Ислам дінімен тығыз байланысы болған Еуразия кеңістігіндегі рухани құндылықтар түркі халықтарының дамуындағы мәдени және тарихи сабақтастықты қамтамасыз етті. Бұл тарихи ерекшелік қазақ халқының зайырлылық ұстанымына оң көзқараспен қарауына өз септігін тигізіп келеді. Мұны ешбір уақытта назардан тыс қалдырмау қажет.
Тарихта барлық мемлекеттер діннің этикалық негіздеріне сүйене отырып дамығандығы белгілі. Әр мемлекеттің дін саласындағы саясатының қағидаттары әр түрлі болды. Бір мемлекеттер бірнеше діннің теңдігін мойындаған болса, өзгелері бір діннің үстемдігін қабылдап, басқа діндерге қысым жасаған жоқ. Енді бір мемлекеттер басқа дінді ұстанушылардың құқықтарын шектеген болса, өзгелері басқа дін өкілдерін өлім жазасымен қорқытып, олардың дініне тыйым салып отырды. Қалай болған күнде де, кез келген қоғамдық дүниетанымның негізінде «қасиетті» мен «киелінің» бастаулауры орын алғандығын білеміз. Кез келген құқықтық жүйе өнегеліліктің қасиетті заңдарымен санасқан болатын.
Алайда, мемлекеттік деңгейде қабылданған қасиетті құндылықтар мен басқа діндердің құндылықтарының қарама-қайшылығы басқаша ойлайтындардың қуғын-сүргінге ұшырап отыруына жол ашты. Дініне бола адамды қуғын-сүргінге ұшыратқызбау мақсатында XVIII-XIX ғасырларда «зайырлы мемлекет» тұжырымдамасы кең етек жая бастады. Оның мақсаты тұрғындардың діндарлық деңгейін азайту емес, түрлі діндерді ұстанатын топтарды тең құқықпен қамтамасыз етіп, дінаралық жанжалдардың жолын кесу еді.
Мемлекеттің «зайырлы сипаты» дегеніміз діни қауымдардың мемлекет ісіне араласпауы дегенді білдірді. Басқа дінді ұстанушыларды қудалауға, олардың өз азаматтық белсенділігін танытуына шектеуге тыйым салынып, олардың құқықтарын елдің басқа тұрғындарының құқықтарымен теңестіру болды. Мемлекеттік саясат жеке адамның ерік бостандығына кепілдік берді. Әрбір адамға жеке өмірін өзі реттеуіне, қай дінді ұстанса да ғибадатын өз бетінше жүзеге асыруына мүмкіндік берілді.
Зайырлы мемлекеттер қоғамның мәдени өмірі мен құндылықтар жүйесіне елеулі үлес қосқан діндермен ерекше қатынасын (қаржылай көмек көрсету, мемлекеттік рәсімдер барысында белгілі бір діндердің рөлін атап көрсету сияқты) сақтауға тырысты. ХХ ғасырдың аяғына қарай жер бетіндегі мемлекеттердің жартысынан астамы өздерін ресми түрде зайырлымыз деп жариялады. Дегенмен, бүгінгі таңда мемлекеттік деңгейде астыртын қолдау тауып әрі жүзеге асырылып отырған діни зорлық-зомбылықтың географиясы мен ауқымының кеңеюі алаңдатушылық туындатқызуда. Егер ХХ ғасырда діни төзімділікті жүзеге асырып келген зайырлы мемлекеттердің саны көбейген болса, ХХІ ғасырдың басында кері дамушы үдерістердің куәсі болып отырмыз. Көптеген мемлекеттерде, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африкада, азаматтарын «дұрыс дінді ұстануға» мәжбүрлеу мен «діннен безгендерді» жазалау фактілері көбейіп барады.
Зайырлы мемлекет саясатының жағымды жағы – жеке тұлғаға бір қалыпты дүниетаным мен өмір сүру салтын агрессияшыл түрде таңуға жол бермеу болып отыр. Тұлғаның адами абыройын қорғайтын бұндай ұстаным ислам қағидаттарымен де ұштасады. Мысалы, Құран Кәрімнің 109-сүресінің 6-аятында «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән» деп айтылған болса, 2-сүресінің 256-аятында «Дінде зорлау жоқ» делінген. Зайырлы мемлекет ешбір дінді өзге діндерден артық деп санамайды. Ешбір діннен бет бұрмайды әрі олардан алшақтамайды. Олардың құқықтарының теңдігін сақтауды өз міндеті деп біледі.
Зайырлы мемлекеттің тағы бір ерекшелігі ‒ қоғам қауіпсіздігін сақтау мақсатында ешбір діннің атынан шешім қабылдамайтындығы болып табылады. Зайырлы мемлекетте әрбір азамат өзі таңдаған немесе ата-бабасынан мирас болып қалған дәстүрлі рухани құндылықтарды толығымен ұстану құқығына ие. Ешкім ешкімді дінге сенуге немесе сенбеуге, мешіт немесе шіркеуге баруға мәжбүрлей алмайды. Азамат дін саласында ерікті жеке тұлға болып табылады. Оның рухани дамуы үшін зайырлы мемлекет барлық жағдайды жасайды. Дін, мәдениет, ғылым, өнер сияқты адамның рухани кемелденуінің негізі болып табылатын салалар зайырлы қоғам дамуына үйлесімді бүтін құндылық ретінде қызмет етеді.
