Лама Шариф Қайрат Қайырбекұлы
Қазақстан Республикасы
Дін істері агенттігінің Төрағасы
Құрметті форумға қатысушы ханымдар!
Ең алдымен барлық қатысушыларды көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Бүгінгі Форумның барша қатысушыларына сәлем жолдап, ізгі құрметімді білдіру мен үшін үлкен мәртебе.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті сияқты бірегей оқу орнында елімізде алғаш рет өтіп жатқан «Дін және әйел» атты форумның осылай аталуының үлкен символикалық және тарихи мәні бар.
Құрметті қонақтар! Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызға бүгінгі форумға шақыруымызды қабыл алғандарыңыз үшін алғыс білдіремін.
Сіздердің және еліміздің танымал ғалымдарының, беделді саясаткерлері мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Қазақстанда қалыптасқан конфессиялық кеңістіктің, қоғамның, Қазақстан халқының ұлттық және отбасылық құндылықтарының үлгісі талқылануы біз үшін үлкен абырой болмақ.
Баршаңызға белгілі, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ана мен баланы қорғауды бірінші орынға қойды.
Мемлекет басшысының: «Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды» деген көпшіліктің қолдауына ие болған тезисі халықты бір мақсатқа жұмылдырған, мемлекеттік және қоғамдық деңгейге көтерілген басымдыққа айналды.
Бұл мәселеге кеңірек тоқталсақ, от басы, ошақ қасының берекесі, ата мен ана, ұл мен қыз (және т.б.) секілді құндылықтарды халық қашанда қастер тұтқан және қастерлей де бермек.
Бұл жерде ата-ананың орнын өте жоғары бағалайтын әлемдік дін – Исламнан дәлел келтірген жөн деп ойлаймын. Мұхаммедпайғамбар: «Ата-ананың балаға бере алатын ең жақсы мұрасы – жақсы тәрбие» деген.
Бұл жерде ананың рөлі ерекше маңызды. Қазақ халқы: «Әйел күннің шуағынан жаралған» деп дәріптесе, Алла Елшісі: «Жәннат – аналардың аяғының астында» деп аналарды ұлықтаған.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс.Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс» деп атап көрсетті.
Менің осы орайда Қасиетті Құранның әйел мен еркектің Алла алдындағы құқығы мен міндеткерлігі бірдей екендігіне куәлік беретінін атап айтқым келеді. Исламға дейінгі кезеңде кейбір араб тайпалары қыз балаларды тірідей жерге көметін. Құран бұл әдетті кісі өлтіру қылмысымен тең санап, үлкен күнә ретінде тыйым салды. Ислам бейкүнә сәби қыздардың өмірін құтқарғанда, олар есейгеннен кейін әділетсіздік пен теңсіздіктің зардабын шеге берсін деп құтқарған жоқ, оларға барлық уақытта, соның ішінде бойжетіп, әйел, ана болған шақта да жылы жүзбен әділ қарым-қатынас жасауды талап етті.
Ислам әуелден-ақ адам баласы ретінде еркек пен әйелдің құқығын бір-бірімен тең санады. Құран Кәрімде адам баласы екі жыныста – еркек және әйел болып жаратылғаны туралы айтылған. Мұхаммед пайғамбар:«Істердің ең қайырлысы – көркем мінез-құлық.Көркем мінез-құлық – иманның жартысы. Кімде кім өзінің сенімінің күшейгенін қаласа, өз жұбайына жылы сезіммен қарайтын болсын» деген.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жолдауында: «Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті» деп үндеді.
Барлық әлемдік діндер, соның ішінде ислам да отбасын құру мен бала тәрбиелеуге ерекше мән береді.Мұхаммедпайғамбар былай деген: «Исламда неке қиюдан абзал іс жоқ. Кімде кім менің сүннетіме сай өмір сүргісі келсе, үйленсін. Некелесіңдер, өсіп-өніп, қатарларыңды көбейтіңдер».
Ислам еркек пен әйелдің барлық ерекшеліктерін ескере келіп, отбасын басқару рөлін ер азаматқа берген.
Құранда: «Ерлер – әйелдердің қамқоршысы, өйткені олар әйелдер үшін өздерінің мал-мүлкін сарп етеді» делінген. Сол сияқты Мұхаммед пайғамбардың: «Нашар мінез-құлықты адам ең алдымен өзі зардап шегеді. Ең үлкен кемшілік – өз айыбыңды көрмей, біреудің мінін іздеу» деген хадисі бар.
