Мұсылман жаулап алушылары Үндістан шекарасына тым ертеден-ақ, мәселен 711—713 жылдардың өзінде-ақ жетіп жүрді. Бірақ олар бұдан бес жүз жыл өткен соң ғана бұл жерлерге тұрақты орын теуіп, тұтас ғасырлар бойына осы елдің көптеген аудандарында саяси тұрғыдан билеуші болып алды, сөйтіп оның мәдени дамуына елеулі ықпал жасай отырып, үнді халқының көптеген бөлігін, ең алдымен, қанаудағы халықты мұсылман дініне енгізумен болды.
Алайда, ислам Үндістанды тұтастай бағындыра да алмады, бүкіл елдің және оның мәдениетінің дамуы жолындағы бетбұрыс кезеңі де бола алмады. Сол себепті үнді-ислам өнерінің кезеңі мұсылман халықтары мәдениетінің тарихында кездейсоқ құбылыс болып қалғаны сияқты Үндістан үшін де ол кезең үнді мәдениеті дамуының тарихындағы негізгі емес, жай ғана қатардағы бір тарауы іспетті болды. Бірақ кейде кездесіп қалатыны сияқты оған мән бермей қоюға да, тіпті бұл кезеңді Үндістан мәдениеті мен өнері тарихынан мүлдем шығарып тастауға да болмайды. Тұтас алғанда ерте ислам кезеңі, оған өкшелес Моғолдар кезеңі сияқты үнді тарихының біртұтас құрамды бөлегі болып табылады және де ол тарихтың біздің заманымызға дейінгі дамуына ықпал жасағаны жақсы мәлім.
Қалай болған күнде де өнер саласында үндіисламдық өзара ықпал өз жемістерін берді. Бұл кездегі елеулі сәулет өнерінің жетістіктерімен және осы кезеңнің ерекшелігі болып саналатын қолөнердің өркендеп гүлденуі тамсанта таң қалдырып, ғажайып шеберлігіне тәнті етеді. Үнді мәдениетіне ислам жаулап алушыларының алғашқы қуатты соққылары мүлде теріс әсерін тигізді, Махмұд Газневи сұлтан(998—1030) бастаған жаулап алушылар жасағы өздерінің ауғандық астанасы Кабулдан шығып, Солтустік Үндістанға басып кірді және Деканға дейін жетіп, үнділік көркеменер ескерткіштерін құртып жіберді. Дінге ессіз берілген ол жолындағының бәрін жайпап, «дінсіздердің» көптеген қасиетті жерлерін — ортағасырлық ғаламат діни құрылыстарын құртып жіберді, түгін қалдырмай тонап алды, үнді халқының аман қалдырылған бөлегін (негізінен қолөнерші шеберлер, сол сияқты бишілер мен музыканттар) өзінің ауғандық отанына құлдыққа айдап әкетіп, өздеріне басыбайлы жұмыс істеуге мәжбүр етті.
XI ғасыр басындағы бұл тонаушылық пен талқандаулар, жаулап алушылардың шектен тыс қаталдықтары тірі қалған үнділіктердің жазып қалдырып кеткен жазбаларынан ғана емес, мұсылман жылнамаларының көптеген авторлары хабарларынан, ең алдымен, әйгілі әл-Бируни жазбаларынан да мәлім болып отыр. Ол Махмұд жорықтарын және оның Тханесардағы, Матхурдағы, Канаудждағы, Гвалиордағы, Катьанджардағы храмдарды және Сомнатхпурдаға сол кездегі қасиетті орын есептелінетін Сурья храмын тас-талқан етіп, қиратқаны туралы егжей-тегжейлі жазып қалдырған.
Газневилерден кейін мұра ретінде өкімет тізгінін қолға алған Грудтер әулетінің билігі кезінде (XII ғасыр) Солтүстік Үндістан мен Деканның едәуір бөлегі жаулап алынды, тек үнді субконтинентінің қиыр шығысы мен оңтүстігі ғана аман қалды. Ол тұстағы ел билеген үнділік әулеттер бытыратылып жіберілді. Олар әскери кастаның дәстүрлік ғұрыптарына сүйене отырып, дәл сол кез үшін күлкілі болып шыққан билік жолындағы «рыцарьлық» өзара қырғын соғыстар жүргізумен болды. Ал мұның өзі, әрине, қандай да болсын біріккен қарсылықты қиындата түсті және берекесі қашқан,соғысқа құлықсыз үнділік дұшпандары сан жағынан әлдеқайда басым болуына қарамастан мұсылман жаулап алушыларының жеңіске жетуіне көмектесіп отырды.Мұхаммад Гури 1178 жылы Ненджабты жаулап алды және Дели түбіндегі шешуші ұрыста өзіне әлі де қарсылық көрсетумен болған үнді билеушілерін қирата жеңді.
Мұхаммад жаулап алғанмен астанасын Үндістанға көшіргісі келмеді. Ол бұл жерге әкім етіп өзінің түрік құлы Кутб-уддин Айбекті отырғызды. Ал бұл батыл қолбасшы мұсылман өктемдігін Ганга жазықтығына да орнатты, Бихар мен Бенгалияны жаулап алды, сөйтіп өзінің бұрынғы қожайыны қайтыс болған соң, дербес билеуші алғашқы үнді сұлтаны (1206—1210) болып алды. Ол Мамелюктар (құлдар) әулеті дегеннің негізін қалаушы болды. Үндістанның XIII—XIV ғасырдағы мұсылман әулеттері жиі-жиі ауысуымен ерекшеленген кезеңі сахнаға кейде жігерлі қолбасшыларды, ал кейде рақат өмірді, қолбостықты, махаббат қызықтарын ғана күйттеген азғын билеп-төстеушілерді шығарған дөрекі соғыс күшінің дәуірі болған еді. Бұл билеушілерді қашан да өздеріне жақын жүрген жауласушы құлдары, сарай маңындағы адамдары мен әскербасылары тақтан түсіріп тастап отырды.
