Бұл саладағы күрмеулі мәселелердің бірі – қазірге дейін Білім және ғылым министрлігі тарапынан дінтану мамандарына деген нақты қажеттілік деңгейінің зерттеп-зерделенбегені болып отыр. Білім грантын бөлу, сұранысты айқындау мәселесінде БҒМ әзірге Дін істері комитеті берген сұранысқа сүйенеді, ал комитет сұранысының дін саласындағы орталық және жергілікті мекемелерге қажетті мамандар санына қатысты ғана берілетіні белгілі.
Дінтанушы мамандар, әсіресе қазір даярлана бастаған тарихшы-дінтанушы педагогтар орта мектептерде «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнін жүргізуге бағдарланатыны белгілі. Аталған пәнге бөлінген мектептегі 34 сағаттық жүктемемен толық мөлшерлемеде (ставка) жұмыс істеу үшін 9 бірдей параллель сыныпта 1 ғана маманның жұмыс істеу қажеттілігі туындайды. Мұндай көп мөлшердегі параллель сыныптар үлкен қалаларда ғана кездесуі мүмкін, ал басқа өңірлерде дінтанушы маманның бірнеше мектепте қатар жұмыс істеуіне тура келетіні анық.
Бұл орайда Қазақстан мектептеріндегі сыныптар саны, соның ішінде параллель сыныптар санының 9-сыныптардағы жыл сайынғы орташа көрсеткіші, алдағы он жылдық кезеңдегі болжалды өсу қарқыны, соған сәйкес дінтану мамандарына деген сұраныстың өзгеру дәрежелері Білім және ғылым министрлігі тарапынан зерттелмегені байқалуда.
Қазірдің өзінде елімізде көптеген дінтану мамандары даярланып, өндіріске жіберілді, сол арқылы мамандарға деген сұраныстың белгілі бір бөлігі қамтамасыз етіліп үлгерді.
Елімізде жыл сайын орта есеппен 200-ге жуық дінтану мамандары бітіреді. Бұл көрсеткіш өспей, осы күйінде сақталғанның өзінде небәрі 4-5 жылда елімізде мыңдаған дінтанушы мамандар даярланып шығады, тағы сонша бөлігі ЖОО-да білім алып жатады. Тиісті есептеулерді алдын ала жүргізбеген жағдайда көп ұзамай дінтану мамандарының үлкен резерві қалыптасып, жұмыссыздық көрсеткішінің артуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі кезеңде аталмыш мамандыққа қабылданушылар санын шектей отырып, сапаға баса мән беру қажет.
Айтылғандармен жалғас тағы бір мәселе – даярланған мамандардың, соның ішінде мемлекеттік білім гранты негізінде оқыған түлектердің жұмыспен қамтылу мәселесінің тиісті деңгейде бақылауға алынбауы. Соның салдарынан біріншіден, нақты статистикалық мәліметтер қалыптастырылмаған; екіншіден, мамандардың елеулі бөлігі басқа салаларға жұмысқа орналасқан; үшіншіден дінтанушылардың толық мөлшерлемеде жұмысқа орналаса алмау мысалдары молайған. Қазіргі күнге дейін өз ағымымен шешіліп жатқан бұл мәселе мемлекет қаржысы мен дайын кадрлық ресурстың тиімді пайдаланылмауына себеп болып, мамандықтың беделіне де нұқсан келтіруде.
Әрине, негізгі мәселе бітіруші маманның жеке басының кәсіби даярлығы мен қабілетіне байланысты екені белгілі. Дайындығы жоғары, қабілетті маман жас та болса, сұранысқа ие болып, орнын табары анық. Сондықтан сізге айтарым, жұмысқа тұру мәселесі дінтанушы мамандардың аз-көптігіне байланысты емес, жеке қабілетіңізге қарай шешіледі. Дегенмен сұрауыңызға толыққанды жауап беру үшін жоғарыдағы жайттарды да жете баяндауды жөн көрдік.
А.Әбдірәсілқызы