13 қыркүйек. KAZISLAM – «Жусан» операциясы бойынша Сириядан оралған отандастарымызбен жүйелі жұмыс істеген дінтанушы Балғабек Мырзаев «Айқын» газетіне берген сұхбатында оларға (Сириядан оралғандар) қатысты 6 ұсынысын жеткізді.

 «Оңалту барысындағы жұмыстар кезінде Сириядан оралған отандастарымыздың бойынан тағы нені байқадыңыз және маман ретінде қандай ұсыныстарыңыз бар?» – деген журналист сұрағына ол:

Біріншіден, Сирияға кеткен жат ағымдағы әйелдер күйеулерінің айтқанын екі етпейтіні көрініп тұр. Сирияға барамыз десе де, соғыс аймағынан қайтпаймыз десе де бәріне көне берген. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірге осы мәселеге жан-жақты жауап беретін «пәтуа» шығару маңызды деп санаймын.

Екіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, мешіт имамдарының беделін көтеретін шараларды теріс ағым өкілдеріне ұдайы жеткізіп отыру немесе шараларға қатыстырып отыру арқылы имамдарға деген сенімін күшейту керек.

Үшіншіден, Сирияда жүрген кезінде Қазақстандағы ата-аналары мен туыстарынан қолма-қол арқылы немесе Түркиядағы банкоматтар арқылы «делдалдармен» қаржы жеткізіліп тұрған. Сондай жұмыстармен айналысқан тұлғаларды анықтауға назар аударған жөн.

Төртіншіден, жоғарыда көрсетілген сұрақтардың тізбесін толықтыра отырып, білікті мамандарды тарта отырып сұрақ-жауап түріндегі арнайы кітап немесе кітапша дайындау орынды болады. Сұрақ-жауапты дайындайтын мамандардың тізімі дін саласындағы мүдделі мемлекеттік ұйыммен келісіледі. Дайындалған кітапша барлық мүдделі мекемелермен келісіліп барып шығарылуы қажет. Осындай кітап немесе кітапша теологтарға, имамдарға, дінтанушыларға теріс ағымдарда жүргендерді оңалту бойынша жұмыс жүргізуге таптырмайтын құрал болады.

Бесіншіден, Сириядан және басқа да елдерден келген, қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматшалардың қоғамның арасында беделін қатты көтермеу, оларға өздерінің қателескендерін мойындап, өкініш білдірген мақалаларын БАҚ құралдарында, әлеуметтік желілерде аты-жөндерін көрсетіп жариялап тұру мүмкіндігін қарастыру қажет.

Алтыншыдан, «Жусан» операциясымен елімізге келгендер тұрғылықты жерлеріне орналасқан соң олармен жұмыс жүргізетін теологтарды тоқсан сайын жинап, тәжірибе алмасу және жұмыс жүргізу әдістемелерін жетілдіру бойынша семинарлар ұйымдастырып отыру қажет, – деп жауап берді.

Пікір жазу