Сұрақ: Досымның үйіне барсам да рұқсат сұрап кіруім керек пе?

Жауап: Исламда адам құқығы мен ақысының сақталуы қатаң қадағаланады. Мысалы, кісі ақысы, көрші ақысы, баланың ата-ана алдындағы, ердің әйелі алдындағы, әйелдің ері алдындағы міндеттері және т.б.

Бұл міндеттердің мақсаты – адам құқығының сақталуы. Сіз кімнің үйіне барсаңыз да, өз үйіңізден басқа үйге есік қағып, рұқсат сұрауға міндеттісіз. Тіпті, ол адам сіздің жақын досыңыз болса да. Бұл туралы қасиетті Құранда былай деп айтылады:

«Ей, мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша әрі үй иесіне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине түсінерсіңдер.

Егер үйде ешкімді таба алмасаңдар, өздеріңе рұқсат бермейінше кірмеңдер. Егер сендерге: қайтыңдар – делінсе онда қайтыңдар. Бұл сендер үшін жақсырақ. Алла не істегендеріңді біледі. Ішінде отырылмайтын нәрселерің бар (қонақ үйі сияқты және т.б.) үйлерге кірулеріңнің оқасы жоқ. Алла көрнеулеріңді де көместеріңді де біледі» (Нұр: 27-29).

Жоғарыдағы аяттан көргеніміздей есік қағып, үй иесі рұқсат бергенше күтіп тұру қажет. Егер ішке кіруге рұқсат бермесе, онда кері қайтуыңыз керек. Әбу Муса әл-Ашғари (р.ғ.) риуаят қылған хадисте де, Алланың елшісі (с.ғ.с.) кіруге рұқсат сұрау керектігін айтады:

«Рұқсат сұрау үш рет: егер (кіруге) рұқсат берсе, онда кіресің. Егер рұқсат бермесе, онда кері қайтасың» (Бұхари, Мүслим).

Хадисте айтылғандай рұқсат сұрау әдептілігі «үш мәрте екен». Басқаша айтқанда, кіруге рұқсат сұраған уақытта есікті асықпай үш мәрте қағасыз.

Рұқсат сұрап кіруге қатысты үкімді Алланың елшісі (с.ғ.с.) қысқа әрі нұсқа сөзбен түсіндірген. Саһіл ибн Сағд (р.ғ.) «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында да рұқсат сұрау, көздің себебі үшін (міндеттелді)»,– деп айтты» деген хадисті риуаят қылған (Бұхари, Мүслим).

Сіз барған үйдің иесі сізді күтуге дайын емес болуы мүмкін, немесе сол уақытта үйі ретсіз, бөлмесі шашылып, яки болмаса өзі ауырып тұруы ықтимал. Сондықтан да есік қағылған аралықта үй ішіндегі адам өзін реттеп, жан-жағын жинастырып, сізді күтіп алуға әзірленеді. Көз деген жылдам емес пе. Егер сіз үй иесін ескертпестен дереу ішке кіріп қалсаңыз, онда назарыңыз күтпеген нәрселерге тап болуы ықтимал. Осы сияқты біз ескере бермейтін жайттердің алдын алу үшін, дінімізде «рұқсат сұрау» қағидасы бекітілген.

Жалғас Садуахасұлы

Пікір жазу