Күшпен бағындырылған халық шектен тыс зорлық-зомбылықты бастан кешірумен болды, бірақ әлгі әкімдер өздерінің әскери-бағындырушы аппаратымен шалғай тұрғандықтан, олардың халық тұрмысына, халықтың қоғамдық және мәдени өміріне араласы тіпті де аңғарылмайтын. Бұл мұсылман келімсектерінің үзіліссіз ішкі күрестері белгілі бір дәрежеде көне үнді мәдениетінің бір қалыпта тұмшаланып сақталып қалуына көмектесті. Әрине, бұл сырттай қарағанда ғана еді, алайда 1212 жылдан 1328 жылға дейінгі аралықта мұсылман билігі Үндістанға түгел дерлік, сол сияқты оның Мадураиға дейінгі оңтүстік бөлегіне де орнығып болды. Билік үшін күрес жаулап алушылардың алғашқы кездегі ислам діні арқылы нығайтылған бірлігін әлсірете берді.
Ұсақ және ірі-ірі көтерілістер жекелеген облыстардың орталық өкіметтен азат болып, дербес мұсылман князьдерінің құрылуына әкеп соқтырды. Мәселен, 1337 және 1347 жылдар аралығындағы мұсылман билігінің тұсында-ақ Бенгалия мен Декан, осындай дербестікке ие болды. Самарқаннан шыққан Темір 1398 жылы Үндістанға баса-көктей кіріп Делиді жаулап алды, тонады; орталық өкіметтің уақытша әлсіреуін пайдаланған басқа провинциялар да мемлекеттік одақтан шығып кетті: XV ғасыр мен XVI ғасырдың басында Үндістан ішінде Кашмир, Синд, Дели, Джаунпур, Бенгалия, Мальва, Гуджарат, сондай-ақ Солтүстік Декандағы Бахманидтер мемлекеті сияқты өзара ұдайы жауласып өткен, көптеген дербес, ұсақ мұсылман мемлекеттері құрылды.
Олардың өзара күресін және басқа саяси жағдайларды пайдаланған кейбір бұрынғы үнді мемлекеттері өздерінің дербестігін сақтап қалды, ал кей реттерде дербестіктерін қайтарып алып отырды. Мәселен Орталық және Солтүстік-Батыс Үндістанда Раджпуттар мемлекеттерінің үлкен федерациясы өмір сүрді; жолы қиын Ориссаның шалғай облыстары ақыр соңында мұсылман әкімдері билеген көрші Бенгалия бағындырып алғанға дейін біраз уақыт бойына тәуелсіздікте болды; оңтүстіктегі Чолдар мен Паңдьялар әулеттерінің мемлекеттері иеленген үнді мемлекеттері мен Тунгабхадра өзеніндегі Хампи басты қаласы болып табылатын Виджаянагар мемлекеті де өз дербестіктерін сақтап қалды. Негізінен алғанда Раджпуттар мен Виджаянагар мемлекетінің арқасында ислам басқыншылығынан өзіндік негізгі ерекшеліктерін аман алып қалған көне үнді мәдениеті сақталып қалды. Алайда, тіпті, мұсылман өкіметі бақылауында болған үнді облыстарының өзінде де мұсылмандар өмірінің саяси, қоғамдық, мәденидіни формаларын күшпен енгізу арқылы да үнді мәдениетін біржолата жойып жіберу ешқашан да мүмкін болмағанын атап айта кеткен жөн. Үндістанның қиыр солтүстік-батысындағы, қазіргі кезде Пакистанға қарайтын жекелеген аудандары туралы ғана бұлай деуге болмайды.
Тек қана өкімет басына келген моғолдар бірнеше рет әрекет жасаған соң барып XVI ғасырдың екінші жартысында Солтүстік Үндістан мен Декан аудандарын орталық өкіметтің бақылауына бағындырып, біртұтас үнді-мұсылман мемлекетін құра алды. Бахманидтер мемлекеті Бграр, Бидар, Биджапур және Голконду сияқты жекелеген мемлекеттерге бөлектеніп кеткен Декан ғана Моғолдар өкіметіне күшті қарсылық көрсетті.
Ерте ислам кезеңінде — Моғолдар өкіметінің Акбар тұсында нығайып күшейгеніне дейінгі уақытта — жоғарыда айтылғандай, индуистік және джайндық сәулет өнерінің көптеген ескерткіштері талқандалды, мүсіндер құрып кетті немесе айуандықпен бүлдірілді, құдайлардың бастары жұлынып тасталды немесе танымастай етіп бүлдіріп қиратылды. Алайда, жаулап алушылар қолымен жасалған мұндай бүліншіліктер ақыр соңында олардың сол бүлінген құрылыстардың жарамды деген қалдықтарын өз өнері мен құрылыстары үшін пайдалануын мәжбүр етті. Құрылыстардың тұтас жұрнақтары, ең алдымен,бағандар (колонналар) мен мүсіндік әшекейлер жаңадан салына бастаған мұсылмандық құрылыстарға көшіріліп әкелінді.