Отбасылық мәселелер қияңқылық пен бірбеткейлік арқылы шешілмейді. Бұл мәселені кеңірек қарастырар болсақ, отбасындағы моральдық ахуал және адамгершілік, отбасыны нығайтуға, отбасының берік болуына көңіл бөлу секілді құндылықтар әрдайым жоғары бағалануға тиіс екенін ерекше айтқым келеді. Менің ойымша, өзара құрмет пен түсіністік – салауатты және берекелі отбасын құрудың, отбасында дені сау баланың туылуының кепілі екенін дәлелдеп жатудың өзі артық.
Қадірлі ханымдар, Мұхаммед пайғамбардың бұл жайында не дегенін білесіздер ме? Ол: «Әйел қисық қабырғадан жаралған, оны түзетем десең, сындырып аласың. Әйелдермен мәмілеге келсеңдер, оны пайдалана аласыңдар»деген.
Мемлекет Басшысы өзінің жолдауында: «Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет.
Олар банк карточкаларына ие болуға, көлік жүргізіп, қызмет жолын қалыптастыра алуға, заманға сай болуға, сәнденуге тиіс және біздерде ешқашан киілмеген, салтымызға жат киімдерге оранып-қымтанбауға тиіс. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар.
Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек.
Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды» – деп ерекше атап өтті.
Ұлт көшбасшысының қыздарымыздың, жұбайларымыз бен аналарымыздың қазіргі қоғамдағы орны туралы айтқан мағынасы терең, бағдары айқын сөздері біздің ұлттық ағартушыларымыздың көзқарастарымен үндесіп жатыр.
Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыбы Ілияс Есенберлиннің мынадай сөздерін дәлел ретінде айтып өткім келеді: «Ұлттың мінезін әйел-ана айқындайды. Әрбір халықтағы әйел-аналар шын мәнінде ұлттың мінезін қалыптастырады.
Сірә, қазақ әйелдерінен артық бостандық сүйгіш әрі ерікті әйел заты бүкіл Шығыстан табылмас. Ол ешқашан жүзін тұмшалап, пәренжі жамылып көрген жоқ, сүйе білді және махаббаты үшін күресе білді, ауыл ақсақалдарымен бірге келелі кеңеске кірісуден қаймыққан жоқ, ел басына күн туғанда қару мен қалқан алып, қорамсаққа оқ салып, талдырмаш қана денесімен атқа қонды. Қазақта талай-талай ержүрек, дана әйелдердің аты аңызға айналған.
Құрметті Форумға қатысушылар!
Бүгінде қоғамның назары хижаб мәселесіне жиі аударылуда. Қазақстандық қоғам үшін қауіп хижабтың өзінде емес. Мәселе қазақтар үшін жат мәдениет пен идеологияның енуіне түрткі болатын, қазақы қалпымыздан, ұлттық менталитетімізден, береке-бірлігімізден айыруға алғышарт жасайтын діндарлық формасының өзгеру қаупінде болып тұр.
Өткен тарихымызға көз жүгіртетін болсақ, қазақ халқында әйелдер күнделікті өмірде жүзін жауып жүрмеген, өзгелерден оқшауланып немесе ерлерінің рұқсатынсыз басқалармен сөйлесу құқығынан айырылып көрген емес.
Қазақтың бай сөздік қорында «хижаб» деген ұғым мүлде жоқ. Біздің ата-бабамыз «хижаб» сөзін әйелдер киіміне қатысты қолданбаған.
Қазіргі уақытта хижаб туралы пікірталастарға, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, бөтен идеологияның жетегінде кетуге қарсы тек дәстүрлі ислам ғана тұра алады.
Қазақ халқының ұлт және мемлекет ретінде қалыптасуында шариғат үлкен рөлге ие болды. Қазақ халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үйлесіп, кірігіп кетті. Ұлттың дүниетанымы оның дәстүрінен танылады. Сондықтан «дәстүрлі дін» ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дін ғана танылады.
Қазақстанда қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, түрік, күрд, тәжік, қырғыздардың барлығының ата діні – ханафи мазхабындағы ислам болып табылады. Себебі, ислам ұлттық дәстүрлермен тығыз астасқан. Бұл орайда әр ұлт өзінің ата дінін, дәстүрлі мазхабын ұстанғанда ғана тұтастығын, бірлігін сақтап қала алады.
