@ elitar.kz

2 тамыз. KAZISLAM – «Кейбір діншілдеріміз қарапайым халықты діни сауаты жоқ деп кінәлайды. Бұл – дұрыс емес. Бәрі бірдей бес уақыт намаз оқып, 30 күн ораза тұтпаса да, жақсы мен жаманды ажырата алады» – дейді Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасына қарасты Мониторинг және талдау орталығының бөлім басшысы Тұрсын Құдайқұлов ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

Сұхбат барысында Тұрсын Құдайқұлов: «Адамдардың діни сауаттылық ұғымы жөнінде жиі айтылып жүр. Көп жағдайда Құранды арабша оқи білген, намаз оқитын мұсылманды діни сауатты деп ойлаймыз. «Діни сауаттылық» ұғымының «философиялық» мәні, негізінен, адамның ішкі зайырлық құпиясын, парасатылығын, шын жүректен ниет етуін білдіреді» – дейді.

Тұрсын Құдайқұлов дінтанушылардың айтуынша, сәләфиттердің сенімінде ауытқушылық бар. Олар бұрыннан келе жатқан дінді мойындамайды. Сәләфи жолындағылар өздерін бүкіл қоғамға қарсы қойып алған дегенді алға тартады. Осыған не дейсіз?- деген сауалға ол:

«Қазір, деструктивті діни бағытты ұстанушы азаматтардың «салт-дәстүрді ұстану – бидға», «келіннің сәлем салуы – ширк», «зиярат жасау – куфр» деп қарастыруы, жағымсыз әрекеттері ел ішін бүлдіруді көздейді.

Жат ағымды таңдағандар, көсемдері айқындап берген бағыт бойынша жүреді. Пірлері оларға «Уағыздарын тыңдамаңдар, сенімдеріңе селкеу түсіреді, көңілдеріңе күдік ұялатады. Сол себепті, имамды тыңдау – харам болып есептеледі» деп пәтуа бекіткен.

Сәләфиттерді ажыратудың тағы бір амалы: олар қайтыс болған кіслерге құран бағыштауға болмайды деп есептейді. Сопылық бағыттағылар да осы ойды құптайды. Олар айтады «Алла тағалаға сен тікелей шыға алмайсың, сен пір арқылы құдаймен байланысқа шыға аласың, сондықтан пірдің айтқанын бұлжытпай орындауың керек»,- дейді. Яғни, сол адамның ойлау бостандығы болмайды. Олар үшін көсемінің айтқаны – заң» деп жауап берген.