Адамның ішкі жан дүниесін кемелдендірумен дін айналысса, мемлекет адамның қоршаған ортасының дамуына жағдай жасау арқылы қоғам тұтастығын, бейбітшілік пен келісім ішінде өмір сүруін мақсат тұтады. Мемлекет қоғамның рухани дамуына діннің ерекше үлес қосатындығын мойындайды. Әлемде қалыптасқан бүгінгі діни-секулярлық жағдайда мұсылман әлемі ерекше орынға ие. Исламды фундаменталистік көзқарас тұрғысынан жаппай түсіндіру салдарынан діни экстремизм дүмпулерінің орын алып жатқандығының куәсіміз. Бірқатар радикалды ағымдардың өкілдері мұсылмандарды жаһандық деңгейде бірегейлендіру үшін жобалар алға тартуда. Олардың жобалары дін шарттарын аса қатаң түрде ұстану қағидасына негізделіп, діни әртүрліліктің орнына жалғыз бір ғана абсолютті діни дәстүрді орнатуды жоспарлап отыр.
Экстремистік жоба бойынша әлемдік тәртіптің идеалы – бүкіләлемдік теократия, яғни халифат болып табылады. Халифат орнату зорлық-зомбылық, бөгде көзқарастарды жою, тіпті «кәпірлерді» өлтіру арқылы жүзеге асырылмақ. Ислам атын жамылған экстремистік жоба бұрынғыға қайтуды көздей отырып, пенделерді адамдық қасиеттерінен ажыратып отыр. Бұның нәтижесі – бір-бірін өзара қырып-жоюдың аюандық санасына жетуден арыға бармайтын жол. Аталмыш жобаның жақтаушылары басқа дінге сенушілер мен басқаша ойлайтындарға қарсы «қасиетті соғыс» жүргізіп жатыр. Соғыстарында жариялы түрде террор мен жаппай өлтіру әдісін қолданып, басқалардың киелі орындары мен мәдениет ескерткіштерін аяусыз қиратуда.
Ислам әлеміндегі діни экстремизм ошақтарының саны көбею үдерісіне бет алып келеді. Бұл бүкіл адамзатқа төніп тұрған қатер. Дегенмен, Ислам дәстүрінде қатыгездік пен төзімсіздікке орын берілмеген. Тарихта мұсылмандардың құрған мемлекеттері, Батыс Еуропа мемлекеттерімен салыстырғанда, діни төзімділігімен ерекшеленеді. Исламның сүнниттік бағыттағы түрлі мәзһабтарының бірге өмір сүруі ислам ілімінің тоталитарлықтан пәк екендгінің айғағы.
Дәстүрлі ислам қауымдастығын көз алдымызда жаңадан қалыптасып жатқан агрессияшыл қауымдастықтан, жауыққан жаһандық жоба жанкештілері мен жақтаушыларынан ажырата білу қажет. Бүгінгі таңда дін ұстанушылардың бір бөлігі діннің сыртқы атрибутикасына қадалып, адамның жан дүниесіне қатысты мәселелерді екінші қатарға ысырып қойып жатқандығы байқалады. Орамал тағу, тақия кию сияқты діни атрибутикаларды пайдалану арқылы адам өз жан дүниесінің басқаларға қарағанда ерекше екендігін көрсетуге тырысушылығы көп жағдайда білімсіздіктің салдарынан туындаған қате пікірлердің қатарына жатқызуға болады. Адамның ішіндегі ар-ұяты мен сыртындағы бет-әлпеті, жүріс-тұрысы күнделікті тәрбиенің нәтижесінде қалыптасып дамитын мінез-құлық екендігі ұмытылмауы тиіс.
Бүгінгі таңда әлем «діни қайта өрлеу» кезеңін жаңадан басынан өткеріп отыр. «Бірізді зайырлылық» жалпыға ортақ жаһандық бірегейлік негізінде адамдарды біріктіруге қауқарсыз екендігін дәлелдеп берді. Керісінше, оның келбеті жер бетіндегі барлық дәстүрлі діндермен қақтығыстарға баратын «квази-діннің» (дін сияқты жүйенің) сипатын алып келеді. Аталмыш қақтығысқұмар, жауыққыш «квази-дін» негізінде қазіргі жер шарының мәдени-тарихи өркениет түрлерінің болмысына қауіп төндіруші, олардың адамгершілік негізі мен діни бірегейлігіне нұқсан келтіруші ерекше «анти-өркениет» (өркениеттерге қарсы күш) қалыптасып отыр. Бұл «анти-өркениет» Батыс Еуропаның христиандық өркениетінің ішінде туындап әрі жетіліп, ең үлкен зиянын өз ортасына тигізіп келеді. Мұны атеистік Еуропаның демографиялық терең дағдарысынан байқауға болады.
