Әлемдік ауқымдағы нақты шаралар туралы айтар болсақ, соңғы ғасырларда дінаралық сұхбат пен келісімге шақыруды ниет еткен бірқатар басқосулар өткен. Мысалы, 1893 жылы Чикаго қаласында дін өкілдерінің қатысуымен Діндердің бүкіләлемдік конгресі өтті. Бұл конгресте Діндердің әлемдік парламенті құрылып, Біріккен діндер ұйымын құру мәселесі күн тәртібінде қарастырылды. Дегенмен конгреске қатысушылар арасында нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беретін ортақ келісім болған жоқ. Сондықтан, дінаралық келісімге қатысты екінші отырысты 100 жылдан кейін ұйымдастыру туралы шешім қабылданған болатын.
Ал ХХ ғасырдың екінші жартысында Ватиканда «Ислам-Христиан үнқатысуының хатшылығы» ұйымын құрылған. Бұл ұйым екі алып дінді бір-біріне жақындастырып, халықаралық іс-шаралар жүргізуді мақсат ететінін мәлімдегенімен, іс жүзінде отаршылдық мақсаттарды көздеген шаралар көбірек назарға алынды. Соның салдарынан Азия, Еуропа, Америка, Австралияда өз орталықтарын ашқан бұл қозғалыс түрлі қайшылықты көзқарастардың туындауына себеп болып, қызмет етуін тоқтатты.
1986 және 2002 жылдары Италияның Ассизи қаласында өткізілген әлемдік деңгейдегі кездесулер де дінаралық келіссөздерге жол ашуды көздеді. Бұл басқосулар әлем діндері өкілдерінің қарапайым отырысы түрінде жүзеге асқандықтан, айтарлықтай ауқымды деңгейге көтерілген жоқ.
1992 жылдан бастап, дінаралық келісімге қол жеткізу бағытындағы бастамаларды Қазақстан қолға алды. Осы жылдың 18 қазанында Алматы қаласында бірнеше конфессиялар өкілдерінің қатысуымен «Рухани келісімнің І бүкіләлемдік конгресі» өтті. Осы кездесуден кейін 18 қазан – Қазақстан Республикасының Рухани келісім күні ретінде белгіленгені баршаға белгілі.
Ал 2003 жылдан бастап елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі әр үш жыл сайын өткізіліп келеді. 2003, 2006, 2009, 2012 жылдары тұрақты түрде ұйымдастырылған аталмыш съездің бесінші басқосуы үстіміздегі жылдың 10-11 маусымында өтеді.