Хижаб киюді үгіттеп жүргендердің сілтеме жасайтын аяты – Құранның «Нұр» сүресінің 31-аяты болып табылады: «Ей, Пайғамбар! Иман келтірген әйелдерге ұятты жерлерін жауып, бөтен еркектерге нәпсіқұмарлықпен қараудан өздерін сақтансын деп айт», алайда осы сүренің 30-шы аятына мән бермейді: «Ей, Пайғамбар! Иман келтірген еркектерге ұятты жерлерін жауып, бөтен әйелдерге нәпсіқұмарлықпен қараудан өздерін сақтансын деп айт». Олай болса, бұл екі аятты қосып оқығанда мәселе хижаб киюде емес, Алла тағала еркекке де, әйелге де өздерін нәпсіқұмарлықтан бойларын аулақ ұстасын деп әмір еткенін білеміз.
Егер «Нұр» сүресінің 31-аятында: «Ей, Пайғамбар! Иман келтірген әйелдерге … жалаңаш кеудесін көрсетпеу үшін иығына орамал жапсын деп айт. Әйел өз сұлулығын күйеуіне, әкесіне, қайын атасына, балаларына, күйеуінің басқа әйелдерінен туған балаларына, аға-інілеріне, олардың ұлдарына, бала-шағаларға көрсете алады», – делінген болса, бұл жерде араб пен қазақтың салт-дәстүрлерінің айырмашылығы бар. Себебі, арабтарда жақын туыстардың бір-бірімен үйленуі қалыпты жағдай болып саналады. Мұндай әдет қазақтың дәстүрінде мүлде жоқ. Қазақтар жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін қатаң ұстанған. Сондықтан өз ағасы, өз әкесі, өз інісі саналатын рулас туыстары, ауылдастары арасында қыз баланың ешкімнен қысылып, жүзін жаппайтыны белгілі. Бұл дәстүр осы күнге дейін берік сақталып келеді. Осы дәстүрдің арқасында қазақ халқында атақты ғалымдар, әйгілі математиктер мен физиктер, майталман музыканттар, суретшілер мен спортшылар бар.
Бағзыдан жеткен ешбір жыр-аңызда, ешбір тарихи деректе, ешбір бейнелеу өнерінің туындысында қазақ даласында хижабпен жүрген әйел баласы туралы мәлімет жоқ екендігін де атап өткім келеді. Мұхаммед пайғамбардың өзі хадистерінде: «Алла Тағала сіздің сырт көрінісіңізге қарамайды, жүрегіңізге назар салады» деген.
ХХ ғасырдың әйгілі саяси қайраткерлердің бірі, Үндістанның бірінші Премьер-министрі Джавахарлал Неру өзінің «Дүниежүзілік тарихқа көзқарас» атты кітабында өзінің ислам өркениетіне таңданысы мен құрметін білдіре отырып, арабтардың хижабты басқа халықтардан – римдіктер мен ирандықтардан алғандығын жазады. Оның пікірінше, «араб әйелдерінің арасында жүзін жабу дәстүрі болмаған. Олар ер адамдардан бой тасалап өмір сүрген емес, керісінше қоғамдық орындарда олармен бірге жүріп-тұрған. Бірақ арабтар өздерінің жеңімпаз жорықтары барысында Шығыс Рим (Византия) және Иран секілді ірі мемлекеттердің кейбір салт-дәстүрлерін сіңірген. Арабтар Византия империясын күйретіп, Иран империясын толығымен жойды. Алайда өздері екі ел дәстүрінің жетегінде қалып қойды. Әйелдердің еркектерден оқшаулануы тәрізді ғұрыптар арабтар арасында Византия мен Иран дәстүрлерінің әсерімен пайда болған. Бірте-бірте гарем жүйесі қалыптасып, әйелдер мен ерлер бір бірлерінен бөліне бастады».
Атақты американдық тарихшы және философ, 11-томдық «Өркениеттер тарихы» атты кітаптың авторы Уильям Дюрант Джавахарлал Нерудың сөзін растай отырып, гарем мен хижабтың арабтардың дәстүріне омеядтық халиф ІІ Уалид басқарған 743-744 жылдары енгенін атап көрсеткен.
Сауд Арабиясы тұрғындарының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің жиынтығы қазірге дейін үстірт сипаттауға келмейтін айтарлықтай күрделі әрі көп қырлы болып табылады. Көптеген жергілікті дәстүрлер барлық араб әлемі үшін бірдей, екінші бір дәстүрлер сол өлкенің тарихи және табиғи-климаттық жағдайларына байланысты туындаған, үшінші бөлігі басқарушы биліктің қатаң саясатының жемісі болып табылады. Қалай болғанда да жергілікті өмір қалыпқа құюға келмейді.
