Қостанай облыстық мешітінде арнайы өңірдегі қуғын-сүргінге ұшыраған діни қайраткерлерді ұлықтауға арналған жиын өтті.
Жиынға алқа мүшелері мен дін қайраткерлері қатысты. Басқосуды Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы Бақытжан Икрам жүргізіп, кездесудің мәні мен маңызына тоқталды.
Сондай-ақ белгілі қаламгер, ғалым Ақылбек Шаяхмет арнайы баяндама жасап, Қостанай облысындағы сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған дін қайраткерлеріне тоқталды.
Қазақ халқының басына қара бұлт үйірілген нәубет жылдары мыңдаған адам жазықсыз зардап шеккені болатын. Қостанай өңірде осындай қуғын көрген 1061 адам ақталған еді. Әлі де болса, ашылмай, ақталмай қалған арыстарымыз қаншама. Іс-шара осындай олқылықтардың орнын толтыруға арналды.
Айта кетейік, 21 қазанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Философия, саясаттану және дінтану институтының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университетінде «Қазақстандағы «Дін дүрбелеңі»: кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Қостанай облыстық мешітінде өткен жиын осы конференцияға орай ұйымдастырылды.