Бұдан келіп туатын ой: осылайша «ақиқат» діннің «дінсіздерді» жеңгендігі айқын дәлелденетін болғандықтан, мұндай, іс-әрекеттің өзін діншіл мұхаммедшілер мақтан тұтқан секілді.Бихар мен Бенгалиядағы будда храмдары да осындай талқандаушы діни фанатизмнің табанына тапталды, ал Үндістандағы ең соңғы будда әулеті болған Палдар кезеңіндегі көптеген құрылыстардан ештеңе де қалған жоқ деуге болады. Қазіргі музейлерде сол дәуірдегі өнер үлгілері ретінде қойылған заттар — сол кездің шағын елді мекендерінде сақталып қалған жекелеген тас мүсіндер ғана. Буддалық монахтар ерекше қуғындалып, олардың көпшілігі құрбан болғанға ұқсайды.
Алайда, олардың қайсыбіреулері, сол сияқты дінге сенетін буддалықтар көрші елдерге қашып құтылған. Мәселен, буддаллық қашқындардың үлкен топтары Бенгалиядан шығысқа қарай шекаралық облыстарға және көршілес Бирмаға ағылды. Қашқындардың басым көпшілігі қарлы шекара арқылы солтүстікке, Непал мен Тибетке бет алды. Сөйтіп, осы кезден бастап Палдар кезеңіндегі үндімәдениетінің бұл елдердегі жергілікті өнерге деген күшті әсері басталды.
Көп ретте азғындаған және негізінен әскери-саяси өкімет мәселелерімен айналысқан ерте ислам әкімдері билеп-төстеген кезеңде көптеген діни ғимараттар — бірінші кезекте мешіттер мен мұнаралар, медреселер (исламдық діни оқу орындары), көбінесе аумақты да керемет көрікті ескерткіш бейіттер, елдің әкімдері мен белгілі адамдарының мавзолейлері салынды. Ал мұның өзі Үндістан жеріндегі жаңа құбылыс еді және оның ескі үнді ғұрыптарына ешқандай да қатысы болмайтын. Алайда, бұл кезде тұтас қалалар да пайда болып жатты.
Ертеде салынған бекіністері, сарайлары немесе қорғандары және тұрғын үйлері мен базарлы көшелері түзеп, тұтастай аман сақталған қалалар Үндістан тарихының дәл осы кезеңіне жатады. Көлемі мен маңыздылығы жөнінен бірінші болып есептелетін мұсылмандық сәулет комплексі Делиде сақталған. Ол — XIII ғасырдың басына жататын, осында салынып, күні бүгінге дейін Делидің ең назар аударарлық орны болып есептелетін биік күмбез Кутб-Минар алып мұнарасы. Бұл Кутб-уд-дин Айбектің тұсында салына бастап, Илтутмыш тұсында, шамамен 1230 жылы аяқталған. Делидің бұл комплекстен басқа ғимараттары: Кутб-уд-дин Айбектің үлкен мешіті, Ала-уд-дин Хильджапың мазары (1215) мен медресесі, сол сияқты Илтутмыштың мавзолейі (1235).Кутб-Минар өзіндік ерекшеліктерге бай және мейлінше әсемақ. Оның табанының диаметрі — 16 метр; 1794 жылы биіктігі 70 метр еді. Кейініректе, бүлінген жерлерін қалпына келтірген соң тағы да бірнеше метрге биіктеді. Ілгері қарай шығыңқы кернеулі мұнараны қоршап тұрған төрт балкон оны бірнеше қатарға бөлшектеп тұр, ең төменгі балкон шамамен 33 метр биіктікте, екінші — 49, үшіншісі — 63, ең соңғы төртіншісі 71 метр биіктікте орналасқан. Сөйтіп, жоғары көтерілген сайын оның қабаттарының биіктігіде, диаметрі де біртіндеп кішірейе түсіп отырады. Мұнараның тік тұрқы ою-өрнекті жиырма төрт шығыңқы кернеумен бөлектенген. Олардың біреулері қырланып, шаршыланып келсе, екінші біреулері дөңгелек болып келеді. Төменгі қабатында бұлар араласып отырады да, екінші қабатында түгелдей дөңгелек, ал үшінші қабатында кілең тікбұрышты. Жоғарғы қабатта мұндай шығыңқы кернеу жоқ. Мұнара қызыл құмтастан салынған. Үшінші қабатының үстінде ақ мәрмәрдан жасалған жолақ бар. Бұл екі түрлі құрылыс материалының екеуі де ислам кезеңіне тән нышанды айғақтайды және бұл Ұлы Моғолдар кезеңіндегі көптеген сәулет комплекстерінде кездеседі.
Кутб-Минарды көрген алғашқы европалықтар оның әсемдігін Флоренциядағы әйгілі Джотта кампаниласына теңестірген. Ол, әрине,бұдан 10 метр биік, бірақ көрші тұрған аумақты кафедралық собордың қалқасында, биіктігі көкке шаншылған құдіреті тұрғысынан мына оқшау тұрған Кут-Минардай әсер қалдырмайды. Ислам сәулетінде бұдан биігірек бір ғана мұнара бар, ол -— Каирдағы Хасан мешітінің мұнарасы. Кутб-Минардың неменеге арналып салынғандығы дау тудыруда. Бұл жерде діншілдерді намазға шақыратын азаншыға арналған бйіктік-мұнара салу ғана көзделмеген сияқты. Бұл жерде сонымен бірге үнді дәстүрлерін есепке ала отырып, жеңіс құрметіне арналған, бұқара халыққа жақсы түсінікті боларлық әлдебір ескерткіш орнату жоспарланған болуы мүмкін. Мәселен, Джая-стамбха — Үндістан үшін өте ерте кездерден келе жатқан жеңіс мұнарасы.
