Еліміздегі діни ахуал күн өткен сайын күрделеніп келеді. Осыған байланысты күнделікті қоғамдық қатынастарда діни ұстанымның ерекшеліктері мен әртүрлі қырлары жарыққа шығып жатыр. Дінді ұстанушылардың қатары молайған сайын қоғамдық ортада жағымды-жағымсыз пікірлер туындап, қарама-қайшылықтар, отбасылық өмірдегі кикілжіңдер, діни түсініктердегі алшақтықтар белең алуда. Егер, әлем елдеріндегі осы діни ұстаным мен қарым-қатынастарға байланысты қайшылықтарды назарға алар болсақ, діни алауыздық пен бөлінушіліктің зардабы орасан болатындығына көз жеткізуге болады. Осы мәселелерге назар сала отырып діннің қоғамдық қатынастардағы, мемлекеттік саясаттағы, білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі екендігін мойындауға тура келеді.

Еліміздің тәуелсіздік алуымен ислам дінін дәріптеушілердің пікір қайшылықтарына ұшырауының басты себептерінің бірі халықтың дәстүрін (дәстүрлі ислам) және дін түсінігін өздерінше бағалаудан туындап отыр деуге негіз бар. Бұл тақырыптың маңыздылығы, халықтың тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын діни көзқарастың бірыңғай орнығуы мәселесі. Негізгі сұраққа жауап беру үшін алдымен төмендегідей сұрақтарға жауап беру қажет.

  1. Қазақ халқының салт-дәстүріндегі исламның орны қаншалықты?
  2. Осы уақытқа дейін халық арасында діни қайшылықтың туындамау себептері не?

Исламның Қазақ халқының өмірінен орын ала бастағанына XII-ғасырға жуық уақыт өтті. Әлемдегі барша мұсылмандар ардақ тұтатын қасиетті Құранда Алла Тағала: «Мен адамдарды бірін-бірі тануы үшін ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттым» (Хужурат сүресі 13-аят)- дейді. Демек, Алланың тікелей пәрменімен жер бетіндегі адамзаттың ұлтқа бөліну үрдісі жүзеге асқан. Ал ұлт сөзінің атрибутына келер болсақ оның өзіндік параметлері бар. Мәселен, бір ұлт екінші бір ұлттан дербес тілі, дәстүрі мен мәдениетінің болуымен ерекшеленеді. Ал Мұхаммед Пайғамбар: «Егер кез-келген ұлттың өзіндік дәстүрі мен ғұрыптары Құран мен хадистерге қайшы келмейтін болса, онда оны ұстануға толықтай рұқсат беріледі»,- деген [1]. Қазақ халқы ұстанып келе жатқан Ханафилік көзқараста да халықтың ғұрпы, егер діни дәйектемелерге өарсы келмеген жағдайда, дәлел ретінде алынатындығы белгілі.

Бұл қағида Ислам дінінің VIII ғасырдан бастап қазақ даласына ену процесі кезінде де сақталды. Түркі халықтары дәстүрінің ислам діні қағидаларымен ұқсас болуы мен идеялар арасы қайшылықтың болмауы ата-бабаларымыздың өз дәстүрін емін-еркін ұстануына негіз болды. Аталған уақыттан бүгінгі күнге дейін қазақ даласы мен Орталық Азия аймағы көптеген дін ғұламаларын туғызды. Бұл ғұламалардың тікелей ықпалымен өңірімізде ислам діні халықтың тұрмыс-тіршілігіне дендей енді. Өзіндік салт-дәстүрін дінмен астастыра ұстанған халқымызда бір діннің тармақтарына бөліну, дінішілік түсініспеушіліктерден де алыс болды.

     Қазіргі таңда жасыратыны жоқ Қазақстан аумағына таралып жатқан исламның дәстүрлі емес ағымдары сан ғасырлық ата-баба мұрасы мен қазақы салт-дәстүрді жиі сынауда. Олар ата-баба басына зиярат ету, кез-келген ұлттық дәстүрлі ерекшеліктерге қарсы шығып жатыр. Олар ислам дінінде айтылмайтын, бірақ қазақы дәстүрде сақталып келген әдет-ғұрыптарды дінсіздікке балап, осы арқылы ата тарихымызға қиянат жасап отыр. Бұл тек қиянат қана емес, елдің ішінде араздыққа, таласқа себеп болуда. Тіпті бүлікшілерге кей кездері қазақтың ежелден мұсылман болғанын дәлелдеуге тура келуде!

       Діни қайшылықардың туындамауының басты себептерін қысқаша жинақтайтын болсақ:

    – Әбу Ханифа негізін қалаған «ханафиттік» бағыт басқаларына қарағанда көнімпаз, басқа халықтардың әдет-ғұрып заңдарына бой ұсынғыш болуы себепті қазақ тайпаларына да өте тиімді болды. Сондықтан да қазақтардың әдет-ғұрпы өз кезегінде ислам діні шариғат заңдарын кері итеріп тастамай, қайта феодалдық қарым-қатынастың жандануына игі әсер ететін шариғат заңдарын қабылдап алды. Сөйтіп, екі наным ұзақ мезгіл бойы бір-біріне зиян келтірмей, қатар өмір сүрді. Сол себепті де қазақтардың әдет-ғұрпы көбіне өзінің бұрынғы болмысын сақтап қалды. Билер қазақтардың қоғамдық маңызы зор мәселелерінің көпшілігін ежелден келе жатқан бұрынғы ата-бабалары әдет-ғұрып заңдары бойынша талқылап шешті.