Зайырлы анти-өркениеттің оспадар экспансиясы (таралуы) діни экстремистерді радикалды жауап қайтаруға итермелеп отыр. Кез келген діннің заңына қайшы келетін шегінен шыққан олардың қатыгез амал-әрекеттері тарих бетіне жазылып үлгерді.
Дегенмен, өркениеттердің көбісі өзінің немесе өзгенің діни дәстүрін жоюмен емес, қайта жаңғыртумен, игерумен айналысуда. Ресей мен Шығыс Еуропада православиелік христиандықтың қайта жаңғыруын, жер шарының оңтүстігінде католицизмнің күшеюін, Африкада, Тынық мұхиты мемлекеттері мен Оңтүстік Америкада протестанттық миссионерліктің серпін алуын, Израильде иудаизмнің дамуын, Атлант мұхитынан Оңтүстік Қытай теңізіне дейінгі кеңістікте исламның үлкен серпінмен дамуын, буддизм, индуизм, конфуциандық, даосизм мен синтоизм ықпалының өздерінің тарихи жерлерінде және жаңа географияларда артуын атап айтуға болады. Діни құндылықтар қазіргі көптеген қауымдастықтардың бірегейлігін анықтауыш қызметін атқарып келеді.
Дау-жанжалдардан аман шығудың жалғыз жолы тек діни құндылықтарды сақтай отырып, зайырлылықтың жауыққан моделінен және өзгелерді діни құндылықтарды қабылдауға мәжбүрлеуден бас тартуда ғана жатыр. Азаматтарының бірегейлігін қалыптастыруға бағытталған күрес әлемнің көптеген аймақтарында мемлекеттік саясаттың ең маңызды мақсаттарының бірі. Ұлттық және діни бірегейлікті сақтау мемлекет тәуелсіздігінің кепілі.
Батыстық емес өркениеттер Еуропа өркениетімен салыстырғанда тар шеңберлі этникалық қағидат негізінде құрылған өрекниеттердің қатарына жатпайды. Олардың құрамы күрделі көпұлттылық пен поликонфессиялық сипатқа ие. Соныдқтан, олардың мемлекеттік құрылыстарын бір діни ілім нормалары негізіне өткізудің мүмкіндігі жоқ. Бұндай жағдайда түрлі дүниетанымдық топтарға жататын азаматтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ете алатын, негізгі діни құндылықтарды басшылыққа ала отырып, мемлекет құрушы халықтардың діни бірегейлігін қолдайтын зайырлылықтың жаңа моделіне деген қажеттілік шешуші рөлге ие.
Зайырлы ұстаным негізіндегі діни құндылықтар өркениеттердің рухани дамуының кепілі. Зайырлылықтың дамуы мен діни құндылықтардың қайта жаңғыруының үдерістері жер бетіндегі түрлі мәдени-тарихи аймақтарда әр түрлі қарқынмен өрбуде. Зайырлылық пен діни құндылықтардың өзара қарама-қайшылығын әрбір әлемдік өркениет өз бетінше жаһандық деңгейде басынан өткеріп келеді. Бүінгі таңда еуроцентристік зайырлылық теорияларының тар шеңберінен шығып, зайырлы мемлекеттің адамгершілік заңдылықтары мен мәңгілік діни құндылықтарға негізделуіне мүмкіндік бере алатын талдаудың жаңа әдіс-тәсілдерін қалыптастыру заманауи гуманитарлық ғылымдардың еншісіндегі басты міндет болып табылады.
Қазіргі уақытта Батыс мемлекеттерінде зайырлылық теориясы діни құндылықтарға қарсы бағытталған шабуыл құралына айналып отыр. Батыста «зайырлылық» ұғымы «дінге қарсы жауыққан ұстаным», «христиансыздандыру», «исламсыздандыру», «дінсіздендіру» деген мағыналарға ие. Дегенмен, ХХІ ғасырдың Батыс мемлекеттерінде «жауыққан зайырлылық» қарқынды түрде дамып жатқан тұста Қазақстанда ҚР-ның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында көрініс тапқан зайырлылықтың қазақстандық моделі қалыптасты. Оның негізгі мазмұны басты діни құндылықтарға тең қадамдармен жақындасуды және мемлекеттік құқықтық жүйені жетілдіруде азаматтар үшін тиімді өмір сүру салтының оң мәнін табудың ізденісін білдіреді. Қазақстанда дінді және дін ұстанушыны қорлауға жол берілмейді. Мемлекет те, дін де зайырлылық қағидаттарын асқақтатуға ат салысып, қазақ өркениетінің аяқ асты етілуіне жол бермейді.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың айтқанындай «Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын берік ұстану біздің қоғамымыздың тұрақты дамуының берік кепілі болып табылады». Қазақстанда дін мен мемлекет қатынасындағы зайырлылық ұстанымы азаматтық қоғам қағидаттары аясында жүзеге асатын қоғамдық үдеріс болып табылады.
А.Жакуп