Мұсылман хакімдері және өзге діннің оқымыстылары Алла тағала Жер планетасын адамзат тіршілігіне арнап жасаған, ал адамды  оны билеп-төстейтін Өзінің мұрагері мақсатында жаратқан дейді. Егер адамдар ұрпақ өрбітіп, өсіп өнбесе, жерді өңдеп, зауыттарда жұмыс істемесе, құрылыстарды салмаса және Жаратушыға тағзым қылмаса бұл мақсаттың орындалмайтыны өз өзінен түсінікті. Қысқасы, ұрпақ қалдыруға деген құлшыныс пен құмарлық адам  баласына дарыған қасиет. Құран аяты [3:14] былай айтады:

  «Адам баласы қызыға сүюі үшін қатындар, балалар, алтын-күмістен жиналған қазыналар, сәнделген аттар, малдар және егіндер әдемілікте көрсетілді. Бірақ олар бұл дүние тіршілігінің сәні. Шындығында орынның жақсысы Алланың қасында» (Құран Кәрім. Аударған Халифа Алтай).

  Құмарлық, қызыға сүюшілік тіршіліктің сәні мен әдемілігінен болады. Мұсылманда мұны «мағмұрлық» деп атайды. Адам қашанда өмірге жерік, бұл фәниге іңкәр. Бұл құбылыс Алланың хикметі (даналығы) болғандықтан өзінің 38-ші қарасөзінде ұлы Абай: «Дүниенің мағмұрлығы бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе», – дейді.

  Сөйтіп, адамзатқа жер бетінде ұрпақ жалғастыру, сонымен бірге әр адамға өз бойындағы қабілетті тек жақсылыққа бағыттау, рухани толысуға ұмтылу, кемелдікке талпыну жазылған. Имандылық жолы деген осы.

   Адамзат жер бетіндегі басқа тіршілік иелеріне ұқсамайды. Өзіңіз де ойлаңыз, Алла адамдарға неліктен айырықша ақыл сыйлады, яғни «махшарда сұрау алатұғын қылып жаратты» және көптеген үздік қабілеттерді берді? Бұл сырлы себепті түсіну мен жаңа айтылған кемелдікке жету үшін пендеге реттеуші тәртіптер  қажет. Ислам осындай реттеуші тәртіп принциптерінің жинақ құрылымы болып табылады.

   Ғұрпы исламды алғаш рет ілім деңгейіне көтерген әйгілі имам әл-Ғазалидің білуінше, исламның құқықтық негізі адам өмірінің мынадай бес іргетасын қамтамасыз етуге және қорғауға арналған: дін, өмір, интеллект, жеке меншік және ұрпақ өсіру. Ал, дінсіздік, екіжүзділік, Аллаға серік қосу, анттан аттау, адамды өлтіру, нашақорлық пен маскүнемдік, басқаның құқығын аяқасты қылу, ұрлық-қарлық жаңағы бес құндылыққа қарама-қарсы. 

   Ойнасшылық пен жезөкшелік те осы қатардан, себебі, бұлар туысқандық байланыстарды үзеді, отбасын ойран қылып, балаларға бақытсыздық әкеледі, жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етеді, жалпы қоғамдық дәстүрді құлдыратады. Аят, кәне, десеңіз:  «Салдақылықтан, ойнастан аулақ болыңдар, бұл – азғындық және бұралаң жол!» [17:32].

  Ислам некеде жоқ еркек пен әйелдің бірі-бірімен оңаша қалуын да қаламайды. Бұл жақындау, жанасу, сүйісу, құшақтау немесе жыныстық қатынас сияқты заңсыз әрекеттердің алдын алудың қамы. Сондай-ақ, ислам қарама-қарсы жыныстың өкіліне сұқтана қараушылықтарға тыйым салады. Себебі, адамның көздері – сезімдердің кілті, ал сұқтану құмарлықты оятады. «Нұр» сүресінде: «Еркектер бөгде әйелдерге, ал әйелдер бөгде ерлерге қараудан көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын» [24:30] делінген. Ал, келесі аятта ескертпе бар: «Әйелдер, сондай-ақ, зейнеттерін (тән әдемілігін) көрсетпесін».

  Осы ескертпеге ой көзімен қарап көрелік. Құран пәрәнжі, хиджабты киюді әйелдерге міндеттеп отырған жоқ. Әрі ислам сұлулық атаулыға қарсы деген ұғым тумауға тиісті, керісінше, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Алқа-жүзіктеріңізді тағынып, әдемі киініп мешітке қарай бет алыңыздар» деген екен. Екінші жағынан, әйелдер «зейнеттерін көрсетпесін» деген көптеген көне халықтардың салтында бар дәстүрлі қоғамның кәдуілгі талабы емес пе. Міне ислам осыны қуаттап, растап береді. «Мұсылман әйелдердің басынан аяғына дейін жабулы болуы  діннің диктаты емес, бұл ерінің әйеліне деген жекеменшік ұстанымы», – деп беделді исламтанушы Валерия Порохова білмесе айтар ма еді.

  Ислам мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерді әдемілендіретін нәрсе – ішкі тазалық, салмақтылық, өзін-өзі сыйлау және қарапайымдылық деп үйретеді. Сонымен бірге, өзге діндердің салтында бар жыныстық тақуалықты (монах болу) аулақ серпеді. Өзін-өзі тежеу мен піштіруге (кастрация) де тыйым салады. Қысқасы, ислам адамдарға табиғи емес шектеулер қоятын немесе оларды кез келген шектеуден азат қылатын жасанды діндер мен жүйелер қатарынан емес. Ол, керісінше, адамның табиғи сезім-түйсіктері мен қажеттіліктерін дәйім ескеруімен ерекшеленеді. «Нәпсі» деп аталатын күрделі мән, дәлдісінде қуат ерлерді әйелдерге, әйелдерді ерлерге тартады. Неке осы тартылысты реттеп, Алла разы болатын және адамзаттың мүддесіне қажетті арнаға бұрып отырады. Ақыл-парасатпен,  хақиқаттың күшімен жыныстық қатынастағы азғындаудың жолын кеседі.

  Сөйтіп, ислам идеологиясы еркін жыныстық қатынасқа да, табиғи жыныстық қажеттілікті басып-жаншуға да қарсы, ол тек адамдардың некеге отыруын ғана қолдайды. Демек, ер мен әйелдің құқығын тең дәрежеде  қорғауға бағытталған.

   Жартылай жалаңаш киініп, ашық-шашық күйде жұрт алдына шығу осы заманның сәніне айналды. Өзге де дәстүрден ауытқулар баршылық. Соның бірі  – уақытша неке. Жә, бұл туралы ислам не дейді? Ол некені екі адамның біріне бірінің мейірімі мен сыйластығы арқасында мәңгі бірге тұруға жасалған келісім-шарт деп қарастырады. Бұл шарт бойынша ұрпақ қалдыру, ататекті жалғастыру некеге басты міндет. Осыған қоса әлеуметтік жүгі және бар: «Үй – бұл кішкене мемлекет, ал мемлекет – орасан үлкен үй» дейді Фетхулла Гулен деген түріктің көрнекті исламтанушы ғалымы. Оның пікірінше, бала өсіру мақсатына сәйкес келмейтін кез келген неке уақытша ермек және «сағым қуған» ғапыл кісінің өзін өзі алдарқатуы болып табылады.  

  Бұл пайым, әрине, аятпен бекітіледі: «Алла тағала өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратты. Жұбайларыңнан сендерге балалар, немерелер пайда қылды. Сондай-ақ, сендерді тап-таза нәрселерден ризықтандырды. Сонда да олар, бос нәрселерге сеніп, Алланың нығметіне шүкірсіздік ете ме?» [16:72]. Енді екі кісінің  арасында белгілі бір  мерзімге және келісілген сомаға байланысты жасалатын уақытша некені (арабша-мұтға) құдайылық некемен салыстырып көріңіз.  Соңғысы ғана, күмәнсіз, Алла рақымында болмақ.

   Некелесу институты, сауда немесе кәсіпкерлік сияқты, анадай я мынадай формада барлық халықтарда және барлық қоғамдарда бар.  Қайталап айтайық, исламда некенің ең басты міндетінің бірі – ұрпақ жалғастыру және мұсылман жамағаты санын өсіру. Соңғысы ата-ана балаларды дүниеге әкелумен бірге оларды жүрегінде Алласы бар, халыққа қызмет ететін қайырымды, иманды адам қылып тәрбиелеуге міндеткер деген мағынаны  білдіреді.

  Сонымен, ұрпақ қалдыру және оны тәрбиелеу мақсатынсыз кез келген неке, оның ішінде уақытша неке, дініміз исламда мойындалмайды. 

   Некеге тұрған еркек пен әйелдің әрбірінің көксегені жұбының қасында болғанына қуану және ұрпақ қалдыру болса, ондай тату үйдің райыс-жұмақтан несі кем. Оған жетсем дейтін жастарға Абай былайша сілтейді:

  Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,

  Қоржаң суық келеді кей сасық ми.

  Ері ақылды, қатыны мінезді боп,

  Тату болса, райыс үстіндегі үй.

   («Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», 1886).

  Ислам некені келісім-шарт ретінде қарастырады дедік. Кез келген келісім сияқты неке келісімінде де біраз маңызды элементтер бар.  Үкім-шариғат бойынша ең маңызды акттің бірі – үйленуге ұсыныстың жасалуы және бұл ұсыныстың қабылдануы. Шариғаттанушылардың білуінше, онсыз бірде бір некелік келісім-шарт шын бола алмайды. Екі куәгердің болуы және еркектің белгілі бір қалыңмалды немесе сыйақыны төлеуі де қажетті элементтер.

   Соңғысы күйеу жігіттің қалыңдыққа деген құрметі мен шын ықыласын білдіру әрі өзінің жауапкерлігін сезіну және тұрмыстық хәлін сездіру қамында  әзірленеді. Сүннәде қалыңдыққа деген сыйақының дәлді мөлшері көрсетілмеген,  оны анықтауда жергілікті салт-дәстүр басты рөлді атқарады.

  Исламның көздейтіні пендені түзу жолға салып, өмірді баянды өткізуге септесу. Өйткені, адамның рухы мәңгі, ал соңғы мекені ахиретте, аяттың: «Шындығында орынның жақсысы Алланың қасында» дейтіні сол.

  Бақытты неке Аллаға қайту мақсатына жол салады. Барлық жүректер ішінде ең мейірімді, ең нәзік, ең сезімтал әйел жүрегі. Бұл бес күндік фәниде ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік не бар екен. Бір сөзбен айтқанда, мейірімді, нәзік жанды әйел кез келген еркектің бақ құсы. Сол себепті Құран еркектің әйелмен тұруын қостайды, ол ол ма, жұмақтың төрінде де хақ мұсылманды таза, пәк әйел күтетінін ескертеді.  Баяны жоқ, бұл жалғанда: 

  «Сендерге өмірге тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік егілгендігі де Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» [30:21]; «Алла тағала сендерге қабырғаларыңнан жасап жұбайлар берді, және сендердің жұбайларыңнан балалар мен немерелерді берді»  [16:72]; «Көкті, Жерді жаратушы; Ол сендердің өздеріңнен жұп жасады және хайуандарды да жұп-жұп қылды»  [42:11].

   «Өмірге тұрақтау»… неткен қиын ең, бұл жалғанды таймай, сүрінбей сүрген пендең қайсы! Сол үшін мейірімді Жаратушы тарапынан ерлі-зайыптылардың арасына сүйіспеншілік, мейірімділік егілген екен. Амал не, ажырасу болмай қалмайды, ол рұқсат етілген нәрсе. Әйтсе де, хазіреті Пайғамбарымыздың хадисінде: «Рұқсат етілген нәрселердің ішіндегі менің ең жек көретінім талақ (ажырасу)» деуінің мәнісі терең.

  Қорыта айтқанда, отбасылық сүйіспеншілікті сақтамау, аяламау я аяқасты қылу мұсылмандық ой жүйесі мен дәстүрге жат нәрсе.

  Құранда мынадай аят бар:  «Еркектер әйелдерді билеуші. Өйткені, Алла бірінен бірін артық қылды. Сондай-ақ, олар тапқан малдарынан да пайдаландырады – әйелдерге мәһәр, напақа береді. Ал, енді жақсы әйелдер: бой ұсынушылар» [4:34].  Бұл аятты дұрыс түсіну  ер мен әйелдердің қатынасын отбасылық құқық тұрғысынан қарастырайық.

  Дәстүрлі мұсылмандық салтқа сәйкес әйелдің үй тұрмысында атқаратын міндеттері: тамақ дайындау, үй жинау және жалпы ерінің күтімі. Сондай-ақ, тігу, киімді жуу, үтіктеу, тамақ дайындау және сәбилерді бағып-қағу әйелдің құрметті, лайықты істері деп есептеледі. Ерінің  құқықтары мынаған саяды: отбасын құру және оны асырау, сондай-ақ некелік қатынастардың жауапкершілігін иығына алу, сол үшін соған сәйкес құрмет иесі болу. Сөйтіп, еркекті Алла әуелден отбасының егесі қылып жаратқан.

Кез келген құрылымда көшбасшы болуы қажеттілік. Бір жерде екі бірдей тең дәрежелі басшының болуы мағынасыздық.

  Еркек пен әйелдің табиғатында өзіндік ерекшеліктер бар. Әйел көбінесе күнделікті отбасылық қызметке бейім келеді. Ол отбасы ішіндегі барлық жағдайды реттеуші, ошақ жылуын сақтаушы, басқаны айтпағанда, баланы дүниеге әкеліп, оны тәрбиелеудің өзі неге тұрады. Яғни отбасының ұйтқысы, діңгегі әйел.

  Ал еркек өзіне берілген жігерлілік, көшбасшылық қасиеттердің арқасында отбасын қажет нәрселермен қамтамасыз етуші, табыскер әрі қорғаушы болады. Ол отбасының қалыпты тіршілігіне жауапкер. Сондықтан да халқымыз: «Үй – әйелдікі, түз – еркектікі» деген.

  Кейбір еркектер өздерін әйелдердің сардары ретінде сезінеді. Бұл адасушылық. Құранда Алла тағала барлық еркек пен әйелдің құқығы, жауапкершілігі тең деп белгілеген.

«Інжіл» әйел мен ердің бірлігіне мынадай түсінік береді: «Құдай адам қабырғасынан алып әйелді жаратты да еркекке әкелді. Сонда Адамға былай деді: міне сүйектен сүйек, тәннен тән жаратылды. Ол әйел деп аталады, өйткені, сүйек ерінен алынды. Сондықтан да адам баласы өз әкесі мен шешесінен қалып, әйелімен бірге болады.  Содан кейін екеуі бір бүтінге айналады» Інжіл, 17:5.

   Отбасылық жағдайда мәселенің шешімінде соңғы сөз еркектерге берілген.

«Еркек те әйелдерді билеуші. Алла бір-бірінен артық қылды» 4 сүре, 34 аят.

  Исламдық ақидасы бойынша егер Алланың еркек адам отбасын асырау керек деген бұйрығын орындай алмайтын еркекпен әйел бірге тұруға міндетті емес.  Еркек өз отбасын асырауға, әйелінің жағдайын жасап, бар жағынан қолдау көрсетуге міндетті, олай болмаса әйел ажырасуға құқылы және бұған ешкім де қарсы келе алмайды.

  Бірақ «еркектер әйелдерді билеуші» деген аятты ақылы әлі шала, Абайша «қоржаң суық» кейбір балғын жігіт «е-е, отбасында абсолютті биліктің иесі тек еркек адам» деп теріс ұғынбаса мақұл. Барлық аяттар сияқты жаңағы аяттың да әділет пен махаббат сезімге құрылғаны хақ. Түсініктемелейік. Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша, адамдарға кім қызмет қылса, оларға бұйырушы да сол болады. Оның үстіне, жауапкершілік билікке пропорционалды, ал билік  жауапкершілікке пропорционалды. Демек, жауапкершілікті кім өзіне алса, әділдік заңына сәйкес билік те сонікі. Бұл-бір.

  Екіншіден, адамдар тең жаратылған, бірақ бірдей емес.

Туа біткен мүмкіндіктері мен табиғи қасиеттері, сондай-ақ, ойлау жүйесі  жағынан еркектер мен әйелдер екі басқа екені ғылыми негізде дәлелденіп отыр. Мысалы, ағзасының құрылымы, бірдей жағдайларда олардың әрекеті, стресске реакциясы, әртүрлі тапсырмаларды орындауы мен бағалауы т.б. Тіпті бірдей оқиғаны мен затты суреттеуде де олардың көзқарастары ерекшеленеді. Бұл өзгешеліктер бірінен бірі артық я кем деген емес, олар тек әр түрлі және бірін бірі толықтырады. Олар бірге болғанда ғана екі жартыны бір бүтін қылады: отбасылық және қоғамдық.

  Олардың әрбірі өзіне тиесілі міндетті атқаруға тиіс. Нағыз еркек өмірдің кез келген жағдайына дайын, қиындыққа рухани және физикалық жақсы дайындалған, мал табуға ыңғайлы, күрделі мәселелерді шешуге бейім төзімді, қайратты адам. Әйел де осы қасиеттерге ие, сонымен бірге әйел аналық құқығы бойынша еркектің ең алғашқы тәлімгері және ұстазы.  Әйел мүмкіндігінің еркектің алдында артықшылығы осы емес пе. Алланың даналығы сол, еркек отбасының басы болса, ал әйел құқығының жетіспеушілігін аналық құқығымен, болашақ ұрпақтың тәрбиешісі мен тәлімгері ретінде толықтырған.   

  Демек, әйелді  еркектен төменірек деп санауға негіз кәне. Сондай-ақ, әйелдің рөлі еркекке қарағанда азырақ деу де бекер. Егер әйелдің статусы дәл еркектікіндей болса, ол ердің көшірмесі ғана болар еді, бірақ әйел көшірме емес. Жалпы теңдік пен бірдейлік – мүлде екі басқа ұғымдар. Гәп мынада: еркек пен әйел бірдей емес (өмір шындығында дәл бірдей екі адам болмайды), бірақ жаны, рухы, сезімі бойынша тең жаратылған. Содан ислам әйелге тең құқықтар берген, оны бостан тұлға деп қабылдайды. Мысалы, бойжеткен некеге отыру туралы шешімге келуге құқылы, ал оның әкесіне немесе қамқоршысына қыздың қарсылығымен я болмаса тілек-ықыласымен санаспай болмайды.   

   Тұжыра айтқанда, ислам еркектер мен әйелдер арасындағы өзара махаббат, түсіністік, аяушылық және құрметке негізделген қатынасты дәріптейді. Ол ерлі-зайыптыларды бұл жалғанның жылтырағына алданбай ғана, бірі біріне жасаған мейірімділік пен жақсылықтары үшін алғыс сезімге бөленуге баулиды. Әрбір некеде  басты принцип осы болуға тиісті.

Омаров А.Қ. 

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші маманы,

философия ғылымдарының кандидаты

 

 

 

Пікір жазу