Әлемдік өркениет пен прогрестің табиғи-тарихи жүру бағдарларының гуманизм мен ізеттілікке құрылған бағыттары қашанда ер мен әйелдің өзара үйлесімділігі мен ішкі жан дүниелік бірлігін қамтамасыз етуді басшылыққа алды, әрбір кезеңнің ішкі ақиқаты, тәжірибесі мен бүгінгі заманның руханияттық келбеті де одан басқа жол жоқ екендігін паш еткен сыңайлы. Адамзаттың бүгінгі күнге дейін сабақтасқан жетістіктері мен оңды құндылықтарға қол жеткізуінің маңызды шарттарының бірі – осындай үйлесімділіктен туындап жатты.
Бірақ тарихи тағдыр мен ондағы келеңсіз жағдайлар кей уақыттарда, әйел мен ердің қоғамдағы эволюциялық негізде тағайындалған табиғи орындарын бұрмалап жіберіп отырғандығы да шындық. Сондықтан гендерлік мәселелер көне дәуірдегі мифологиялық түсініктерден бастап, діни сенімдерде, тұрмыстық танымдарда, қоғамдық пікірлерде арнайы пікірталастар аймағы ретінде қозғалып-талқыланып, әр заманның ыңғайына қарай бірде қайшылықтарға да ұшыраса, бірде өзіндік тиянақты шешімдерімен де әрбір аймақта әр түрлі деңгейде жалғасын тауып жатты.
Сондай мәселелердің бірі – қоғамдағы әйел орнының ислам дініндегі келбеті. Ислам діні көпқұрылымды, көпқызметті теориялық деңгейлерден ғана құрылмайды, тұрмысмәнділік-практикалық мәселелерді толғануда да тиімді шешімдермен, қағидаттармен келіп сабақтасады. Сондықтан, онда да әу бастан қоғамдағы әйел мен ердің орны, біріне-бірінің қатынасы, кемсітушіліктердің болмауы, өзара теңдігі мен әлеуметтік әділеттілікті сақтау шарттары сияқты мәселелер тұғырлы түрде тиянақталған болатын.
Ендеше, бүгінгі біз қозғап отырған тақырып – исламдағы әйел мәселесінің ұлттық идея мен еліміздің стратегиялық дамуы аясында шешімін табуы тиіс түйткілдерге келіп тірелетіндігі де табиғи-обьективті және тарихи-әлеуметтік қажеттіліктерден туындап отыр. Мәселені тереңірек зерделеу үшін бұл жерде біз мынадай мәселелер алаңын туындата аламыз: Исламдағы әйелдің орны және оның гендерлік қырлары; Исламдағы әйел мәселесінің ұлттық идея аясындағы шешімін табуы тиіс түйткілдер; Зайырлы-құқықтық, демократиялық-толеранттық негіздегі еліміздің саяси стратегиясы арнасындағы әйел және ислам мәселесі.
Бірінші аталған мәселе, соңғы жылдары әлемдік және отандық дінтанушылар мен философтар, мәдениеттанушылар мен әлеуметтанушылар арасындағы ғылыми дискурс аясында талқыланып жүрген маңызды түйткілдердің бірінен саналады. Осы орайда, олардың пікірлері мен ұстанымдарын мынадай бағыттарға жіктеп көрсетуімізге болады: ислам діні әйелдік кемсітушіліктерге жол береді деп есептейтіндер; бұл дін әйелдің жеке тұлғалығын құрметтейді деп санайтындар; ислам діні әйелдің еркіндігімен қатар жауапкершілігін де қадағалап отыруды негізге алады деген қорытынды шығаратындар. Бұндай әр түрлі көзқарастарды феноменологиялық тұрғыдан түсіндірудің жолдары біз үшін нақты нәтижелерге қарай жол ашуға мүмкіндіктер беретін сыңайлы.