    – Орталық Азияға соның ішінде Қазақстан территориясында ислам дінінің таралуында сопылық дүниетаным басымдық танытты. Сопылық дүниетаным бойынша, алдымен адамның рухани кемелденуіне көңіл бөлінеді [2]. Басқа адамдардың дінді ұстану деңгейіне, рухани жағдайына сын айтылмайды. Сонымен қатар, сопылық көзқарас бойынша ең бастысы саннан гөрі сапаға көңіл бөлу маңызды. Олар барлық адамдардың діндар болғанын емес, дінді ұстанатын адамдардың ықыласты, таза болғанын қалады. Жаппай дін таратуға талпынбады.

     -Отандық ғалымдардың дінді уағыздау ерекшеліктері. Дін саласындағы білімді ғалымдар елдің ауызбіршілігін, ұлттың тұтастығына нұқсан келтіретін қадамдарға бармады. Яғни дінді халыққа түсінікті тілмен (моральдық нормаларына басымдық беріп) сараптап түсіндіреді.

    – Халық өзінің рухани мәдениеті мен салтына берік болды. Отбасылық тәрбие жүйелі түрде жалғасқандықтан, азаматтардың санасында қайшылық, рухани жұтаңдық болмады. Діни білімнен бұрын медреселерде тәрбие берілді. Тәрбиесіз берілген білімнің  қоғамға оң ықпал етпейтіндігін әл – Фараби: « Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы және қоғамға опат әкеледі» деп тұжырымдаса, Шәкәрім Құдайбердіұлы  «Тәрбиесіз адамға берілген білім оққа айналады, яғни адамзат үшін қатер тудырады» деген байлам жасаған.

    – Дінді саясатқа айналдыру үрдісі орын алмады. Дінді ұстанатын адамдардың бағыты өзінше дамыды. Дінді жеке бастың, топтың мүддесіне айналдыруға тырысқандармен үнемі күресіп, сынап отырды.

    – Ақпараттық кеңістік тар болды. Қазіргі  жастарымыздың қолындағы мүмкіншіліктер ол кезде болған жоқ. Діни білімді арнайы ұстаздан немесе медреседен ғана алды. Сондықтан айтарлықтай жат пікірлер қалыптаспады.

         Енді негізгі сұраққа жауап беретін болсақ, діни білімді дәстүрмен ұштастыра отырып берудің негізгі артықшылықтары:

  • Дәстүрлі дін ұстанушылар арасында радикалды көзқарас иелерінің шығуының алдын алады;
  • Халықтың рухани бірлігін нығайтуға ұлес қосады;
  • Дәстүр мен діннің ерекшеліктерін түсіндіре білетін мамандар шыға бастайды;
  • Теріс ағым өкілдерінің дәстүрге шабуылына жауап бере алатын мамандар қалыптасады т.б.

Елімізде жалпы сауатсыздық деген түсінік жоқ. Себебі орта білім алу міндетті болып саналады. Дегенмен, діни-рухани қайшылықтардың басты себебі ретінде діни сауатсыздықтың да зардабы аз емес. Осы діни сауатсыздықтың және бағдарсыздықтың кесірінен қаншама азаматтарымыз зардап шегіп, рухани-материалдық дағдарысқа ұшырап жатыр. Діни сауатсыздықтан құтылу үшін дінге бет бұрғандар да дәстүрден жырақ дін формасына жабысып, елдің ішін алатайдай бүлдіруде.

Осы тұрғыдан мынадай мәселелерге назар аудару қажет деп санаймыз:

  1. Медреселерде жалаң діни-теологиялық білімді ғана беруге болмайды. Болашақ діндардың, ді адамының дүниатымдық көкжиегін кеңейтетін пәндермен қатар халықтың салт-санасы мен мәдениетін қоса оқыту шарт.
  2. Жоғары білімді дін өкілдерін, имамдарды әзірлеуде де салт-дәстүр мен дінді сабақтастыра оқыту заман талабы. ҚМДБ жариялаған дін мен дәстүр жылы тек сөз жүзінде қалмай, дін саласындағы қызметкерлердің негізгі артықшылығына айналуы тиіс.
  3. Әлемнің көптеген мемлекетті пайдаланып отырған тәжірибедегідей дінді халықтық мәдениетпен ұштастыра отырып оқыту қажет. Халқымыздан шыққан танымал ғалымдардың еңбектерін қосымша құрал ретінде пайдалану тиімді. Егер діни ұстанымдар, құндылықтар мәдени құндылықтарымызбен астарлас оқытылмаса ұлттық, мемлекеттік тұстастық мәселесіне келгенде жастардың жат көзқарасқа еріп кету қаупі туындайды.

Қорыта айтқанда көптеген араздықтар мен дұшпандықтардың басты себебі ретінде діни дүмшелік, дінді толық түсінбеу, дәстүрмен сабақтастыра алмау, дәстүрге діни ревизия жасауды айтуға болады. Сондықтан да Қазақстаның тұңғыш президенті Н.Назарбаев: «Біз діни фанатизм мен діни дүмшеліктен қатар сақтануымыз керек» – дейді. Біздің пікірімізше, діни фанатизмге апаратын да діни дүмшелік, салт-дәстүрді менсінбеушілік болса керек. Сондықтан дінді ұстанушылар діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік ұстындарын да халықтың сан ғасырлар бойы жинақтаған, қалыптастырған дүниетаымы мен салт-санасымен қатар меңгергені дұрыс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Сейтбеков Смайыл. Иман негіздері – Алматы; Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры,2011. – 376 бет.
  2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна»ЖШС, 2010. – 592б.

Тышхан Кеңшілік, дінтанушы
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
Дінтану кафедрасының меңгерушісі
филос. ғ.к.

Пікір жазу