Ата-бабаларымыз ұзақ ғасырлардан бері, нақтырақ айтсақ сегізінші ғасырдан Ислам дінін ұстануымен қатар ұлттық салт, дәстүр, әдет, ғұрыптарын ұстанып келеді. Алайда соңғы кездерде кейбір бауырларымыз мұны теріске шығарып, шариғатқа қайшы деп санайды.
Алайда, Абай атамыз айтқандай: “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” демекші, әдет пен ғұрыптардың барлығы бірдей емес. Сол үшін, оларға бір жақты қарауға болмайды. Себебі, әдет пен ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Әрі шариғатта, «әл-`урф» (ғұрып) және «әл-`ада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салттар мен дәстүрлерді айқындайтын үкімдер көп. Сондай-ақ, «әл-қоуа`ид әл-фиқһия әл-кубра» деп аталатын, бүкіл ғалымдар бірауыздан келіскен, шариғаттың бес ұлы қағидаларының бірінде: «Әдет пен ғұрыпқа хақысы беріледі» (әл-`ада мухаккамә), – деп айтылған.
Мәселен, имамдар (ғалымдар) жиі тілге тиек ететін: «Егер салт шариғатқа қайшы келмесе, онда оған шынайы көңіл бөлінеді», – деген ережені, Аллаһу Тағала Құранда бізге ескерткен болатын әрі Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны өзінің Сүннетінде бекіткен еді. Аллаһу Тағала Құранда былай дейді: «Кішіпейілдік таныт, жақсылықты (әл-`урф) бұйыр да, надандардан бет бұр!» (әл-А`раф,199). Имам әл-Жассәс бұл аятты тәфсирлегенде: «”Әл-ма`руф” сөзі – бұл, ақылға салғанда, орандалуы жақсы деп есептелінетін, әрі ақыл-есі дұрыс (адамдардың) алдында ол айыпты болып саналмайтын нәрселер», – деп (“Әхкәм әл-Қуран” 4/214).
Имам Әбу әс-Су`уд Аллаһтың: «әл-`Урфті бұйыр» деген сөздері жайлы былай деген: «Жақсылықты, яғни, істердің ішіндегі жақсы болып саналатындарды орындауға бұйырады, өйткені осындайларды адамдар қабылдайды да, оны теріске шығармайтын болады» (“Тәфсир Әби әс-Сууд” 2/456).
Имам әл-Қарафи осы аятты келтіре отырып: «Әр нәрсенің салт арқылы көрсетілетін айрықша орны бар», – екенін айтқан. (әл-Фуруқ” 3/194).
Аллаһу Тағала тағы да былай деді: «Аллаһ анттарыңдағы бос сөзді есепке алмайды. Алайда біле тұра істеген анттарыңнан жауапкер етер. (Ант бұзсаңдар) Оның төлеуі: үй-іштеріңе жегізетін орта есеппен он міскінді тамақтандыру, не оларды киіндіру, немесе бір құл азат ету. Мұны таппаған біреу, үш күн ораза ұстау» (әл-Мәида, 89).
«Әй мүміндер! Меншіктеріңдегі құл-күңдер, әлі ержетпеген балаларың, осы үш мезгілде (жандарыңа) рұқсат сұрап кірсін: Таң намазының алдында, киімдеріңді шешкен түскі уақытта және кешкі намазынан кейін. Сендер үшін осы үшеуі ұялатын мезгіл. Бұлардан кейін (басқа уақытта) сендерге де оларға да айып емес. Өйткені, сендер бір-біріңе кіріп, шығуларыңа керексіңдер. Осылайша Аллаһ, сендерге аяттарын баян етеді. Аллаһ толық білуші, хикмет иесі» (Нұр, 58)
Хафиз әл-`Аләи осы аят хақсында «әл-Мажму`» кітабында былай деген: «Әдетте осы үш уақытта адамдар киімдерін шешетініне байланысты, Аллаһу Тағала рұқсат сұрауды әмір етті. Бұл мәселедегі шариғи үкім адамдардың дәстүрі болып табылатын нәрсеге (дініне) сай бекітілген еді!».