Бұл комплекстің басқа құрылыстарынан үлкенді-кішілі жұрнақтар ғана сақталған. Егерде олардың қызметі мен жоспары мұсылмандық сипатқа ие болса, жекелеген бөлшектері мұсылмандық көркемөнер үлгілері емес, қайта өте ертедегі, ал жекелеген жағдайларда сол құрылыстармен тұтас үнді өнерінің үлгілері болып келеді. Өте ертеректегі индуистік немесе джайндық құрылыстардан алынған, бедерлі әшекейлері бар колонналар мейлінше тартымды. Сөйтіп Делиде үнді сәулет өнерінің мұсылман жаулап алушылары қолға түсірген олжаларының музейі ұйымдастырылған десе де болғандай. Сонымен бірге мынадай да ой туады: бұл құрылыстарды басқарған ислам жолын қуушыларды кей реттерде ислам храмына тән сәндік оюлармен қоса индуистік сюжеттерді бейнелеген пішіндік әшекейлердің қатарласа орналасып отырғаны оншалық ыңғайсыздандыра қоймағанға ұқсайды.
Ал мұның өзі исламдық діни өнердің адам бейнесін жасауға, әсіресе оны діни бағыттағы құрылыстарға салуға, тыйым салынатыны жайлы негізгі принципіне қарама-қайшы келетіні мәлім. Бұл жерде индуизм мен исламның өнер міндеттері жөніндегі бір-біріне мүлдем қарама-қарсы ұғымдары көрініс береді. Ислам дінінің ұстамдылығы мен пуритандық қаталдығы үнді өнеріндегі «діннен безген» құдайлар пантеонын құрметтеп, уағыздауға негізделген пішіндік бейнелеудің молдығы сияқты мұсылмандар үшін мүлде жат бағыттармен мүлде үйлеспейді. Тек сәулет өнері ғана емес, Үндістандағы мұсылман кескіндемесіндегі миниатюраның да бұдан кейінгі даму барысы өнердегі исламдық пуританизмді үнділік рух біржолата жеңгендігін көрсетеді.
Бұл жерде Делидегі өзіміз суреттеп отырған Кутб-Минар сәулет комплексінде Үндістаннан тыс жерлерде де аты шығып жүрген, біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларына жататын, көне жазулары бар Темір колонна деп аталатын және бір ескерткіштің бар екенін айтқан жөн. Колонна басқа жерден әкелініп, мешіт ауласына орнатылған. Вишну құдайға арналған бұл мұнараның басында әуел баста, сірә, Гаруда болған болса керек (мұндай колонналар Непалда, мәселен Катмандуда күні бүгінге дейін бар). Алайда, делилік колоннадан Гаруда алынып тасталған. Көп ғасырлардан бері келе жатқан бұл колоннада күні бүгінге дейін бірде-бір тат ізі жоқ. Сөйтіп, біздер металл өңдеу жөніндегі көне үнділік техниканың ғажайып өнімімен істес болып отырмыз. Бұл тәрізді көне үнділік колоннаны мешіт ауласының дәл ортасына әкеліп орнатудың да өзіндік зор мәні болса керек. Өзара салыстырғанда бұл тәрізді мейлінше шағын үнділік колонна мен одан он есе дерлік биік Кутб-Минардың айырмасы тым үлкен, демек бұл екеуі тегіннен-тегін көршілес орналаспаған сияқты. Мұны исламның көне үнді мәдениетін жеңгендігінің және одан үстем екендігінің белгісі деп қана түсінген жөн сияқты.
Ал бұл белгінің бүгінгі жағдайда өз мағынасын сақтай қоюы неғайбыл. Қалай болған күнде де Темір колоннаның даңқы Кутб-Минардың сәулеті жағынан жетілгендігі жөніндегі даңқынан әлдеқайда асып түсіп отыр. Ислам сәулетінің көне ескерткіштері қатарына Аджмердегі (Раджастхан) мешітті де жатқызуға болады, оның жайына қысқаша ғана тоқтала кетпекпіз. Аджмерді ерте кездің өзінде-ақ Махмұд Газневи де, Мұхаммад Гури де жаулап алып, екі рет талқандалған. Мұхаммад Гури болса,осындағы джайндардың әбден қиратылған жоғары мектебін мешітке айналдырады, ал кейініректе әуелі Кутб-уд-дин Айбек, кейіннен Илтутмышоған қосымша құрылыстар салады. Оның «Архаи-динка-Джхомпра» деген аты бұл мешіттің екі жарым күн ішінде салынғаны (сірә, әңгіме «аяқталғандығы» жөнінде болса керек) жөніндегі аңызға байланысты шыққан. Делидегі сияқты мұнда да индуистік және джайндық құрылыстардан алынған колонналар мен басқа да құрылыс детальдары пайдаланылған (бұл мешіт Кутб-Минар сәулет комплексінен ертерек салынуы да мүмкін). Бұл мешіттегі Илтутмыш тұсында салынған жебе тәрізді аркалары бар жеті қақпа өзінің аса әсемдігімен ерекшеленеді.
Үнді сәулет өнерінің одан бұрынғы даму тарихы үшін әдеттен тыс ерекше, осы кезде Үндістанда мұсылман дінінің қажеттіліктеріне байланысты дүниеге келген сәулет құрылысы түрлеріне қысқаша тоқтала кетелік. Бұл ретте бірінші орынды мешіт (мазджид) алуға тиіс. Ол бағаналар орнатылып,бірнеше дарбазалы галерея-аркадамен (ливан) қоршалған ауладан (сахи) тұрады. Бұл ғимараттың басты бөліктері — колонналар ұстап тұрған неф пен намаз оқуға арналған қуыстары (михраб) бар күмбезбен(макскра) жабылған орталық зал және кафедрадан (мимбар) тұрады. Үлкен орталық мешіттерде (джамимазджид) әйелдерге арналған, оқшауланған бөлме бар. Мерекесі кезінде жаппай намаз оқуға арналған, намаз оқитын қуыстары мен кафедрасы бар ұзынтас қабырғасы (идғах) болады.
