16 қазан. KAZISLAM – Діни білімді шет мемлекеттен оқып келген жастардың басым көпшілігі дәстүрлі мазһабтарды қолдайтын Исламды емес, басқа ағымдарды насихаттайды – дейді философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім ҚазАқпаратқа шыққан мақаласында.

Ғалым кейінгі кезде қоғамда исламды жамылып пайда болған теріс ағымдар санының көбеюі өзекті мәселеге айналғанын, сондай теріс ағымдардың бірі – салафизм екендігін айтады. Ол салафизм халқымыздың дәстүрлерін де, Әбу Ханифа мазһабын да түбегейлі теріске шығаратынын жазған.

«Әдетте, мұндай құбылыс қоғамда адамдардың діни сауатының жоқтығынан немесе сауатының аздығынан туындайды. Демек, қоғамда қазақ үшін тарихи қалыптасқан дәстүрлі Исламды, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын насихаттайтын білімді мамандар қажет. Түркі халықтарының Ханафи мазһабын таңдауында өзіндік ерекшелік бар. Бұл мектептің басқа мектептерден ерекшелігі халықтың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарап, тұрмыста оларды пайдалануына жағдай жасауы. Сондықтан да біздің дәстүріміз дінмен біте қайнасып кеткен. Егер кейбір дәстүріміз шынымен де Ислам қағидаттарына қайшы келіп жатса, оны имамдарымыз ескертіп жатады» – дейді профессор Ғарифолла Есім.

Пікір жазу