Олай болса, біз бүгінгі санамыздағы ислам мен оны қалай қабылдап жүргендігімізді зерделеуге бет бұрсақ, ислам дінінің шарттары мен қағидалары әр түрлі кең түсініктемелерге орын бере алатын герменевтикалық мәтін екендігі туралы тұжырымдарды негізге алсақ[1,239-245бб.], мынадай бастапқы маңызды сауал туындайды: «Ислам дінін сырттан бақылаушылар бойынша оның әйел құқықтарын сақтамайтындығы туралы пікірлері мен сол дін өкілдерінің, яғни, оған түбегейлі бет бұрғандардың өзін бақытты сезініп, ешқандай да құқықтарының тапталмағандығын үздіксіз қайталауы туралы арналас екі көзқарасты салыстыра келсек, түптеп келгенде, кім өзін солай сезінсе, ол шындығында да солай ма?».
Ендеше, бұл мәселе: «ислам дініне бет бұрған әйелдің өзін бақытты сезінуі – өзінің-өзіне жеткілікті қанағаттануы болып құрылатын психологиялық жайбарақаттануға келіп тіреле ме?» деп сабақтасатын ой тізбегін ұсынады. Демек, ислам дініндегі әйелді кемсітушіліктің болмайтындығы мен олардың өзіндік құқықтары (фикх) арнайы бекітілгендігі, көп жағдайда, ислам апологеттері мен оны насихаттаушылар-қуаттаушылар тарапынан ұсынылса, батыстық дүниетанымның таптаурыны шеңберінде қалғандар мен дін философиясы мен дін социологиясын зерделеушілердің кейбірі бұған керісінше, көп жағдайда, исламдағы әйел құқының шектелгендігі туралы пікірлерін тиянақтайды.
Демек, бұл жердегі түпмәселе исламдағы әйел құқы туралы толғаныстан, көп жағдайда, жалпы ислам дінінің таралуын қолдау-қолдамау өлшемі бойынша ажырайтын екі көзқарастың туындауына келіп аусады.
Олай болса, ислам дінін дәйекті ұстанған әйел апологеттерінің пікірі: «ислам дініндегі әйел орны туралы ұстанымдардың өзі жалпы адамзат эволюциясы мен тұрмыстық өмірдегі әйелдің шынайы орнын айғақтап беретін түпмәнділік мәңгілік қағидаттар, олар қандай болса да дұрыс» деген идеяны туындатады және бұл пікірлер рационалды түрде талқыланудан гөрі сезім күші арқылы бекітілумен келіп сабақтасады. Бұл жерде Шығыс әйелі мен батыс әйелі деп шартты түрде ажыратуға болатын түсініктер соншалықты маңызды болғанымен, бірақ бұл дихотомиялар тым кең және жалпылау екендігі күмәнсіз.
Себебі, «батыс», «шығыс» деген аймақтардың өзі көп түрлі. Бұл жердегі көңіл аударып отырған түйткіл – Шығыстың ішіндегі араб-мұсылмандық шығыстағы әйел туралы мәселеге келіп тоғысады. «Исламдағы әйелдің құқықтары мен еркі шектелген» деген бағыттағы түсініктердің туындауы – осы араб-мұсылмандық шығыс әлеміндегі әйел келбетін батыстағы әйел бейнесі тұрғысынан көргісі келуінде болып отыр.
Нақтырақ айтқанда, батыс әйелінің образын мұсылман әйелінің образымен алмастыруды ғана қалайды деген сөз, сәйкесінше, бұның керісінше жағы да байқалады: мұсылмандық әйелдер әлемдегі барша нәзік жандылардың тура өзіндей болуын қалайды. Түптеп келгендегі маңызды түйін, тек әйел мәселесіне ғана қатысты емес, жалпы батыс пен шығыс деп шартты түрде ажыратып жүрген екі парадигманың ерекшеліктерінде болып отыр.