Тура соны, имам әл-Қуртуби де өз тафсирінде айтқан 12/304. «Әй мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес. Және бергендеріңнің бір бөлімін алып қалу үшін оларды зорламаңдар. Бірақ олар ашық арсыздық істесе басқа. Сондай-ақ олармен бірге ғұрыпқа сай өмір сүріңдер!» (Ниса, 19). Тағы да Аллаһ айтты: «Ал кімнің баласы туылса, шешесін тамақ және киіммен, дәстүрге (дініне) сай асырауға тиіс» (Бақара, 233). Шейх Ибн әл-Қайим «әр-Рауда әл-мухиббин» кітабында: «Күйеуі, қалыптасқан әдетке сәйкес әйеліне (мал-дүниесін) жаратып, оны киіндіретіні сияқты, өз әйелімен қалыптасқан дәстүрге (дініне) сай жыныстық қатынасқа да баруы керек».
Сүннетке келер болсақ, онда да салттар мен дәстүрлердің және әдет пен ғұрыптардың қабыл болғандығына дәлелдер таба аламыз. `Айша (Аллаһ оған разы болсын) айтқан: «Бірде Әбу Суфьянның (А.р) әйелі Хинд (А.р), Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Негізінде, Әбу Суфьян – сараң адам, егер мен оның рұқсатынсыз алмасам, өзі маған және балама жететіндей нәрсені бермейді». Сонда ол: «Өзіңе әрі балаңа әдетке сай келетін нәрсені ал!», – деп жауап қайтарды» (әл-Бухари 5364, Муслим 1714).
Осы хадистің пайдаларын атап өтіп, имам ән-Нәуәуи: «Шариғатқа қарсы келмеген кейбір мәселелерде, салтқа сүйену керек», – деді (“Шарх Сахих Муслим” 2/8.).
Имам әл-`Изз ибн `Абд ус-Сәләм былай деген: «Бұл хадис, әдет пен ғұрыптың орындалуына бір дәлел» (“Қауә’ид әл-ахкәм” 1/61).
Бұл орайда, қолданыстағы салт пен дәстүрге дәлел ретінде, Ибн Мас`удтың келесі сөздерін де келтіруге болады: “Бүкіл мұсылмандар жақсы деп есептейтін нәрсе, Аллаһтың алдында да жақсы. Ал бүкіл мұсылмандар жаман деп есептейтін нәрсе, Аллаһтың алдында да жаман болып табылады” (Ахмад 1/379, Таяласи 23, Бәззәр 130. Хаким, Заһәби, Ибн Хаджар, Сахауи және шейх әл-Әлбәни сахих деген).
Сахабаның бұл сөздері, мұсылмандардың бір ауызды пікірде (ижма`) адасуы мүмкін емес екендігіне дәлел болып табылады. Бүкіл мұсылмандар жаманды жақсы деп, немесе жақсыны жаман деп есептеуі мүмкін емес, өйткені хадистерде айтылғандай олардың барлығы түгелдей адасуға жиналмайды. Сондықтан Ибн Мас`удтың бұл сөздерін, әс-Суюти мен Ибн Нужәйб, және де әс-Сархаси сияқты ғалымдар мен көптеген имамдар салт пен дәстүрлер және әдет пен ғұрыптардың қолданыстағы дәлелі етіп алды. («әл-Ашбаһ», «әл-Мәбсут» 12/45).
Имам әл-Кәсәни айтқан: «Шариғатта тікелей нұсқауы жоқ нәрсе, салт пен дәстүрге қайтарылады, өйткені салт дәлел болып табылады!» («Бадәи’ әс-сәнаи’» 5/223).
Имам Ибн `Абидин былай деген: «Шариғатта, әдет және ғұрыптармен санасады, өйткені оған арналған үкімдер бар». Сондай-ақ ол, имам әс-Сархасидің келесі сөздерін жеткізді: «(Шариғатқа қарсы келмеген) әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең!» (“Расәил Ибн ‘Абидин” 2/114).
Әдет және ғұрыпқа айрықша орын бергенде, орындалатын кейбір шарттар:
1. Салт пен дәстүр, Құран мен Сүннеттің мәтіндеріне, ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне (ижма`) немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуге тиіс.