Мұсылман мектептері (медреселер) құрылысы жағынан мешіттерге ұқсас, алайда олардың орталық залы аудитория ретінде жабдықталғандығымен, ал аркалар мен нефтер орнында оқытушыларға, студенттерге арналған құжыраларға ұқсас шағын бөлмелері болуымен ерекшеленеді. Ислам сәулет өнеріне тән қабір басындағы ескерткіштер — қабірстан немесе күмбездер өзіндік ерекшеліктерге ие, олар әдетте текше бейнелі және күмбезді болып келеді. Табыттың (қабір) өзі көбінесе жер астына, табыт камерасына (макбар немесе тақхана) орналастырылады, ал келушілер үшін марқұм адамның көзі болып есептелетін кенотаф (зарих) күмбез астындағы басты бөлмеге қойылады. Әрине, бұл тектес құрылыстардың бәрі де Үндістанға сырттан әкелінген және исламның қажеттіліктеріне байланысты туған.
Олардың бәрі де өте ертеректегі алғы азиялық, ал кей реттерде ирандық және орта азиялық сәулет формаларына сәйкес жасалған. Бұған қоса айтылатын жай, Үндістанда салынған бұл құрылыстар детальдарында үнді сәулетінің ықпалы байқалатындығы. Ол, мәселен, сыртқы қақпалардың, колонналар мен ішкі бөлмелердің формаларынан айқын көрінеді. Сол сияқты сәндік әшекейлер түрлерінен де осыны көреміз, ал пішіндік бейнелеулер мүлдем болмайтын ислам сәулетінде бұл ерекше байқалады. Үнділік ислам сәулет өнеріне тән белгі — қоршаған табиғатпен жарасып тұратындығы; бұл көп ретте бақтарды аса шебер жоспарлаумен байланысты, мешіттер жанындағы діншілдерді намазға шақыруға арналған исламға тән мұнаралар Үндістанда мүлде дерлік кездеспейді.
Сәулет құрылысында күмбездер пайдаланылады, ал олардың конструкциясы көп ретте ерекше жетілдірілген. Алғаш қарағанда ерте буддалық үңгір храмдарының есіктері мен терезелері көне үлгілер ретінде пайдаланылған сияқты көрінгенмен, жебе тектес аркалары бар қақпаларды бұл сәулеттің өзіндік белгісі деп атауға болады. Бұл екеуінің арасындағы анық байқалатын айырмашылық — ерте буддалық форма иілген және байланған бамбук ағаштарын пайдалана отырып, ағаш құрылысы техникасына сүйенген,. ал мұсылмандардың күмбездік конструкциясы, сірә, Алғы Шығыстың өте көне дәстүрлерінен туындайтын болса керек, тасты өңдеу техникасына негізделген.
Бұл тәрізді жалпылама ескертпелерден кейін Үндістандағы ерте исламдық сәулет ескерткіштері жайлы бірер дерек келтірелік. Үндістандағы ерте исламдық өнердің шоғырланған маңызды жерлерінің бірі Гуджараттың басты қаласы Ахмадабад болып табылады. Темір шабуылынан кейін XV және XVI ғасырларда, қаланы Ұлы Моғолдар әулетінен шыққан Акбар 1572 жылы жаулап алғанға дейін Ахмад-шаһтар әулеті биледі. Дәл Ахмадабад сәулет ескерткіштерінен мұсылман әкімдері өз бағыныштыларының үнділік мәдениетін мүлдем жойып жібере алмағандығының куәліктерін табуға болады.
Үнділіктер көркемдеу жұмыстарында пайдаланылды, содан келіп үнді сәулеті мен оның сәндік бейнелеу өнері мұсылмандық құрылыстарға ықпал жасады. Дәл осы арада, елдің шетінде, ірі орталықтар мен саясат шырғалаңынан шалғай жерлерде индуистік, джайндық және исламдық көркемөнер бір-біріне бейбіт ықпал етіп, біріне-бірі ауыс-түйістік жасап жатты. Бұл ретте де бұл діндердің әрқайсысы-ақ өзіндік қасиеттерін сақтап қалуға тырысты, құрылыстың негізгі формалары заказ беруші қандай діннің адамы екеніне қарай ерекшеленіп отырды.
Ақыр соңында мұсылмандардың жаулап алуынан бұрынғы Гуджараттың жоғары цивилизациясы осынау өзара қарым-қатынастағы ең күшті элемент болып шықты. Егер де осы процеске осы заманғы көзқарас тұрғысынан шола қарайтын болсақ, бұл кездегі мұсылман ескерткіштерінің бәрі де үнді өнерінің мыңжылдық даму тарихында оның жеке бір кездейсоқ кезеңі ғана болғандығын және шағындау ғана роль атқарғандығын дәлелдейтін тарихи куәлар болып қалғанын түсінеміз. Сондай куәлардың бірі — Ахмадабадтағы көркемдік көзқарас тұрғысынан аса елеулі сәулет ескерткіші 1424 жылы салынған Джами-Мазджид мешіті. Бұл — көлемі 125X86 метрлік аула ішіне орналасқан, өзінің діни құрылыстарымен 70X32 метрлік алаңды алып тұрған соборлық үлкен мешіт. Екі жүз алпыс колонна симметриялы түрде орналасқан он бес күмбезді ұстап тұр. Жоспарына қарап бұл құрылысты өте ертеректегі және онымен тұстас жекелеген джайндық храм комплекстерімен салыстыруға болады. Үндістандағы ерте ислам сәулет өнерінің інжу-маржаны 1514 жылы салынып біткен Рани Сепари мешіті болып табылады. Оның Үндістандағы бүкіл ислам әулетінің ең әсемі есептелетін екі күмбез-мұнарасы бар (әрқайсысының биіктігі шамамен 16 метрден).
Ахмад-шаһ мешіті бұдан көп бұрын, 1414 жылы салынып біткен; бұл Абубекр Хұсейн 1420 жылы салған Шаһ Алам мешіті сияқты Ахмадабадтағы алғашқы аса елеулі ислам ескерткіші болып табылады. Дхардтағы принцесса Рупмати мешіті мен қабір үстіндегі ескерткіші, ең алдымен, ою-өрнектік байлығымен тым тартымды, бұл да Ахмад-шаһтар әулетінен шыққан алғашқы ірі әкімдер тұсына жатады және XV ғасырдың бас кезінде салынған. Жоғарыда аталған ескерткіштердің бәріне де исламдық діни мұрат тән, алайда, бұларда, исламдық сәулет пен сәндік элементтер үнділік-индуистік және джайндық элементтермен араласып жатады. Бұл жерде Үндістандағы көптеген ерте исламдық сәулет ескерткіштерін немесе олардың ең елеулілерін санап шығудың өзі мүмкін болмағандықтан, солардың ішінен батыс жағалаудағы Камбейяда шамамен 1325 жылы салынған Джами-Мазджид мешіті мен Бенгалиядағы ең көне ислам ескерткіші болып табылатын 1370 жылы салынған Адин сұлтан Сикандаршаһ мешіті сияқты ең үлкен мешіттерді ғана атай кетейік. Джайпур мен Мандуда (бұлардың соңғысы Голкондаға таяу және сол кездегі небір тамаша деген сәулет ескерткіштерінің мейлінше көптеп табылған жері болып саналады) XIV және XV ғасырлардың үлкен мешіттері бар. Алайда, ескерткіштер көпшілігі, ең алдымен, әкімдер мен елдің белгілі адамдарының мавзолейлері Дели төңірегіне топтасқан. Бұлардың ішінен тек қана ерте ислам кезеңінің соңғы тұсына және Солтүстік Үндістандағы түрік әулеттері жаулап алушы Моғолдарға қызу қарсылық көрсетіп баққанына қарамай, ¥лы Моғолдар әулетігің билігі басталған кезге кататын Туглакабадтағы Гиясуд-дин мавзолейін, Хаз-и-кхааз, Фируз-шаһ мешіттерін, Сикандар Лоди, Шер-шаһ Сур және Иса-хан (1547) қабірі ескерткіштерін атай кетпекпіз.
Сасарамдағы Шер-шаһ (1540—1543) мавзолейі мейлінше әсем және жақсы сақталған. Ол Үндістанда өте ертеден қолданылатын көне құрылыс материалы — чунар құмтасынан салынған, ал жоспарлануы жағынан сегіз қабырғалы болып кін болмағандықтан, солардың ішінен батыс жағалаудағы Камбейяда шамамен 1325 жылы салынған Джами-Мазджид мешіті мен Бенгалиядағы ең көне ислам ескерткіші болып табылатын 1370 жылы салынған Адин сұлтан Сикандаршаһ мешіті сияқты ең үлкен мешіттерді ғана атай кетейік. Джайпур мен Мандуда (бұлардың соңғысы Голкондаға таяу және сол кездегі небір тамаша деген сәулет ескерткіштерінің мейлінше көптеп табылған жері болып саналады) XIV және XV ғасырлардың үлкен мешіттері бар. Алайда, ескерткіштер көпшілігі, ең алдымен, әкімдер мен елдің белгілі адамдарының мавзолейлері Дели төңірегіне топтасқан. Бұлардың ішінен тек қана ерте ислам кезеңінің соңғы тұсына және Солтүстік Үндістандағы түрік әулеттері жаулап алушы Моғолдарға қызу қарсылық көрсетіп баққанына қарамай, ¥лы Моғолдар әулетігің билігі басталған кезге кататын Туглакабадтағы Гиясуд-дин мавзолейін, Хаз-и-кхааз, Фируз-шаһ мешіттерін, Сикандар Лоди, Шер-шаһ Сур және Иса-хан (1547) қабірі ескерткіштерін атай кетпекпіз.
Сасарамдағы Шер-шаһ (1540-1543) мавзолейі мейлінше әсем және жақсы сақталған. Ол Үндістанда өте ертеден қолданылатын көне құрылыс материалы — чунар құмтасынан салынған, ал жоспарлануы жағынан сегіз қабырғалы болып келеді. Мавзолей пропорциясында мін жоқ. Сатылы іргетасқа орныққан екі қабатты үй күмбезді көтеріп тұр.
Мавзолей төбесіндегі күмбездің кішірейтілген көшірмесі сияқты төмендегі шағын күмбездер жоғарыға қарай бастайтын сатылар тәрізді. Мүлде қарапайым, болмашы құрал-шешімдермен өзара, іштей үндескен, жұтынған, жарасымды ансамблі жасалған. Осының өзі-ақ Сасарамдағы бұл мавзолейді Үндістандағы ерте ислам сәулет өнерінің ең тамаша туындысына айналдырған.
