АЛМАТЫ. 24 ақпан. E-ISLAM.KZ – Елдегі діни сауатсыздықты жоюға барынша атсалысып, осы саланың жандануына қомақты үлес қосып жүрген, белгілі исламтанушы ғалым Мұхиддин Исаұлымен сұхбаттасқан едік.

– «Нұр-Мүбарак» университеті – ел тәуелсіздігін алғалы тұңғыш іргетасы қаланған ислами мамандандырылған оқу орны. Алайда, көпшілігіміз осы білім ордасының тыныс-тіршілігенен бейхабармыз…

– Қазақстандағы ислами білім беретін жалғыз оқу орны жылдан-жылға алға басып келеді. Әсіресе, жаңа ғимаратымыз игілікке жарағалы талапкерлердің де, білімгерлердің де саны артқанын айту керек. Осыдан кейін мемлекет университет білім алушыларына тегін гранттар бөле бастады. Аталған игі істер бізге көктемнің лебіндей жылылық, қуаныш әкелгені рас. Бүгінде білім ордасында алты жүздің үстінде студент бар.

Бұрын университет исламтануды тек жалпылама оқытатын болса, бүгінгі бағдарламамызда фикх, тәпсір, хадис, ақида бөлімдерін тереңінен қамтимыз. Яғни, әр студент өзінің қалаған саласын кеңінен меңгеріп шығады. Осылайша ислам дінінің барлық бағытын, мейлінше назарымызға алып, оқушылардың санасына сіңірудеміз. Бұдан бөлек, оқу орны жанынан «Әбу Ханифа» ғылыми орталығы ашылған. Мұнда ғалымдарымыз ғылыми жұмыстармен айналысып, қазақ халқының кешегі тұлғаларының еңбектерін зерттейді, зерделейді, оқулықтар дайындайды. Магистрлар, докторанттар тәжірибелерін толықтырады осында.

– Қазір еліміздегі діни оқу орындарының алдында қандай да бір түйінді мәселе бар ма? Мәселен, оқу бағдарламасының бірізділігі, кадрларды жұмыспен қамту қалай жүзеге асуда?

– …Мен бұлардан гөрі маңыздырағын әңгімелейін. Жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарындағы дінтану пәні бағдарламаға енгеніне біршама уақыт болса да, әлі күнге кемшін тұстар жетерлік. Рас, бір кездері сондай күшпен, еңбекпен оқулық ретінде кіргіздік білім ошақтарына. Бірақ негізгі мақсаттың, мүдденің үдесінен шыға алмай келеді. Тек аты бар, заты – беймағлұм, жай әліппе сықылды. Ал, біз осы пән аясында ислам тарихын, ата дінін оқытса деп көксеген едік. Абай, Шәкәрім, Бұқар жырау сынды данышпандарымыз қалай түсінгенін, кешегі билеріміз, хандарымыз шариғат қағидаттарын қалай ұстанғанын, өмір салтына қалай айналдырғанын ұқтырса дегенбіз. Өкінішке қарай, қазіргі дінтану пәні өте сыдырма, санаулы сағатпен оқытылады. Соның ішінде христиан, буддизм діндері де бар. Мұның жас ұрпаққа да, қандастарымызға да қажеті шамалы ғой.

– «Нұр-Мүбарак» ислам университеті – Қазақстандағы жалғыз білім ордасы дедік сөз басында. Менің білуімше, мұндағы профессорлар, оқушылар құрамының басым көпшілігі шет елден келетін сықылды… Бұл бізде ғалымдардың тапшылығын байқататындай…

– Тапшылығы емес, «Нұр-Мүбарак» – Египет-Қазақ біріккен университеті, әйгілі «Әл-Азхар» оқу орнының филиалы. Сондықтан, ғалымдардың жартысы – арабтар. Бір айта кетерлігі, мұндай филиал әлем елдері ішінде бізде ғана бар. Оқытушылар өзге ұлт болғанымен, түлектеріміз шет елдердің білікті мамандарымен тәжірибе алмасып, өзімізге қызмет етеді.

Ең үлкен жаңалықтарымыздың бірегейі, бүгінде университет қабырғасында магистранттар, докторанттар білім алып, ғылым саласына бет бұруда. Алдағы бес-он жылда бітіруші жас ғалымдарымыз оқытушылар құрамын толықтырып, докторларымыздың санын арттырады деп сенемін.