Сондықтан, осындай біріне-бірін тартатын және осы тартылыс арқылы қайшылық құрайтын шығыс және батыс әйелінің келбеттері «алтын аралық» арқылы шешімін тапқандай болады. Бірақ осы жерде «бұл аралықтың өзінің басты ерекшеліктері мен негізгі белгілері қандай, өлшемдері неде?» деген сауал туындайды. Бұл тұста Орта Азиялық дәстүр мен Қазақстанның таным-түсінігін үлгі ретінде өзімізге-өзіміз ұсынуымызға болады.
Бұны этноцентристік көзқарас деп бағалаудан аулақ болуымыз керек. Себебі, біріншіден, бұл аймақ тек идея жүзіндегі алтын аралық қана емес, географиялық орналасуы жағынан да аралық, тұтас Еуразиялық кеңістіктің орталығы болып табылады. Екіншіден, тарих белестеріне жүгінсек, түркі халықтарының әлемдік таным-түсініктері этика мен адамгершілік, ізгілікті қарым-қатынастық ұстанымдар бойынша елеулі орын алатындығын негізге алуымызға болады.
Үшіншіден, Орта Азия мен Қазақстан, Түркия сияқты мемлекеттер жалпылама алғанда, зайырлы исламдық үлгіні бетке ұстайды немесе оған бет бұрған. Төртіншіден, бұл географиялық кеңістікте өзіміз өмір сүргендіктен, ол бізге жат емес, болмысымыз бен ішкі жан-дүниемізге генетикалық жағынан да, табиғи түрде де жақын, нақтырақ айтқанда тарихи дәстүр бойынша ұлттық бірегейленуге келіп тоғысады.
Осы модельді, сәйкесінше, батыстық үлгідегі гендер мәселесіне де қолдануға болады. Ендеше, Батыстық гендерлік ұстанымдардың да қалыптарын тұтастай біздің елімізге көшіре салу қаншалықты адасу туғызатын болса, қазіргі араб-мұсылмандық шығыстағы әйел бейнесін Қазақстанға дәл солай көшіре салу да сондай деңгейдегі ауытқу болып табылады деп айта аламыз.
Бұдан шығатын қорытынды: ислам және әйел, әйелдің исламдағы орны, ислам дініндегі әйелдің тұрмыстық деңгейлері сияқты түйткілдер тоғысы мен батыстағы гендерлік саясат, американдық әйел бейнесі деген сияқты бүгінгі күні шешімін табуы сұранып тұрған мәселелерде, біз қашанда өзіміздің ұлттық үлгімізді естен шығармауымыз керек. Бұл – ұлттық идеяның басты ұстанымдарының біріне келіп саятын обьективті қажетті құрылым болып табылады.
Ұлттық идея мен еліміз ұстанып отырған болашақ туралы стратегия тек тарихилықпен ғана шектеліп қалмайды, логикалықты қоса қамтиды, демек, дамуда дәстүршілдік пен жаңашылдық қағидаларын қатар ұсынады. Осыны ескере келсек, исламдағы әйел мәселесінде де, Орта Азиялық және Қазақстандық өзіндік бір үлгі қажет екендігі сөзсіз.
Ол – бүгінгі мемлекетіміз ұстанып отырған дін мәселесіндегі зайырлылық пен діни төзімділік арқылы оң шешімін табуы тиіс. Демек, біз ұсынып отырған дін мәселесіндегі алтын аралық Кеңес дәуіріндегі атеистік сананы да жоққа шығара отырып, қазіргі кейбір араб-мұсылман мемлекеттеріндегі фанатизмді де қолдамайды.
Олай болса, исламдағы әйел мәселесінде біздің ұстанымымыз алтын аралықты екі жағдайда қатар ұстануы тиіс деп айта аламыз: біріншісі, жоғарыда атап өтілген дін мәселесі бойынша, екіншісі, батыстық гендерлік саясат бойынша. Сонда ғана «зайырлы исламдағы әйел бейнесінің ұлттық-өркениеттік үлгісін» жасап шығара аламыз. Демек, «мемлекетіміз ұстанып отырған саясат пен ұлттық идея аясындағы әйел бейнесі қандай болуы тиіс» деген сауал бойынша оның мынадай жалпылама қағидаттары мен бағдарларын ұсына аламыз:
1.Әлемдік өркениет аясындағы әйелдік кемсітушілік бағыттарына жол бермеу, бүгінгі адамзат қоғамындағы нәзік жандылардың мәртебесінің көтерілуі, олардың тең құқықтығы мен қоғамдағы орнының айшықталуы мәселелерін ұлттық құндылықтар негізінде қалыптастыру жолға қойылуы тиіс.
