Иә, діни жамағаттардың саясатқа араласуына қарсымын. Бірақ, бұл менің зайырлылыққа табынғанымды білдірмейді. Алдағы 50-100 жылда бәлкім халықтың таңдауына қарай біз мемлекет пен діннің арақатынасын реттеудің басқа тұрпатын таңдайтын болармыз. Әйткенмен, дәл қазіргі уақытта зайырлы мемлекет біздің еліміз үшін діни мәселелерді реттеудің ең тиімді жолы болып отыр. Қазір әлемдегі жоғары саяси ұйымдардың тоқсан пайызға жуығы зайырлық жүйені ұстанады. Себебі, дінді басқарудың тиімді тұрпаты – зайырлылық екенін тарихи тәжірибе әлдеқашан дәлелдеген. Десек те, жер жүзіндегі мемлекеттердің басым көпшілігі локальді ерекшеліктерге қарай зайырлылықтың өзіндік модельін қалыптастырған. Біздің еліміз де қазіргі діни ахуалдың орнығуына әсер еткен тарихи тәжірибемізге арқа сүйеп, зайырлылықтың қазақстандық үлгісін қалыптастыруы тиіс. Оның алғышарттары 2011 жылғы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» атты Заңымыздың приамбуласында «Ханафи мәзһабындағы сунниттер мен Праваославтық христиандықтың рухани орны мойындалады» деген нормамен белгіленді де. Ал, діни жамағаттардың саясатқа араласуына қарсы болуымның себебі, мен 15 жылдан бері «Мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеу» атты тақырыптың қоясын көтеріп, бұл мәселені жан-жақты зерттеп келемін. Осы тақырып бойынша ізденгенде бір байқағаным, соңғы ғасырларда қай мемлекет те дін саясатқа араласса, сол елде қандауыр қантөгіс орын алып, жазықсыз жапа шеккен халықты көзің шалады. Алысқа бармай-ақ, біздің елімізбен 800 жылдан бері тарихи байланысы бар Мысыр Араб Республикасына қарайықшы. «Мұсылман бауырлар» қауымдастығы саяси партия ретінде құрылып, осыдан үш жыл бұрын Мысыр билігін қолға алды. Олардың жетекшісі Мохаммед Мурси президенттік таққа отыра салысымен мемлекеттің саясатына ислами рең беріп, барлық мәселеге дінді араластыра бастады. Алайда, елдің басым көпшілігі мұсылмандар болғанымен, Мысыр зайырлы мәдениетті бойына сіңірген мемлекет-тін. М.Мурсиден халық қордаланып қалған әлеуметтік мәселелердің шешілуін, экономикалық реформалардың қолға алынуын күтті. Ал, М.Мурси болса, тығырықтан шығу үшін ілкімді саяси шешімдерді қабылдаудың орнына, барған жерінде уағыз айтумен болды. Оның соңы елде қайтадан төңкерістің орын алуына әкеп соқты. Дәл осы кезде мен Мысырда ғылыми жұмыстармен жарты жылдай уақыт болған едім. Күніге әр жерде бір шақпақ шағылып, күркіреген жарылыстардың орын алып жатқанына өз көзіммен куә болдым. Қаншама жас қыршын кетіп, қаншама шаңырақ қара жамылып жатты. Мысалы, былтырғы Рабия мешітінде орын алған қақтығыста мыңнан астам адам бір уақытта көз жұмды. Енді, осындай қанды қасап, сұрапыл соғыс бізге керек пе? Әлбетте, Құдай бетін аулақ қылсын дейміз. Жалпы, бір Мысыр емес, дін саясатқа араласқан көптеген мемлекеттер де алға жылжудан көрі, күйзеліс басым. Демек, діни жамағаттар діни мәселермен ғана шұғылдануы тиіс. Саясатқа араласса, оның соңы әлгіндей ойран болмақ.