– Тағы да әлгі сауалға оралсам, қолдарына дипломдарын алған түлектеріңізді жұмыспен қамту қаншалықты қолға алынуда? Еліміздегі жұмыссыздардың қатарын көбейтіп жатқан жоқ па?

– Біз бұл мәселені екі жолмен шешудеміз. Алғашқысы, оқу орны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аясында құрылғандықтан, бас мүфти түлектерді еліміздің түкпір-түкпіріндегі облыс орталықтарына, қалаларға, ауылдарға имамдық қызметке тағайындайды, медреселерге мұғалімдікке жолдама береді.

Жалпы, Қазақстанда екі жарым мың мешіт болса, әлі он мыңдай мешіт қажет көрінеді. Ал мұнша құлшылық орнына қырық мыңдай дін қызметкері керек. Біз соңғы он үш жылда бес жүздей ғана шәкірт тәрбиелей алдық. Сондықтан ешбір түлегіміз «екі қолға бір жұмыс» таба алмай қалады деген қорқыныш жоқ. Қайта оқу орнымыздың мүмкіндіктерін кеңейте түссек дейміз. Алайда, дипломын қолына алған жас маман басқа салада қызмет етем десе, еш қыстамаймыз оны.

Екінші, түлектеріміз ғылым жолын қуамын, білімімді жетілдіремін деп ниеттенсе, университет қолғабыс етіп, Малайзия, Египет сынды ислам діні қанат жайған дамыған елдерге жібереміз.

– Бүгінде дін әлемде де, Қазақстанда да күрделі мәселелердің қатарында. Жалпы, еліміздегі діни ахуалға көзқарасыңызды білдірсеңіз… Өз шәкірттеріңіз дәстүрлі исламды ілгерілетуге қаншалықты үлес қосып жүр?

– Жаңа ғана осы күнге дейін бес жүздей шәкірт тәрбиелегінімізді айттым. Соның төрт жүзге жуығы – әр өңірдегі мешіттерде имам. Осының бәрі төл дінімізді насихаттауға, гүлденуіне өз үлестерін қосуда деп айта аламын. Өйткені, діни басқарма жас маманның батыста туғанын шығысқа, шығыста туғанын батысқа жіберді. Олар өз елдерінен жыраққа аттанып, хижрат еткендей болып, ислам нәрін шашуда, дәнін егуде. Ал, бұл – меніңше, ерлікпен пара-пар.

Жалпы, діни ахуалды әңгімелесем, мұның шиеленіскен кездері болды, қазір де арагідік көрініп қалады. Бірақ бұлардың бәрін шешуге болады. Қалай? Тек ғылым жолымен, ілім күшімен! Мәселен, «Нұр-Мүбарак» сияқты оқу орындарының санын көбейтіп, ғалымдар мен прфессорларды дайындауымыз қажет. Олар мұқым халықты аузына қаратып, даналықпен ауызбіршілікке, тура жолға үндер еді.

Ахуалдың күрделенуінің бір себебі, бүгінгі буын ата-бабаларының қай дінде болғанын білмейді. Осыны ұғындыру үшін біз бір замандардағы қазақ ғұламаларының фикх, ақида, мәзһаб тақырыптарында жазған еңбектерін жүйелеп, реттеп, дінтану пәндерінің бағдарламасына енгізсек, жастардың көзі ашылар еді, дәстүрлі дінімізді мойындап, адасуға бармас еді.

– Яғни, сіз діни ахуалдың күрделенуі сауатсыздықтан дейсіз ғой?

– Иә, бар мәселенің түйіні сонда. Мысалы, мен Түркияда білім алдым. Аталған зайырлы мемлекет бұл проблеманы қалай шешті? Олар жаппай сауаттандыру жұмыстарын жақсылап қолға алған. Медресе, құран үйрету курстары, жоғары оқу орындарын ашып, халықты ислами білімге шақырған. Әйтпесе, онда да сәләфтар, жат ағымдар қаптап кеткен болатын. Жалпы халыққа жаппай сауаттандыру екпесін салсақ, бізді жау алмайды. Ал біздің буын өзгенің жетегінде білімсіздігінен кетіп жатыр.

Бірақ билік осыны түсінді, білді, діни проблема экономикалық түйткілдерден де жоғары екенін сезді, енді айымыз оңынан туары анық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ, арнайы «E-ISLAM.KZ» сайты үшін

Пікір жазу