2.Еліміз зайырлы исламның даму жолын таңдап алуына сәйкес, әйел бейнесінің де осындай бағдарларын тиянақтап, әлдеқандай ұлттық идеяға сәйкес келмейтін ұстанымдарды жоққа шығара отырып, фанатизм, радикализм, төзімділіктен ауытқу сияқты бағыттардан алшақтап, бұндай жағдайлардан қазақ әйелдерін де сақтандырып отыруы тиіс.
Осы орайда, Қ. Лама Шарифтің: «Жергілікті деңгейде халық арасында діни радикализмді қабылдамаудың нұсқауларын одан әрі қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз ету орынды деп ойлаймыз»,-деп тұжырымдалған пікірлерінің[5,17б.] ыңғайындағы мәселелер де «зайырлы исламдағы әйел бейнесінің ұлттық-өркениеттік үлгісінің» маңызды бір бөлшегі болуы тиіс екендігін атап өткіміз келеді.
3.Бұл әлі толықтай жасақталмағандықтан, Қазақстан әйелдерін осы модель бойынша қалыптастыруды ғана емес, еліміздегі әйелдердің зиялы қауымы мен олар зерделеп жүрген ғылыми бағдарламалары осы нұсқаны өздері жасап, іске асыру қажеттігін басшылыққа алу. Бұл қоғамымыздағы әрбір тұлғаның саяси-әлеуметтік жауапкершілігі болуы тиіс.
4. Бұл – ұлттық идея мен мемлекетіміз ұстанған саясатты қолдау арқылы ғана жүзеге асатындығын ескере келе, қоғамымыздағы әйелдің орнын тағайындау мен қайта жаңғыртуда адасу жолында жүргендердің пікірлері мен ұстанымдарын теориялық және практикалық тұрғыдан түбегейлі жоққа шығарумен жалғасын табатындығын терең сезінуіміз қажет.
Аталған мәселелерді қолға алудың қоғамымыздағы жалпы ахуалдардан туындайтын өзіндік қиыншылықтары да жоқ емес. Бірақ бұлар тек қоғамдағы әйел мәселесіне ғана қатысты емес, бүтіндей еліміздің рухани-мәдени даму бағдарына да байланысты шешімін табуы тиіс түйткілдер болып табылатындығын ескерте кеткендігіміз жөн.
Қорыта айтқанда, исламдағы әйел мәселесі дінде зайырлылық бағдарды ұстанбайтындардың, ұлттық идея мен мемлекеттік саясатты салғырттау қолдайтындардың, қоғамдағы әйелдің мәртебесін шектеуге ұмтылып, әйелдің кемсітушіліктері мен құқықтарының қорғалмай жатқан тұстарын көргісі келмейтіндердің пікірлеріне абайсыз елітумен шешілмейді, оларды жоққа шығара отырып, асығыс шешім қабылдамай, мәселені терең пайымдап, этикалық пікірталастар аясында жетіле түседі деп тұжырымдай аламыз.
Cебебі, ислам және әйел мәселесінің толғану мен оның нақты нәтижелерін ұсынудың жалпы алғанда сан түрлі нұсқалары бар екендігіне қарамастан, біз үшін оны ұлттық идея мен еліміздің саяси-мәдени дамуының стратегиясы аясында шешуден басқа, әзірге (мүмкін мәңгіге), баламалы жолы жоқ екендігі де белгілі жайт.
Нөкетаева Динар Жүсіпәліқызы
ҚазМемҚызПУ ректоры, к.п.н.