Біз бір нәрсені мойындайтын кезеңге келдік: Ендігі заман талабына сай маман даярлағымыз келсе, дінді сырттай оқытып-үйретудің нәтижесі тым аз болмақ. Бұл орайда «дінге ғылыми тұрғыдан келу» дегенді сырттан көзқарас деп қабылдамауымыз керек. Әрбір құбылысқа оның ішкі мәнін түсіне отырып баға беріледі. Дін мәселесін дінді сезіне отырып қана шешуге болады. Сондықтан бүгінгі дінтанушылар дінді тереңдете оқуға міндетті. Олай етпеген жағдайда алған білімі өндірісте кәдеге аспайтын дәрменсіз дінтанушылардың қалыптасу қаупі жоқ емес (олардың бір бөлігі қазірдің өзінде өндіріске араласып үлгерді).
Сонымен қатар осы орайда дінтануды рухани білім саласы ретінде қабылдайтын, өскелең буынды сол түсінікпен дінтану саласына бағыттайтын халықтық сұраныс пен көзқарасты ескеру де орынды болмақ. Яғни бір кездергі өлеңімізде айтылғандай: «Ел қайда, Алла-ау, мен қайда?!» болып отырмас үшін дінтанудың діни мазмұнын тереңдету бұра тартқызбас қажеттілікке айналып отыр.
Бұл орайда Қазақ Ұлттық университетінде және Халықаралық қазақ-түрік университетінде қалыптасып келе жатқан жеке білім траекториясы негізінде білім алушыларды ислам, христиан діндері, жаңа діни қозғалыстар және мемлекеттік-конфессиялық қатынастар бойынша мамандандыру жұмыстары басталғанынан үлкен үміт күтуге болады. Осындай бейіндік бағыттарды өзге де дінтану кафедраларының дамытуы маңызды болмақ. Сонымен қатар бұған дейін назарға салып келгеніміздей, магистратура деңгейінде дінтанушыларды «дінтанушы-социолог», «дінтанушы-психолог» ретінде мамандандыру қажеттілігі де пісіп-жетілді.
Дінтану мамандығы бойынша бітіріп, жұмысқа қабылданған түлектердің даярлық деңгейінің тиісті талаптарға сай келмеуі салдарынан олардың біліктілігін арттырып, тиісті деңгейге жеткізу ұзақ әрі өнімділігі төмен үдеріске айналып отыр. Білікті маман даярлау ЖОО-да оқыту кезеңінен басталатыны ескеріліп, біздің Орталық тарапынан 2016 жылы еліміздегі барлық дінтану кафедраларының оқу үдерісі толығымен зерттеп-зерделенген болатын. Зерттеулер қорытындысы дінтану кафедраларымен бірлесе отырып, арнайы ұйымдастырылған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланды. Дінтанулық білімді жетілдіруге, тәжірибемен ұштастыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленіп, Дін істері комитеті арқылы Білім және ғылым министрлігіне жолданды. Аталған ұсыныстардың іске асырылуына ықпал етер деген ниетпен аталған министрліктен жауап күтіп отырған жайымыз бар.
Бұған дейін біз қалыптасқан қағида бойынша рухани білім мен рухани тәрбие тақырыбы сөз болғанда мектептегі білім мен тәрбие аясында көбірек шектелетінбіз. Ендігі кезекте осы тақырыпты дінтанулық және діни білімге бұратын кез келді. Яғни ендігі жерде дінтану рухани білім саласы ретінде қабылдануы, танылуы және соған бейімделуі қажет. Олай етпеген жағдайда мамандар сапасының айтарлықтай артуынан үміттену мұң болмақ.
А.Әбдірәсілқызы