Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы мәртебелі доктор Мұхаммед бен Абдул Карим Әл-Исамен кездесті.
Кездесуде тараптар екі елдің рухани байланысын сөз етіп, алдағы жылдарға жоспарланған бағыттар жайында пікірлесті.
Ең алдымен Лига хатшысы сөз алып Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланыстың нығайып келе жатқанын айтып, болашақта да рухани даму жолында бірге жұмыс істеуге шақырды. Шейх Қазақ елінің бүкіләлемдік діндердің басын қосып тұрақтылыққа шақырудағы қадамын жоғары бағалады.
Ал ҚМДБ Төрағасы өз кезегінде құрметті докторға ризашылығын жеткізіп, Лига жұмысының әлемдік аренада да абыройлы екенін айтты. ДИЛ Жоғарғы кеңесінің мүшесі ретінде қабылдап, құрмет көрсеткен тарапқа алғысын білдірді.
«Өзіңізбен соңғы рет Меккеде кездестік. Бүгін Өзіңіз басшылық ететін Лиганың шақыруымен Эр-Рияд қаласына келіп отырмыз. Әлем мұсылмандарының басын қосып, ауызбіршілік танытудағы бастама сәтімен болсын. Біз лиганың мұсылман әлемінің игілігі үшін жасап жатқан игі істерін жоғары бағалаймыз сондай-ақ ҚМДБ Лиганың бастамаларына тұрақты қолдау көрсететінін жеткізгім келеді. Жауапты істеріңізге Алла Тағала табыс әрі берекесін берсін» – деді Бас мүфти.
Айта кетейік кездесуде Лиганың ұйымдастыруымен өтіп жатқан Ислам фиқһ академиясының отырысында қамтылған маңызды мәселелер мен рухани бағытта атқарылатын ортақ жобалар сөз болып, екі тарап жан-жақты қолдау көрсетуге уағдаласты.