Сұрақ: Дінде «дерт» деп нені айтады?

Жауап: Негізінде дерт атаулы екіге бөлінеді: дене дерті және рухани дерт. Ислам догмасына сәйкес олардың қайсысы болса да Тәңірдің рұқсатымен әрбір адамның өзі істеген істерінің нәтижесінде туындайды. Денсаулық пен дерт деген ұғымдарды әу баста жаратқан жаратушы Хақ Тағала былай дейді:

«Әрбір мұсибат (бәле-қаза, сынақ) Алланың рұқсатымен ғана келеді» (Тағабун: 11) және «Сендерге әрбір мұсибат (бәле-қаза, сынақ) сендердің қолекі істеген-деріңнен келеді» (Шура: 30).

Сондай-ақ, дерт адам үшін бір сынақ. Алла пенделерін түрлі бәле-қаза, тау-қымет, ауру, үрей-қорқыныш, жұт арқылы сынның тезінен өткізіп, олардың ішіндегі иманы күштілер мен әлсіздерін, имансыздарын анықтайды. Сыннан сүрінбей өткен нағыз сабырлыларды Өзінің сүйікті құлдарының қатарына қосады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Тәуелсіздікке 30 жыл: Ислам құндылықтары жайында конференция өткізілді

Дерттің екінші түрі – рухани дімкәстік, негізінен иманы әлсіздерде, екізжүзділер мен имансыздарда болады. Бұл дерт – жүрек дерті. Исламда жүрек әу баста иманның ұясы болу үшін жаратылған. Ал егер иманның орнын дүниеқұмарлық, жеке басының мүдделері, Құдайға серік қосу, күпірлік басса, cөзсіз жүрек кеселге шалдығады. Дер кезінде лайықты ылажын тауып емдемесе, дәйім дерттілікке, созылмалы сырқатқа айналады. Кейін бұл дерт үйреншікті жәйтке айналып, жүрек қатайып, тасқа айналады:

«Олардың жүректерінде дерт бар. Алла олардың дерттерін көбейтеді» (Бақара: 10).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу