Қазіргі таңда ғалымдардың көпшілігі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қасиетті Құранға келіп жүгінуде. Барлық сұраққа Құраннан жауап табылуда. Бұған дәлел жетерлік. Әр саланың ғалымдары ондаған жыл зерттеулер жүргізіп, жаңалық аштым дегенде, оның ҮІІ ғасырда түсірілген Құран Кәрімде айтылып тұруы қайран қалдыруда. Әрине, бұған әркім-ақ еріксіз таңдай қағады әрі Алла тағаланың құдіретіне көз жеткізеді.
Тарихтан белгілі, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеде өсті. Ол кезде бұл шаһарда ғылым, оқу-ағарту орындары, медреселер болмаған, сонымен қоса жаратылыс ғылымдары (астрономия, химия, физика) дамымаған еді. Мұхаммед (с.ғ.с.) те оқу-жазу білмеген. Бірақ оған Алладан жеткен қасиетті Құранда қияметке дейінгі ғылым-білім тұжырымдары берілді.
Уақыт өте ғылым дамыған сайын Құрандағы ақиқаттар ашыла бермек. Мысалы, «Әнбия» сүресінің 30-аятында былай делінген: «Әуелде көк пен жер біртұтас еді. Біз екеуінің арасын ажыраттық. Жанды мақұлықаттардың барлығын судан жараттық».
АҚШ-тың атақты геологы, профессор Альфред Корнер бұл аяттың ағылшынша аудармасын оқып, қатты таңғалады. Соңында АҚШ-та өткен бір ғылыми симпозиумда: «Бұл ғылыми жаңалық электрондық есептеу машиналары мен техниканың соңғы жетістіктері арқылы ғана жақында ашылды. Бұдан он төрт ғасыр бұрын өмір сүрген әрі ядролық физика туралы ештеңе білмейтін адамның, яғни пайғамбардың жер мен аспан денелерінің бір уақытта жаратылғанын ақылмен танып білуі таңғаларлық. Анығында оның мұны білуі мүмкін емес еді», – деп тұжырым жасай келе, Құранды Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жазбағанын былай деп мойындайды: «Бұл ақиқат – Алланың көктен түсірген нұры».
«Фуссилат» сүресінде көктің, әлем жаратылмай тұрып әуелде түтін тәріздес болғандығы айтылады. Бұл ғылыми мағлұматты қазіргі ғылым толық қуаттап отыр. Ғылыми көзқарас бойынша, ғалам газ тәріздес пішінде болған. Кейіннен ядролық реакциялар (көзге көрінбейтін заттық өзгерістер) нәтижесінде газды пішіннен (температурасы жоғары ыстық плазма түрінен) суынып, әртүрлі пішінді иеленген. Біздің Күн жүйеміз де осындай бөліністің нәтижесінде пайда болды. Жердегі тоқсан екі заттың көбісі күн мен айда табылып отырғаны белгілі жайт. Бұдан Құранда айтылған «Әлемдегі барлық заттың негізі бір» деген тұжырымдаманың ақиқат екенін көреміз.
Токиодағы обсерваторияның директоры профессор Эдиши Казан жұлдыздардың газ тәрізді зат пен түтіннен пайда болғанын айтады. Ал бұл ақиқат «Фуссилат» сүресінің 11-12 аяттарында және «Фурқан» сүресінің 61-аятында жазылған: «Сосын көкке жөнелді. Ол бір түтін еді. Сонда оған әрі жерге: «Екеуің де ерікті не еріксіз түрде келіңдер» деді. Екеуі де: «Бой ұсынған түрде келдік», – деді. Оларды жеті көк етіп, екі күнде жасады. Сондай-ақ, әр көктің міндетін өзіне білдірді. Жақын көкті жұлдыздармен әшекейледік әрі қорғауға алдық. Осы тым үстем, толық білуші Алланың тағдыры» («Фуссилат» сүресі, 11-12-аяттар);
«Сондай мол игілік иесі Алла аспандағы жұлдыздардың орнын жаратып, онда бір жарық (күн) және сәуле беруші айды жаратты» («Фурқан» сүресі, 61-аят).
Жоғарыдағы жазылған Алла сөзін мысалға келтіре отырып, төмендегі тұжырымды жасайды: «Мен ғаламды зерттеудің жаңа тәсілін таптым. Қазір біз телескоптар арқылы аспан денелерінің негізгі массасы мен бірігуін көре аламыз. Сондықтан Құранның көмегімен алдағы уақытта ғаламды зерттеудің тиімді жолын табатынымызға сенімдімін».
Ал жер қыртысын зерттеуші профессор Польмен Құран жайлы былай дейді: «Бұл – ғажап кітап, онда өткеніміз де, болашағымыз да баяндалған. Мен Шығыс елдерінің дамуын ұзақ уақыт зерттедім. Сол дәуірдегі ғылыми жетістіктерді жақсы білемін. Бұл ілім нұрын Мұхаммедке Алланың өзі түсіргенін шын жүрегіммен мойындаймын».
Енді жоғарыда келтірілген «Әнбия» сүресінің «Жанды мақұлықаттардың бәрін судан жараттық» деген аятқа келейік.
Қазіргі ғылыми жетістіктер тірі ағза үшін судың маңызы зор екендігін дәлелдеп отыр. Су бүкіл биологиялық, биохимиялық, химиялық реакциялар үшін қажет. Өйткені су – бүкіл табиғаттың, өмірдің, тіршіліктің негізгі қайнар көзі.
Адамның, жан-жануарлардың ұрықтары сұйық заттардан құралады. Аталық ұрық пен аналық ұрық қосылып, эмбрионға айналғаннан кейін, оның өсіп-жетілу процестері жатыр ішіндегі суда өтеді. Бұл жанды мақұлықтардың судан жаратылатындығы ақиқат деген сөз.
Жердің 3/4 бөлігі, яғни 75 пайызы, ал адамның, тірі жасушалардың одан да көп бөлігі, нақтылай айтсақ, 80 пайызы судан тұрады. Судың негізгі қасиетінің бірі деп өзендердің, теңіздердің, мұхиттардың температурасын тұрақты ұстап тұруын айтуға болады. Бұның өзі ондағы тіршіліктің, өмірдің негізгі шарты болып табылады. Судың мұндай ғаламдық қасиеті Алланың құдіреттілігін, хикметін көрсетеді. Құранның қасиеттілігіне назар аударсақ, қысқа (лаконикалық) аяттарда да аз сөзбен әлемнің маңызды құпиялары, сырлары туралы айтылады. Осы келтірілген бір аяттың өзі Құранның асыл, қасиетті кітап екендігін, ал Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбар екендігін дәлелдейді.
Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы,
Астана қаласы