Бүгінгі таңда біздің қоғамымызда конфессияаралық келісім ұлттық бірліктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында да бұл мәселе күн тәртібіне қойылды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев діндердің өзара үнқатысуы қағидаттарында еліміздегі ең көп санды конфессия ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ерекше рөл беріліп, үлкен жауапкершілік жүктелетінін де атап көрсеткен еді.

Жақында біздің облысымызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оқу ісі бөлімінің меңгерушісі Әбдімүттәліп Дәуренбеков бастаған үгіт-насихат тобы болып қайтты. Бұл діни үгіт-насихатқа арналған іс-шара Әділет министрлігімен бірлесіп өткізілді. Оған аталған министрліктің діни істер комитетінің сарапшысы Берік Жүсіпов және Астанадағы қарилар орталығының ұстазы Асылхан Қарауыловтар да қатысты. Олар Көкшетау, Степногорск және Атбасар қалаларындағы бірқатар мешіттерде жергілікті жамағатпен діни уағызға арналған кездесулер өткізді.

Көкшетау қаласындағы Науан хазірет атындағы орталық мешітте болған кездесуінде Әбдімүтәліп Дәуренбеков: «Бүгінгі таңда біз тәуелсіз мемлекет ретінде әлем таныған елге айналдық. Еліміз де еңсесін көтеріп, өркен жайып келеді. Осының бәрі Алла тағаланың нығметі арқасында болып жатқан жақсы істер деп бағалауға болады. Өйткені, қасиетті Құранда да Алла тағала тарапынан әр қауымға көптеген нығметтер берілетіндігі айтылады. Ал егер сол қауымдар осы нығмет-ниеттердің қасиетін ұғынып, қадірін түсінсе, оның құндылығы да арта түсер еді. Себебі, Алла тағала бізге нығмет беруші. Ал, оның қадірін түсінбеген қауым өз ырыздығынан айырылып қалуы да ғажап емес. Сондықтан, біз бүгінгі ел егемендігі өркен жайған тұста еш уайымсыз өз құлшылықтарымызды жасап жатырмыз»,- деді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасы

Міне, еліміздің мұсылмандары діни басқармасының жанында арнайы құрылған уағыз-насихат тобы жер-жерге шығып, қасиетті дініміздің асыл арналары жайлы тағылымды кездесулер өткізуді қолға алды. Бұл діннің ізгілігіне, шынайылылығына етене ден қойып, мұсылманшылықтың адамдар арасындағы ынтымақ пен бірлікті ұйытқысы ретінде қарауға жол ашады.

Қазіргі уақытта Ислам діні біздің еліміздегі адамдардың басым бөлігі ұстанатын дін ретінде қарастырылып отырғандықтан, бұл дін барша конфессияларды өз маңайына топтастырып, қандай ағым болмасын оларды бір мүддеге орайластырып, азаматтық қоғамның ортақ қырларына қарай талпындыруы қажет-ақ.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да осы мәселелерге ерекше назар аударып, жергілікті жерде де бұл жұмыстарды жандандыруға ниет білдіріп отыр. Біз Ақмола облысында болған үгіт-насихат тобының уағызын тыңдағанда осындай ойға қалдық.

Бақыт СМАҒҰЛ,

Көкшетау қаласы

 

 

 

Пікір жазу