Жалпылай алғанда дінтану – өзі қызықты да сан-салалы пән. Қоғам өмірінде діннің алар орнының ерекшелігін ескерсек, осы мамандыққа деген сұраныстың әрқашан да жоғары екенін байқау қиын емес. Әсіресе қазіргі таңдағы әлемдегі діни жағдайдың күрделілігі де осы салада білікті мамандарды қажет етеді. Білікті мамандарға қай кезде де қоғамнан орын табылады. Дінтану мамандығын бітірген, талапқа сай азаматтар сіз айтып отырған Дін істер агенттігіне, сараптамалық орталықтарға, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтарына жұмысқа тұра алады. Әсіресе, қазіргі таңда ашылып жатқан көптеген діни сайттар жақсы мамандарды майшаммен іздегендей іздейді. Егер балаңыз одан әрі білімін жалғастырып, магистратура бітірсе жоғарғы оқу орындарында сабақ бере алады. Әрине бұл айтқандарымыздың бәрі жоғары біліктілікті қажет етеді. Ондай болмаған жағдайда, сол дипломмен мектепке орналасу қиын. Өйткені мектептерде дінтануды оқытудың мәселесі төңірегінде шешілмеген көптеген жайттар бар. Сағат санының аздығына байланысты дінтануды бітіріп барған адамды мектеп басшылығы жұмысқа алмайды. Оның орнына қосымша дінтану бойынша біліктілігін көтеру арқылы тарихшылар жұмысқа алынуда. Сондықтан қазіргі таңда дінтанушыларға дінтанумен қатар қосымша мамандық беруді де қолға алу керек. Сол кезде оларды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін оңды шешуге болады. Бұл, әрине, мемлекеттік құрылымдардың жасауы қажет шаруа.