2012 жылы аталған мекеме «Ислам: тарихы және мәдениеті (ислам, ислам тарихы және мәдениеті туралы тәуелсіз Қазақстанда басылып шыққан кітаптардың жинақталған библиографиялық көрсеткіші (1991-2011ж.ж.)» атты еңбекті жарыққа шығарды. Бұл кітап дін саласындағы қызметкерлер, исламтанушы, дінтанушы мамандар мен дінге қызығушылық танытатын жалпы көпшілік үшін маңызды басылым болып табылады.
Кітап палатасының библиографиялық көрсеткіштері негізінен мүдделі мекемелер үшін дайындалатындықтан, олар кітапханалар мен зерттеу мекемелеріне жаздырып алу арқылы таратылады. Сондықтан өзіңіз тұратын жердегі орталық кітапхана қоры арқылы Кітап палатасының жоғарыда аталған библиографиялық көрсеткішімен таныса аласыз.
Екінші бір қолжетімді дерек көзі ретінде Дін істері комитетінің ресми сайтын (din.gov.kz) айтуға болады. Аталмыш сайттың «Комитет қызметі» айдарында «Дінтану сараптамасы» бөлімі бар. Осы бөлімде «Дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілген әдебиеттер» атты ұяшық орналасқан. Ұяшық ішінде «Ислам бағытындағы әдебиеттер» атты бөлек тізім берілген. Қазіргі айналымда жүрген ислами әдебиеттердің ең толық тізімі осы деуге болады.
Сонымен қатар өзіңіз сауал жолдап отырған «Е-islam» ақпараттық ағартушылық порталының электрондық кітапхана қоры арқылы таяу мерзімде жарық көрген көптеген діни әдебиеттермен таныса аласыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты сайттар арқылы да ислами әдебиеттермен тұрақты түрде танысып отыруға болады.