«Әлемде тұңғыш рет әйелдің мәртебесін көтеріп, оны қадірлеуге шақырған – Ислам діні одан бұрын әлемде әйелге деген көзқарас қандай еді? Мысалы, ежелгі Греrияда: «Әйелден асқан қатер жоқ! (Гомер)», «Әйелге деген махаббат – нағыз у (Сократ)», ….әйел табиғи құбыжықтандырылған еркек (Аристотель)», «Үш қатер – от, теңіз және әйел (Эзоп)». Бұл сөздерден ежелгі гректердің әйелдерге деген көзқарасын білуге болады. Грекияда ең сұлу әйелді бірнеше ірі қараға айырбастап алуға болатын. Махаббат аурудың бір түрі ретінде қарастырылған.
Ежелгі Үндістанда қыздарды сәби кезінен өздерінің діни храмдарының жезөкшесі ретінде дайындайтын. Ең ауқатты отбасылардың өзі еш шімірікпестен осы жолды таңдаған. Халық таптарға бөлініп, ең нашар жаратылыс әйел деп есептелетін. Оларға діни мейрамдарға қатысуға, өздерінше қасиетті санаған кітаптарды оқуға тыйым салынған. Өлген күйеуімен бірге отқа жағылатын әйел, ең жақсы әйел деп есептелді. Бұл сати рәсімі, осы күнге дейін жалғасуда.Фиджи аралында жүгіру жарысында қуып жетіп, ұстап алынған әйел сол еркектің меншігіне өткен.Нассауда жесір әйел бүкіл ауылдың меншігі есептелетін. Жесірлерді әдейі тамақтандырып, кейін оны ортақ мүлік ретінде жеп қоятын жағдайлар да жиі ұшырасқан.
Ежелгі Қытайда үйге келін түсісімен, үйде қатарынан үш күн қайғы жамылып, әйелді психологиялық тұрғыда төмендетіп тастайтын.
Көне Мысырда күйеуі егер әйелі ұнамаса бірден отқа жағып жіберсе де ерікті болған.Ассирияда (Иран) отқа табынатындар (мәжуси) заманында әйел өте қиын жағдайда еді. Ең жақын туысымен үйлене беретін. Әйелі үйінен бір зат алып шықса, ұры есептелетін әрі күйеуі оның құлағын шауып тастайтын. Ежелгі Русьта (солтүстік славян мемлекеті) неке деген атымен жоқ еді.
Конгода жүкті әйелге жиіркенішпен қарайтын.
Иудаизмдегі әйелдің орны: Талмуд – иаһудилердің діни кодексінің үкімі бойынша егер әйелі үйдегі бір ыдысты сындырса немесе күйеуі одан сұлу әйел кездестірсе, күйеуіне әйелімен ажырасуға рұқсат берілген. Әйелдің ажырасуға ешбір құқығы жоқ. Әйел еркектің жекеменшігі. Дұғаларында еркектер әйел болып жаратылмағанына шүкір етсе, әйелдер күйеулеріне қызмет еткеніне үшін шүкір етуі керек.
Христиан дініндегі әйелдің орны. Христиандар әйелді: «Адам атаны (ғ.с) азғырды» деп, солардың кесірінен пейіштен қуылдық деп жазғырады. Соның әсерінен бүкіл Еуропа һәм христиандар әйелдерге жаман қарым-қатынаста еді. Әйелзатын кемсітетін. «Әйелдің ақысы бар ма?», «Әйел адам ба?», «Хайуандар сияқты жауапкершілігі жоқ па?», «Әйелдің рухы бар ма, жоқ па?»-деп өз араларында тартыстар жүретін.
Исламнан бұрынғы арабтарда құмар, зинақорлық, әлсіздерге зұлымдық жасау тәрізділер кең тараған. Намыстанып өз қыз балаларын тірідей көметін. Хазреті Омар (р.а.) бұл жайында: «Аллаһтың атымен ант етейін, біз жәһилия кезеңінде былайша айтқанда Аллаһтың діні келгенге дейін, әйелдерді адам деп санамайтын едік»-деген. Ислам діні келген соң уаһи арқылы әйелдің орны мен құқықтары белгіленді. Әйелдің қоғамдағы орны мен құқықтарына ең көп құрметпен қараған
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) таразының басын теңестірді. Өнегелелі ісімен де, сөздерімен әйелдерге деген көзқарасты түбегейлі өзгертті.
