Дінаралық келісім – саясат қана емес, ол – адамгершілік.

Алайда, дінаралық келісім саясаты халқыңның ұлттық мүддесінен, өз діни сеніміңді жаншудан тұрмауы қажет. Себебі мемлекет те адам сияқты – мемлекеттілік санаға мұқтаж. Ал, мемлекеттілік санаңда, тарихыңда дінің мен мәдениетің ұштасып жатыр.

Мемлекет мемлекеттілікке тарихқа арқа сүйегенде, діні мен мәдеиетіне арқа сүйейді. Себебі мемлекеттілік ол атау, ал тарих қойнауындағы діни сенімің мен мәдениетің – жаныңа тірек, демеу.

Кәрі тарихта мемлекеттер жаулаушылық соғыстарында, алдымен діни сенім мен мәдениеті үшін күресті. Себебі діни сенімі мен мәдениетінен ажыраған ұлт халық емес, ол мемлекет болып бар болмайды, жоғалады. Оған тарихта жер бетінен жоғалған ұлттардың тағдыры жетерлік.

Әлемдік өркениетттер бір-бірін жұтуға бағытталған. Жұтылсаң – жоғаласың. Оларды сыйлай, құрметтей отырып, өз мәдениетіңді жоғалтпау – ұлт ретінде жоғалмауыңның сыры. Ал мәднеитті діни сенімің арқылы қорғайсың. Немесе керісінше діни сеніміңді мәдениетің арқылы қорғайсың.

Кезінде Екінші дүниежүзілік соғыста Ұлыбританияның қаржы министрі Үкімет басшысы Черчильге мәдениетке бөлінген ақшаны алып тастап әкелгенде Черчил «Сонда біз не үшін соғысып жатырмыз?» дегені белгілі.

Дін – өте ықпалды күш. Ол өзіне сенетіндерді де, сенбейтіндерді де бақылауға алады. Себебі сен өлтенініңді білесің. Дін шектеуге бағынбайды. Өйткені діннің сұқбат жүргізетін жері – адамның ақылы мен жаны. Ақыл ақылы жете алмаған нәрсесіне таңғалады, жан-дүние құдайсыз тыныштала қоймайды. Яғни қоғамда бірнеше діни сенім мемлекеттің адамдарын бақылауға алғанда, мемлекет дінаралық сыйластық саясат жүргізуге мәжбүр.

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Кәпір де болса, азар берме» дейді. Қазақ: «Кәпір тоқ болса, мұсылман тыныш» деген.

Кезінде Қытайдың Шыңжан аймағының діни ахауалы күйіп тұрған кезде Цин империясы ол жерге кімді басшылыққа қою керек деп ақылдасады. Сонда «Қалдарбай деген қазақ мұсылман бар. Оның діни сенімі бойынша өзге діни сенімдерге құрмет көрсетеді. Олардың тарихта Қожа Ахмет Ясауи деген ұстазы болған. Олар діни сеніммен қарым-қатынас жасағанда сол бабасының жолын ұстанады» деп, Қалдарбайды басшылыққа қойған екен.

Міне қазақтың мұсылмандық сенімінде конфессияаралық келісім, басқа діни сенімдегілерге деген құрмет пен сыйластық бар. Ол тәрбиені мемлекеттілік санаңнан, тарихыңнан аласың.

Құранда адамның ең жауыз, ең жаман жаратылыс екендігі бекер айтылмайды. Ежелгі гректің данасы Сократ адамды құбылыс деген. Адамның ақылы сусып тұратын құбылыс. Кез келген уақытта өзгеріп, басқа бағытқа бұрылуы да мүмкін.

Байқап қарасаңыз, адамға табынуға да, оны құрал қылып қолдануға да болады. Адамды қате діни танымдар арқылы басқа арнаға көзқарасын бұрып жіберуге де болады. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, құбылыс – құбылмалы.

Ал мемлекет адамдардан құралады. Яғни тек азаматтық құқықпен, заңмен адамдарды тоқтата алмайсың. Халық тәрбиеге әрдайым мұқтаж. Ал халықты тәрбиелейтін – сол елдің естілері, ақылдылары.

Әр өркениет басқаларды өздеріне жұтуға негізделген. Діндер де солай. Діни сеніміңді мәдниетіңмен ұштастырып беретін қазаққа Алла Ясауи сияқты бабаны қайта жібере ме, жоқ па, оны Алла білер. Сондықтан басқаны құрметтеу арқылы өзіңді қорғау – дінаралық келісіміңнің басты шарты. Өзгенің тойын тойлап кетуге болмайды.

Басқа өркениетке жұтылып, ұлт ретінде жоғалып кетпеуің үшін, мәдениетіңді діни сеніміңнен ұштастырып, сақтауыңа мұқтажсың. Дәстүрді тек өткеннен ғана емес, өзіңнен, жаныңнан, ұлттық діліңнен іздеп табуың қажет. Міне, осы жерде, поэзияның, әннің, музыканың, аңыз бен әпсананың ақсақалдар мен әжелердің керек жері туады. Сен үшін біреу мәдениетіңді, тіліңді, діни сеніміңді қорғамайды.

Мысалы, батыс бір діни ағым азаматтық құқыққа қарсы әрекетпен жүре бастаса да оны қорғайды. Мемлекет азаматтық құқықпен оларды жауапкершілікке тарта бастаса, батыс сендер діни азшылыққа қысым көрсетіп жатсыңдар дейді. Яғни мемлекет жан-жақты халықаралық қысымға алынған. Ол үшін мемлекеттің негізгі құраушы ұлты жан-жақты сауатты болуға мәжбүр. Елімізде дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары сол үшін құрылып, белсенді жұмысын жүргізіп жатыр.

Kazislam.kz

Пікір жазу