мәжбүрлік жоқ. Негізі бөліну үшін емес, қайта айналып қосылу үшін ру сұрасып, тек біліскеннің зияны болмайды.
Пайғамбарымыздың: «Адамдар бұзылып кетті» деген сөзді естісең сол адамның өзі бұзылғаны» дейтін хадисі «көпті жамандаған көмусіз қалады» деген ескертудің баламасы емес пе?! Айтпағымыз, бұзылған салт жоқ, бұра тартқан «білгіштер» бар.
Тағы да Ислам мен дәстүріміздің астасып кеткен ұғымы – ақ бата. «Аталы сөз – баталы сөз» – деген бұрынғылар. Құдаласуды кейде баталасу деп те атайды. «Ақ баталы, қызыл қанды құдамыз», «Ақ батадан аттауға болмайды» деген сөз тіркестері осыған байланысты айтылған.
Халифа Алтай атамыздың айтуынша «бата» деген араптың «Фатиха» сөзінен шыққан. «Фатиха» сүресі – Құран кәрімнің беташар сүресі, «Құранның кілті». Ал, екінші ұғымы – дұға. «Баталы құл арымас…», «Көп тілеуі – көл» деп той-жиынның бас-аяғында баталар берілуінің мәнісі осында.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Дұға – ғибадаттың жілік майы» – деген тұжырымы бар. Ескеретін бір жәй, бата-дұға айтылғанда Алла тағаланың есімі қосылмай, «өйтуіне бүйтуіне тілектеспін» деу бос сөз, жәй пікір ғана.
«Әр істе орташа болу керек» деген исламдық қағидаға сай, «қыз бақыты кісі босағасында ашылады» екен. Олай болса қыздарымызға қалыңды көп сұрап бұлдамай, кәдесіз қадірін де кетірмей неғұрлым ертерек теңімен қосып қойсақ, қырыққа келіп, сүбесі қалыңдаған сүр бойдақ қыз бен жігіттеріміз азаяр еді.
Өкінішке орай, кейбір «діндәр» болып көрініп, шариғат жолын уағыздап жүргендердің арасында «қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып» бірнеше некені кезектесе қиғызып, көңіліне жақпаса «талақ» дей салып, «аманат» перзенттерді алданып қалған әйелге арқалатып, Алланың да, адамның да, Заңның да алдында жауап бергісі келмейтіндер кездесіп қалады.
«Өзің диуанасың, кімге пір боласың» дейді мұндайда. Сыбырды Құдай естімей ме? Дінімізді рухани дәрмен етуге уағыздап жүргендердің «өмір салты» осылай болса, «тақуалықты» кімнен іздейсің. Білместің ісіне Жаратушы иеміз кешіріммен қарайтын шығар, ал, біле тұра осылай жасағандардың нәпсісінің аранын ақиреттің үкімі тойдырады.
Бұл дүниенің сынағы, ол дүниенің сұрағынан қорықпай аманат арқалап жүру оңай міндет емес. «Аманат, аманатқа қылма қиянат» деген сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Пайғамбарымыздың: «Жесір мен жетімге жәрдем беру – Аллаһтың жолында күресумен (соғысумен) немесе түнімен ғибадат етіп, күндіз ораза тұтқанмен бірдей сауап» деген.
«Аманат перзент» дегеннен шығады, қазақ салтында емшек сүті болмаса да, ешкінің сүтін беріп «Құдайдан басқаның ортағы жоқ» деп баланы бауырға салу ертеден келе жатқан салт. Пайғамбарымыздың да сүт анасы Халима анамыз болғандығы тарихтан белгілі. Азан шақырып сәбидің атын қойған, жастардың некесін қиған, имандылық жолына баулыған тілеулес адамды жақын тартып, «рухани әке» дейтін де дәстүр бар. «Кіндік шеше» (аққол ана), «мұрындық ана» (келін түсіргенде ауылға бастап әкелетін беделді бәйбіше), «өкіл әке-шеше» дейтін тумаса да, туғандай жақындары болады. Әсіресе, «кіндік шешенің» орны ерекше.
Құран Кәрімде: «Еркек – әйелге тірек» деген. Яғни, еркек – әйелдің алдында қалқан, артында – қорған болуы керек. «Еркек дауысты әйелде ұят болмайды, әйел дауысты еркекте қуат болмайды» деген де сөз бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінгі буын ертеңгі ұрпақтың ата-тегі екенін естен шығармай, рухани уызына жарыған, дамыған жұрттың қатарына қосылып, арлы да нәрлі ел болуды Алла тағала бұйыртсын деп тілейміз. Өз тарихын мойындамаған ұлт, әкесін мойындамаған ұл» дейді Шығыс даналары. Ата діні мен игі дәстүрін сақтаған халықты рухани апат айналып өтеді.
Ғалия Қайдауылқызы Айупкеліні
«Киелі кимешек» қоғамдық қорының жетекшісі