Әйелдердің қоғамдағы орнын көрсеткен – Ислам діні. Әйелге деген осыншалықты құрмет тек Ислам дінінде ғана. Мұндай құрмет шынымен де орынды. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дінді жая бастағанда әйелдер қауымы ерен еңбек сіңірді. Жәбірейіл (ғ.с.) дінді жаю міндетін жеткізгеннен кейін, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, Хадиша! Кімді дінге шақырайын? Кімге түсіндірейін?» – дегенде Хадиша (р.а.) анамыз: «Маған түсіндір, иә , Расулаллаһ, мен мойындаймын» деді. Ол ең алғаш мүміндерден және ең алғаш онымен намаз оқығандардан болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазреті Хадиша анамыз туралы: «Еркектерден жоғары мәртебелерге жеткендер көп. Ал әйелдерден ол дәрежеге жеткендер төртеу. Олар: Перғауынның әйелі Әсия, Мәриям бинти Имран, Хадиша және Фатима» – деген. Айша (р.а.) анамыз болса ең көп хадис риуаят еткен жеті сахабаның бірі.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелдер жайлы айтқан өсиет-хадистері:
Әйелдердің сіздерде, сіздердің әйелдеріңізде хақтарыңыз бар (ибн Мажә).
Әйелдер әлсіз әрі қорғансыз жаратылған. Оларды үйлеріңізде қорғаңыздар. Олардың әлсіздігін (яғни ашуын) үнсіздікпен жеңіңіздер (ибн Аббас).
Жәннәт аналарыңның аяғының астында (Әнәс).
Әйеліңе көмектесу – садақа (ибн Омар).
Кім анасының көзін сүйсе, бұл ол үшін тозақтан перде (ибн Аббас).
Сіздердің ең қайырлыларыңыз, әйелі мен қыздарына ең жақсы қарағандарыңыз (Әбу һурайра).
Атақты сахабалар және ғалымдар әйелдер туралы
Иманды әйел – қайырлы іс жасамайтын 1000 еркектен де қайырлы (Омар ибн Хаттаб).
Әйел еркектің екінші жартысы (Айша).
Ең жақсы балалар – нәзік, мейірімді, қымбат әрі сүйіспеншілікке толы қыздар. (Әли ибн Әбу Тәліп).
Егер сіздердің біріңізде қыз дүниеге келсе оған қиянат жасамасаңыздар, ренжітпеңіздер, Аллаһ оның себебімен сізді жәннәтқа кіргізеді (ибн Аббас).
Әйел жүкті болған кезде оған күнін оразамен, түнін құлшылықпен өткізгеннің сауабы жазылады. Толғағы басталған кезде, ешбір жаратылыс Аллаһтың оған қандай сый беретінін білмейді. Ол сәбиін дүниеге әкеліп емізе бастағанда, сәбидің әрбір жұтымы үшін, әрбір емізгені үшін оған өліні тірілткендей сауап жазылады. (Әбдірахман ибн Ауф).
Әйел жүктілік уақытында, сәбиді туып асыраған уақытында Аллаһ жолында жүрген жауынгер сияқты. Егер бұл уақытта қайтыс болса, оған шәһидтің сыйы беріледі (ат-Табарани).
Мүмін ер кісі, мүмін бір әйелге ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады. (Мүсілім)
Сол сияқты әрбір мұсылманның білуі керек болған асыл қажеттіліктерінің бірі некенің діни үкімдері. Өйткені неке мұсылмандар үшін иман сияқты. Некенің мақсаты тек ұрпақ жалғастыру емес. Егер бұлай болатын болса бедеу адамдар мен жасы келген қарт адамдардың некесі жайз болмаушы еді. Еркек пен әйел үйленуімен рухани және тәндік бірлік пайда болады. Ер мен әйел жаратылысы бір-бірінен айрықша боп көрінгенімен, шындығында бір-бірін толықтырған екі бөлік. Міне, жай ғана шолып өткеннің өзінен-ақ әйелдің мәртебесін байқаймыз. Мақаланы Мұхтар Шахановтың өлеңімен аяқтайын:
Дүниеге қан тамырдай тарайтын,
Жер бетінде әйел жайлы ертек көп.
Әйелдерге немқұрайлы қарайтын,
Еркекті мен санамаймын еркек деп.
Қай кезде де сұлулықтың жолы мұз,
Әйел – біздің әзиз байлық қорымыз.
Әйел-біздің тағдырымыз,
Тағдырымыз болған соң,
Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз.
Раббымыз әркімге шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, сабыр етуші дене, намысын әрі мүлкімізді қорғайтын салиқалы әйел нәсіп етсін! Әмин!
АВТОР Нұрмұрат Әл-Фараби
Мақала http://www.muftyat.kz/index.php?newsid=5894 сайттан алынған.