Тағдыры әрдайым өзгеріске ұшырап, біресе үнділік өкіметке,біресе мұсылман әміршілеріне тәуелді боп келген үнді қалаларының ішінен Мадхья-Прадештегі Гвашордың тарихы қызықты да хикаялы. Жан-жақты қарастырып көргенде, ол тіпті VI ғасырда салынған, алайда оның бұл ерте кезеңінен барлы-жоғы бірер мүсіндік жұрнақтар ғана қалған. Үндістанның дәл орталығына орналасқан және осыған байланысты зор стратегиялық мәнге ие болған бұл қаланы Раджпуттар тұқымынан шыққан князьдар мен мұсылмандар кезек-кезек бірінен-бірі тартып алып отырған. Осы қалаңың Раджпуттар тұқымынан шыққан ең ейгілі өкілдерінің бірі Ман Сингх (1486—1517) Гвалиорда сарай салдырғаны бар. Ол өзінің жұбайы Мригнайнамен («Бұғыкөзді») бірлесіп, Гвалиорды Үндістанның аса елеулі мәдени орталығына айналдырған, өнердің басқа да қайраткерлерімен бірге композитор және әнші Тан Зен де осында өмір сүріп, осы қалада жерленген. Гвалиор 1518 жылы мұсылмандық Лоди әулетінің билігіне көшті, кейіннен оны Моғолдар жаулап алды. Осы Гвалиорда джайндардың күшті қауымы да өмір сүрді, ол XV ғасырдың өзінде-ақ шеберлерге жартастардань мүсіндер сомдауға тапсырма беріп отырған: сол алып мүсіндердің біреуінің биіктігі 19 метрге жетеді. Бұл қалалар да ислам мәдениетінің үнді мәдениетіне қаншалықты мардымсыз ықпал жасағандығының куәсы бола алады,— Үндістан жерінде осы тарихи кезеңнің ескерткіштері ретінде күні бүгінге дейін сақталып отырған жоғарыда аталған немесе аталмай қалған көптеген құрылыстарға қарамастан, ислам мәдениеті Үндістан жерінде үнділік ұлттық өнер дәстүрлерін құртып жібере алған жоқ.
Ал Оңтүстік Үндістанда, осы еңбекте де әлденеше рет аталып өткен Виджаянагарда сақталған, оның өзімен тұстас үнді өнері туындыларына мұсылмандық ықпал Гвалиордағыдан да анағұрлым әлсіз болды. Виджаянагар өнері, сірә, бұл дәуірде үнді мәдениетінің дәстүрлері, әсіресе мізбақпас бірбеткейлігімен ерекшеленетін оңтүстік-үнді мәдениетінің дәстүрлері, қалай сақталғандығының ең жарқын мысалы бола алады.
Виджаянагар — Үндістан субконтинентінің оңтүстігіндегі ерте ислам кезеңімен біршама тұспа-тұс келетін, аса маңызды тарихи оқиғалар өткен қала мен мемлекеттің аты.
Елде сақталған ескі аңыздарға қарағанда, Виджаянагар қаласы негізін 1336 жылы ағалы-інілі Харихара мен Букка салдыра бастаған. Он жыл бойына осы басты қаланың төңірегінде ықпалы шығыс жағалаулардан (Бенгал шығанағы) бастап батысқа (Үнді мұхиты) дейін тараған мемлекет құрылды. Сангамдар әулетінен(1478 жылға дейін) кейін оны Салувтар мен Нарасингхтер биледі. Соңғы әулеттің шабуыл жасаушы мұсылмандарға аса ауыр соққылар берген ең ірі әкімдерінің бірі Кришнараджа (1509—1529) болды. Кейініректе Биджапур, Голконда, Ахмеднагар мен Бидар сұлтандарының біріккен күштері Виджаянагар мемлекетін жеңіл,1665 жылғы шешуші ұрыстарда астанасын жермен-жексен етті.
Виджаянагар Үндістаннан тыс жерлерге де мәлім болған еді. Европалықтар мен басқа да жиһанкездер (Никколо Конти 1420 жылы, Абдур-Раззак 1443 жылы, Пайес 1522 жылы, Нуниз 1535 жылы) осы мемлекетке келіп, елдегі ғажайып байлықтың шын мәнісіндегі кереметтері туралы хабарлады. Олардың сипаттамалары осы оңтүстік үнді мемлекетіндегі мәдениеттің көптеген ескерткіштері соғыс шабуылдарының құрбаны болып кеткеніне қарамастан, басы бүтін тұтастай картинасын жасауға мүмкіндік береді. Тіпті «Мың бір түн» ертегілерінде де осы соңғы аса ірі оңтүстік үнді мемлекеті барша әлемге паш етіліп, даңқы асыра жыр етіледі. Өкінішке орай, Виджаянагардың бір кездегі ұлылық қалпының тек үйінділері ғана сақталған. Бұл жерден әлдебір храмдар обаларын қазір де кездестіріп,солар арқылы храмдық зор комплекстердің орналасу жоспары жөнінен мағлұматтар алуға болады.
