Сұрақ: «Достың әр нәрседе ақысы бар» деп жатады, жүректе ақысы бар ма?

Жауап: Рас, дін ислам кісі ақысын қорғағаны сияқты, достың да ақысын ашып көрсетеді. Мұндағы мақсат – екі адам арасындағы достықты шынайы достық дәрежесіне көтеру. Дін мамандары достың жүректе бірнеше ақысының бар екенін айтады. Солардың кейбірі:

– Досқа кешірімді болу. Кешірім, адамның абыройын төмендетеді деп қорықпау керек. Керісінше, кешіре білу адамның абыройын асырады. Себебі Алла Тағаланың бір сипаты – кешіруші. Имам Шафиғи мынаны айтқан: «Достыққа беріктік – достың айыбын көтере білу, кемшілігін түзету және қателігін кешіру».

Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта:  «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Садақа мал-дүниені кемітпейді, Алла кешірімшіл құлына ізет-құрметтен басқа ешнәрсе үстемейді, ал біреу Алла үшін кішіпейілдік танытса, Алла оны тек қана жоғарылатады», – деп айтқан», – деген (Муслим).

– Сенімді болу. Досың саған сенімді болуы керек. Сенімділік – досыңның сырын жасырумен болады. Досыңның басына бір қайғы-қасірет түскенде онымен бірге болу:

«Сондай олардан кейін келгендерге де олар: Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды  жарылқай гөр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма.» (Әл-Хашыр: 10).

– Досыңа ауыр тиетін нәрсені одан талап етпеу. Досты қысылып, қиындыққа қалатын жағдайға жеткізбеу керек. Сондай-ақ досыңыздың есімін, қызметі мен лауазымын кей орындарда пайдалану әдептілікке жатпайды. Мұндай жағдайлар достық қатынастың бұзылуына әкеліп соқтырады. Себебі достықтың да әдептіліктері мен шектеулері бар.

– Досыңа жақсылық жасауды жақсы көру. Шынайы достықтың белгісі – адам баласы досының қуанышына қуанып, қайғысына қайғырып, ортақтасады.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Өздерінің сүйіспеншілігінде, мейірбандылығында және жанашырлығы мен есіркеуінде мұсылмандар (біртұтас) денеге ұқсайды. Егер оның бөліктерінің (дене мүшелерінің) бірі ауырса, онда бүкіл дене ұйқысыздық пен тән ысытпасына кезігіп жауап қатады» (Бұхари, Мүслим).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