Мысалы, шөл далаларды мекен ететін көшпенді арабтар оазистер мен жайылымдар арасында су мен қорек іздеп көшіп жүреді. Олардың дәстүрлі тұрақтары қой мен ешкінің қара терісінен тоқылған шатырлар болып табылады. Бәдәуилердің әйелдері орамалсыз еркін жүріп, бөтен еркектермен сөйлесе береді. Бұған керісінше қала әйелі көшеге қара жаулық «хумара» мен басынан аяғына дейін жауып тұратын «абая» кимей шыға алмайды.
XX ғасырдың басында Ататүрік түрік әйелдерінің құқықтарын шектейтін арабтан келген хижаб кию секілді түрік қоғамына жат салт-дәстүрлерді айыптап, әйел мен еркектің тепе-теңдігін сақтайтын, ұлттық сана-сезімге тәрбиелейтін, Исламның бес парызын мойындайтын зайырлы мемлекет құрғанын баршамыз білеміз. Бірақ бұл мемлекетте ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын, түріктердің дәстүрімен үйлескен ислам діні насихатталды. Қазір араб әлемінің өзінде де әйелдерге хижаб кигізуге қарсы болып отырған ел бар. Ол – Тунис. Тунис Республикасының негізін қалаған бірінші Президенті Хабиб Бургиба 1981 жылы №108 заң шығарып, қыздарға мектептер мен университеттерде, әйелдерге мемлекеттік мекемелерде хижаб киюге қатаң тыйым салған. Соның арқасында отыз жылдан бері Тунистің қыз-келіншектері, әйелдері еркектермен тең дәрежеде қызмет атқарып келеді. Қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінде, Бахрейнде, Кувейтте, Оман Сұлтанатында, Ливанда, Мароккода хижаб кию дәстүрі біртіндеп азаюда.
Құрметті форумға қатысушы ханымдар!
Зайырлы әрі демократиялық Қазақстанның азаматы ретінде біз де хижаб мәселесіне қатысты баршаға ортақ ұстаным қалыптастырмасақ, бара-бара қазақтың қыз-келіншектері қоғамдық орындарда ерлермен бірдей жүріп-тұрып, қоғамдық қызметке еркін араласа алмайтын халге жетіп, өзінің тұлға ретіндегі, азамат ретіндегі әлеуетін толық мәнінде жүзеге асыра алмайтын болады. Мұның айқын мысалын әйелдердің белсенділігі қашанда төмен болып келетін араб елдерінің жағдайынан көріп отырмыз.
Біз көп санды халық емеспіз. Біздің жағдайымызда әйел, еркек демей, әрбір азаматтың орны бөлек.
Қазақстандық әйел азаматтарымыздың ғылым-білімнің, техниканың, өндірістің дамуына қосқан елеулі үлесін ескерер болсақ, әйелдердің қоғам өміріндегі белсенділігінің төмендеуінен бізге өте үлкен интеллектуалдық залал келері анық. Оның үстіне қоғам өмірінде тек әйелдер ғана қозғай алатын, бастама көтеріп, жүзеге асыра алатын ерекше мәселелер болады. Бұл әсіресе ана мен бала мәселесіндегі сырт көзге байқала бермейтін көптеген қиындықтарға тікелей қатысты. Осындай мәселелердің өз уақытында шешімін табуында әйел-аналардың орны ерекше.
Қазақ халқы тарихының өн-бойында өзіне тән діни қағидалар қалыптасқан. Бізге тек ата-баба жолын жалғастырып, өзіміздің дәстүрлі дінімізді сақтау керек. Халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани-діни құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратуымыз қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы хижабпен бүркемеленген жат идеологияға тосқауыл қоюға болады.
Ұрпағымыздың ұлттық сана-сезімнен, ұлттық жадынан, ұлттық тарихы пен мәдениетінен айырылып қалмауы үшін біз сырттан келген жат ықпалға тойтарыс бере білуіміз қажет.
Осы мінбеден Сіздерге және Сіздер арқылы барша әйелдер қауымына шынайы алғысым мен құрметімді білдіргім келеді.
Сіздердің Алматының қонақжай ауасымен тыныстай отырып, нәтижелі еңбек етулеріңізге тілектеспін. Алдағы қызметтеріңізге табыс, дендеріңізге саулық тілеймін.
Назарларыңызға рахмет!