Бірінші кезекте Витхала храмын(XVI ғ.) атау қажет. Храм үш жақтан есік шығарылған тас қабырғалармен қоршалған үлкен ауланың ортасында тұр, ал оны жағалай шағын-шағын құрылыстар шоғыры орныққан. Оңтүстік Үндістанда Чолдар мен Пандьялар әулеттері кезінде салынған және олардан кейініректе Мадураида тұрғызылған құрылыстармен салыстырып қарағанда Виджаянагардағы храмдық комплекстер сыпайы да көзге қораштау көрінеді, бұларда сонымен бірге айтылған құрылыстардағыдай храм-қалалар сипаты жетіспейді. Сірә, Виджаянагар мемлекетіндегі патша өкіметі Оңтүстік Үндістандағы Чолдар мен Пандьялар кезеңіндегідей бір беткей брахманизмге мүлде тәуелді болмаған болса керек. Екінші жағынан, Виджаянагардағы сәулетшілер мүлде дербес еңбектенген бе деген ой туады, содан да болар, храмдардың көптеген жоспарлары өзіндік ғажайып ерекшеліктерімен таң қалдырады. Көп қабатты жіктелмелі құрылыстардың күрделі де таңғаларлық сатылы формаларын кеңістік аумағының дәл есебіне бағындырылған симметрия негізінде мүсінделген.
Ал мұның өзі үнділік мандаланың бұдан көп кейініректе жазылған өнер жөніндегі үнді ережелерінде («Шиль-пашастра») келтірілген символикалық формаларынан хабардар болғанын көрсетеді. Виджаянагарда сол сияқты құдайдың көшпелі тағы ретінде жасалған тас храм-күймесі (Махабалипурамдағы ратхалар мен Канарактың әйгілі үлкен храмы құдай уйі болып есептелетіні сияқты) сақталған. Ағаштан жасалған храм-күймелер кейініректегі кезеңдерде ғана белгілі болған, бірақ олардың одан ертеректе де ағаш нұсқалары жасалған деп жорамалдауға да болады. Бұл күймелер мейлінше бай әшекейленген. Сонымен бірге бедерлі фризі бар таққа арналған платформа дегенге де назар аударуға тұрарлық. Олардағы сюжеттік желілер халықтық рухта салынып және сол кездегі тұрмыстан бейнелі мағлұмат береді. Әрине, құдайлар, адамдар мен аңдар дөрекілеу көрінгенімен, экспрессивті қозғалыс үстінде бейнеленіп отырған.
Бұл бейнелер кезекті дәуірдегі мәртебелі сарайлық стильден гөрі ерте буддалық шаруақой-халықтық стильге көбірек келеді. Бұл арада Виджаянагардағы өнер үлгілеріне түгелдей тоқталу мүмкін емес, ол туралы онымен тұстас тарихи куәліктердің де бар екені жоғарыда айтылған болатын. Алайда, бұл куәліктер елдің оңтүстік аудандарындағы көркемөнерде дәстүрлі үнділік формалар да өмір сүргенін және олардың жоғалып кетпейтінін дәлелдейтін жай екенін ескерту мәнді болмақ.
Қорытынды ретінде осы ерте ислам кезеңінде, дәлірек айтқанда, одан да ертерек, орта ғасыр кезеңінде ең соңында дүниеге келген көркем творчествоның және бір түрі туралы айту қажет. Әңгіме Солтүстік-Батыс және Солтүстік-Шығыс Үндістанға тән кітап безендіру жайында болмақ. Шығыста, Бенгалия мен Ориссада, буддалық қолжазбаларды безендірді, пальма жапырақтарынан тұратын қолжазба кітаптардың ағаштан жасалған сыртқы мұқабаларына көрікті бейнелер, сәндік әшекейлер қондырды. Сол сияқты Гуджарат пен Раджастханда да жекелеген жұрнақтары (XIII ғасырдан бастап), тұтас даналары сақталған джайндық қолжазбаларды пішіндік әшекейлермен әрлеген джайндық кескіндеме мектептері болды. Мұнда да алғашында қолжазба үшін пальма жапырақтары пайдаланылғанын байқауға болады. Алайда, көп кешікпейақ джайндық бай купецтер зор табыстарға жетіп үлгерген джайндық қауымдарды қаржыландырып, көмектесумен бірге қағазға көше бастағанын, тіпті оны Үндістанда да өндіруге жағдайлар жасап отырғанын аңғаруға болады.
Қағаздың жеке парақтары бір-біріне желімделіп, қалың қатырма қағаз алынып отырған.Үндістанның батысы мен шығысындағы осы жетекші мектептердің екеуі де Үндістан кескіндемесінде ұлттық дәстүрлер үздіксіз сақталып, жалғаса бергенін дәлелдеу үшін ғана маңызды емес. Оның өнімдері бізге тек жұрнақтар түрінде ғана жеткеніне қарамастан үнді кескіндемесі даму жолының келесі сатысы Ұлы Моғолдар билігі кезеңінде барынша гүлденген үнді миниатюрасына жол ашар шешуші белес болып табылады. Келесі тарауда бұл туралы толығырақ айтылатын болады: бұл жерде ерте ислам кезеңінде мұндай кескіндеме мектептері Үндістанның батысында кең тарағанын көрсетумен ғана шектелмекпіз. Елдің шығысында буддизмді ұстанушылар күшті шектеліп, мұсылман жаулап алушылары кудалағаны соншалық, олар тек қашып құтылуға мәжбүр болды. Сондықтан да олардың өнері Үндістанда емес, онымен шекаралас елдерде — Бирмада, негізінен алғанда Непал мен Тибетте одан әрі жалғасып, дами алды.
Гуджаратта, бұған керісінше, XIV ғасырдан XVI ғасырға дейін джайндық кітаптарды безендіру ісі, сол сияқты бірте-бірте ақсүйектік мазмұндағы текстерді безендіру бұқаралық өнімге айнала бастады. Кейініректе мұның өзі жаңа кескіндеме мектептері тууына негіз қалады. Алайда, бұл процесс XVI ғасырдың аяғы мен келесі жүзжылдықта ғана аяқталды.[1]
Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия өнері.— Алматы: Өнер, 1990. ISBN 5-89840-221-7
http://kk.wikipedia.org