Имам әс-Сархаси: «Құран мен Сүннетке қарсы келген кез-келген салт есепке алынбайды», – деп айтқан (“әл-Мәбсут” 1/146.).
2. Әдет пен ғұрып, сирек кездесетін емес, сол қоғамдық ортада кең тараған болуы керек.
Имам әс-Суюти айтқан: «Салт және дәстүрмен тек, егер олар кең тараған (қоғамдық ортада мойындалған) болса ғана санасады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды» (“әл-Әшбахһ уә-ннәзаир” 87).
3. Ол, бізге бұрынғылардан жеткен, бірақ қазіргі таңда да қолданыстағы дәстүр болуы керек. Өйткені, салт пен дәстүрлер және әдет пен ғұрыптар уақыттан – уақытқа, мекеннен – мекенге, халықтан – халыққа ауыса береді.
Бұл жайында имам әш-Шатыби «әл-Муәффақат» кітабында 2/220 айтқан.
Ғалымдар салттарды екіге бөлген: дұрыс және бұрыс.
Жақсы әрі дұрыс салт дегеніміз – бұл, (белгілі қоғамдағы) барлық адамдарға әйгілі, Құран мен Сүннеттің мәтіндеріне және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне (ижма`) қайшы келмейтін, игі амалдардан тыймайтын әрі зиянды істерге себеп болмайдын әдет пен ғұрыптар (“Нәзария әл-‘урф” 36-37).
Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шариғатқа қайшы келмейтін, өз халқының әдеті мен ғұрыптарына қарсы болмаған, оларды өзі де ұстанған еді. Шейх Солих әс-Садлән айтқан: «Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде адамдардың өз тұрмыстарына сай жасаған амалдарына тыйым салмағаны, ол амалдарға рұқсат етілгенін білдіреді. Сондықтан адамдар Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мақұлдаған іс-әрекеттерді жасаған, тіпті Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)) өзі оларға қатысқан. Бұл да олардың рұқсат етілгенін білдіреді. Ислам да, адамдардың ежелгі (шариғатқа қарсы келмеген) істерін мақұлдады» (“әл-Қауә’ид әл-кубра” 345).
Ислам ұлттық салт-дәстүрді жоққа шығарады немесе қабылдамайды деген атүсті пікірлер ата дінімізді жете түсінбегендіктен туады. Бұл көзқарас бірұлттың тамырына балта шабу ғана емес, сонымен бірге дінді бұзушылық болып табылады.
Ата дініміз бен ұлттық құндылықтар арасына сына қағудың, оларды бірін біріне қарсы қоюдың салдары ауыр. Біріншіден, бұл діни құндылықтарды заман талаптарына бейімдеуге, әсіресе, білім-ғылымды дамытуға кедергі. Екіншіден, бұл жағдайда мемлекет қауіпсіздігін қорғау, жас ұрпақты мемлекетшіл етіп тәрбиелеу де қиынға соғады. Халықтық, яки дәстүрлі дін -ұлттық мүдде мен мәдениетті жоққа шығармайды және оларды алмастыра да алмайды. Еліміздегі дәстүрлі Ислам діні Қазақстан халқы игілігіне, ел бірлігіне қызмет етіп келе жатқаны осының айқын куәсі.
Негізі, салт бір ұлттың, қоғамның, қауымның болмысын, табиғатын айқындайтын көрініс. Салтына қарап адамдардың қай ұлттың өкілі екендігін айыру қиын емес. Дәстүр болса – рухани сенім айнасы. Адам дінсіз бе, жоқ әлде дін ұстанама? Егер дінде болса қай діннің өкілі? Яғни – дәстүр адамның рухани бейнесі.
Мысалы: ауылға келін түскенде, жақын туыстармен таныстырып, жырға қосып өсиет-өнегемен бірге қуанышты күнге лайық жарасымды әзіл-күлкімен оның бетін ашу – салтымыз. Ал, шариғатымызға сай жұбайлардың некесін қию – дәстүр. Атап айтқанда, Ислам шариғатымен дәстүрлер жалғасады. Дәстүр арқылы миллиондаған мұсылмандар қатарынан орын алып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) абройлы үмметінің ішінде болмақпыз.
Керімбек Ахметжан,
Тараз қалалық «Әулие ата» мешітінің бас имамы